25 мамыр күні әр мектепте соңғы қоңырау соғылып, оқушылармен қош айтысады, біреуімен күзге дейін, ал біреуімен мәңгілікке. #13 мектебінің түлектері біздің фотоматериалға қатысып, алдағы сынақтары мен өмірлік мақсаттарымен бөлісті.
Әзият Бейжүменова, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақстан Республикасының үздік мұғалімі, жұмыс өтілімі 42 жыл.
- Қырық екі жылдың ішінде 12-13 жыл ғана сынып жетекші болмаған шығармын. Осы уақытқа дейін бірнеше сыныпты шығардым. Жылда әр сыныптың, әр оқушының өзіндік орны, өзіндік ерекшеліктері болады. Олардың барлығын сағынасың, кездесулер ұйымдастырғанда шақырады, барып тұрамын. Ал алысқа кеткендері өздері іздеп келеді. Мұғалімін іздеп келіп тұрған шәкіртті көрсек, көңіліміз бір жадырап қалады.
- Биылғы оқушыларыңыздың ҰБТ-ға дайындығы қалай?
- Бұл сыныпты ҰБТ-ға дайындық басталғалы дайындап келемін. Өзге жақтардан көшіп келген балалар аздап қиналып жатқандығы болмаса, қорытындысы жақсы. Бірақ олар үйреніп кеткенше, қиындықтың болуы дұрыс нәрсе.
- Қазіргі оқушылар мен осыдан 10-15 жыл бұрынғы оқушылардың айырмашылығы бар ма?
- Бүгінгі оқушылардың барлығы дерлік ақпараттық технологияларға өте жақын. Дайынды пайдалануға әзір. Ал 10-15 жыл бұрынғы оқушылар тек қана шығармашылықпен шұғылданатын. Алайда, бұның барлығы заманның өзгерісі деп ойлаймын. Бірақ қазақ тілі, әдебиет, тарих пәндерінен оқушылар ондай болуға тиісті емес. Өйткені көркем тіл қай уақытта да керек. Қазіргі оқушыларда бәрі бар, барлығы материалдық жағынан толық қамтылған. Сондықтан да бүгінгі оқушыларға тек оқу керек, оқу керек, тағы да оқу керек. Одан басқа ештеңе де керек емес.
Айбек Серікжанов
Таңдаған бесінші пәні: әдебиет.
Мақсаты: Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының «музыкалық драма» факультетіне түсу.
- ҰБТ-ға дайындығың қалай?
- Еш қорқыныш жоқ. Барынша дайындалудамын. Бірақ алгебрадан дайындығым әлі де төмен. ҰБТ-ға дейін уақыт бар ғой... Жоғарғы балл аламын деп ойлаймын.
- ҰБТ жауаптарын сатып алып жатады деп естиміз, осыған орай сенің жеке пікірің?
- Сатып алатындар бар. Алайда өзім сатып алуды ұсынса да, сатып алмас едім. Өйткені 11 жыл бойы жинаған біліміммен өзіме қажетті баллды алып шыға алатындығыма сенімдімін.
- Қолың бос кезде немен айналысасың?
- Өлең айтамын, домбыра тартамын. Қазір гитарада ойнауды үйреніп жүрмін.
- Қандай танымал тұлғаларға ұқсағың келеді?
- Ұқсағым келетін бірнеше тұлғалар бар. Біріншісі, «МузАрт» тобындағы Мейрамбек Беспаев. Кішкентайымнан соның әндерін сүйіп тыңдаймын, әрі айтамын. Ал ресейлік әртіс Сергей Безруковтың, кәріс сериалының жұлдызы Ли Мен Хоның («F4-тегі» Ку Чен Пье) өзін-өзі ұстауы, актерлік шеберлігі өте ұнайды. Осы кісілердей болғым келеді.
- Мектепті сағынасың ба?
- Дәл қазір тезірек бітіріп кеткім келіп жүр. Құтыла алмай жүрмін десем де болады. Бірақ бітіріп кеткендердің бәрі сағынасыңдар деп айтады ғой. Мен де сағынатын шығармын.
Арайлым Сауханова
Таңдаған бесінші пәні: география.
Мақсаты: Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсу.
- ҰБТ-ға дайындығың қалай?
- ҰБТ-ға дайындығым жақсы. Бірақ математика пәнінен әлі де дайындық керек. Қалған пәндерден толық дайынмын. Көп адамдар емтиханның жауаптарын сатып алатынын естіп жатырмыз, бірақ бұл дұрыс емес деп ойлаймын. ҰБТ-ны сатып алуын аласың ғой, ал университетте сол біліміңді ақтай алмай қалсаң, ұят емес пе?!
- Қолың бос кезде немен айналысасың?
- Домбырада ойнаймын, кітап оқимын.
- Өмірде кімге ұқсағың келеді?
- Ондай тұлға деп ағамды айтар едім. Себебі ол өзінің қалаған мамандығына түсіп, қазір өзі армандаған жерінде үлкен қызметте жұмыс істейді. Сол сияқты өзімнің алға қойған мақсатыма жеткім келеді.
Олжас Бектұрсынов
Таңдаған бесінші пәні: әдебиет
Мақсаты: Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түсу.
- ҰБТ-ға дайындығың қалай?
- Дайындығым қатты деп айтпаймын. Орташа. Сол барлығы сияқты математикадан қиналудамын.
- Қолың бос кезде немен айналысасың?
- Сабақтан тыс уақытымда футбол ойнаймын, домбыра тартамын.
- Кітап оқисың ба?
- «Абай жолының» бірінші, екінші томын оқып шықтым. Әрі қарай оқымадым. Шынымды айтсам, шаршап кеттім.
- Өмірде кімге ұқсағың келеді?
- «МузАрт» тобының мүшесі Сәкен ағам секілді болсам деп армандаймын. Бәрі бір Алланың қолында, барымша тырысып бағамын.
- Мектепті сағынасың ба?
- Бұрындары тезірек бітірсем, осы мұғалімдерден құтылсам деп ойлайтынмын. Бірақ енді қазір олай емес. Керісінше, ұнатпайтын мұғалімдердің өзін қимайсың. Мектеп өміріңде бірақ рет болады ғой. Бітіріп бара жатқандығымды ойласам, кейде көзіме жас келеді...
Меруерт Садуақас
Таңдыған бесінші пәні: химия
Мақсаты: ҚазҰУ-дың химия факультетіне «органика» немесе «бейорганика» мамандығына түсу
- Бұл мамандықты не үшін таңдадың?
- Оныншы сыныпта осы салаға қабілетім бар екенін түсіндім. Сол кезде болашақта химия саласының маманы боламын деп шештім.
- ҰБТ-ға дайындығың қалай?
- Дайындығым жақсы деп айта аламын. Бірақ әлі де тырысу керек.
- Қолың бос кезде немен айналысасың?
- Қазір бос уақытымның барлығын ҰБТ-ға дайындықпен өткізудемін. Одан басқа айтарлықтай әуестігім де жоқ. Арасында достарыммен серуендеймін.
- Өмірде кімге ұқсағың келеді?
- Анам медицина саласының маманы. Менің де арманым анам сияқты болу.
Толқын Шәміл
Таңдаған бесінші пәні: әдебиет
Мақсаты: Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсу
- Қай уақыттан бастап журналист болғың келетініңді түсіндің?
- Кішкентайымнан. Бірақ ата-анам экономист, бухгалтер болғандығымды қалаған болатын. Ал менің жүрегім журналистиканы қалады. Өйткені мен әділдік жолында жүргім келеді.
- ҰБТ-ға дайындығың қалай?
- ҰБТ-ға дайындығым жақсы. Әдебиет пәнін таңдаған соң әдеби кітаптарды көп оқып жүрмін. Сонымен қатар, қызыл аттестатқа бітірейін деп жатырмын, математика пәнінен де барынша тырысып дайындалудамын.
- Қолың бос кезде немен айналысасың?
- Кішкентай кезімде кесте тіккенді, қуыршақтарыма киім тіккенді өте жақсы көретінмін. Қазіргі кезде биге қатысып жүрмін. Халық билерін билегенді ұнатамын. Өзім үшін ән айтамын.
- Өмірде кімге ұқсағың келеді?
- Өзінің бағдарламасы арқылы халықтың көзін ашып жүрген Дина Төлепбергеннің өмірлік тәжірибесі, хабарды жүргізу тактикасы ұнайды.
Материалды дайындаған:
Айжан Кәрібаева, Айнұр Ракишева