Әдеби әлемнің танымал туындылары оқырманына дәуірдің тыныс-тіршілігі мен тарихи кезеңдері, әлеуметтік теңсіздік пен қоғамдық құндылықтар, сондай-ақ автордың тебіреністері жайында сыр шертеді. Абайдың ұлы поэзиясы, Толстойдың тарихи прозасы, Ибсенның новаторлық драматургиясы біз үшін өткен күндердің картинасын құруға және де сол заманның әлеуметтік санасына кіріп кетуге мүмкіндік береді. Әрине, бұның барлығы да әдебиеттің құдіретті күші. Ол бізге шетел асып, шекараны бұзуға көмектеседі: түрік әлеміне жақын боламын десең, Памуктың романдары, ал үндістердің өмірімен танысамын десең, Рушдидың прозасы бар. Алайда, жазушы болу — үлкен жауапкершілік, әрі кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер. Содан болар, қазіргі жазушылардың көтерген әдеби жүктерінің ауырлығы соншалық, посткеңестік кеңістікте ұлттық проза кенжелеп, жазушы деген атақ құнсызданып бара жатқандай...
Бүгінгі материалымыздың кейіпкерлері жазушы емес — оқырман, бірақ 5 минутқа жазушы образына кіріп, болашақ кітабының сценариын дайындауға әзір. Сонымен, бүгінгі проза жанрының тақырыптар сұранысын білу үшін жастардан: «Жазушы болсаңыз, не жайында жазар едіңіз?» — деген сұраққа төмендегідей жауаптар алдық.
Еркебұлан, блогшы
Мен жазушы болсам, еліміздің аймақ тұрғындарының бет-бейнесі туралы жазар едім. Өйткені Қазақстанның он төрт облыс адамдарының он төрт түрлі мінезі, өзіндік түсінігі, менталитеті бар.
Өзім осы Алматыға келіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген адамдармен танысып, араласып олардың сөйлеу мәнері, ойлау жүйесі, дәстүрі жайында аз да болса, хабардармын. Бір елде тұрсақ та, ондай айырмашылықтарды біле бермейтіндер бар ғой... Жазушы болып кітап жазатын болсам, алғашқы еңбегімді осы Қазақстанда тұрса да, ойы басқа, салты басқа, ділі басқа қазақтардың барлығы жайында жазып, барлығына ортақ бір қазақтың картинасын шығарғым келеді.
Салтанат, журналист
Болашақ кішкентай бүлдіршіндерден басталады ғой. Сол үшін егер де жазушы болсам, балалар әдебиетіне көп көңіл бөлер едім. Келешегіміздің тәрбиелі, әдепті де ибалы, ата салтын сақтайтын, ұлттық болмысымызды жерге таптамайтын ұрпақ болып өсуі үшін осы бағытта еңбектенер едім деп ойлаймын.
Елдос, болашақ мұнай-газ инженері
Егер мен жазушы болсам, халықтың қамын ойлап жүрген адамдар жайында жазар едім. Олар көп, бірақ оларды білмейтіндер көп қой. Сондықтан менің кітаптарым да осы көпшілік тани бермейтін белгілі бір адамдардың білінбей, көрінбей жүрген еңбектеріне арналған болар еді.
Мөлдір, студент, мамандығы техник-механик
Егер жазушы болсам, бүгінгі өмір жайында жазар едім. Бұрынғы мен бүгінгі ХХІ ғасыр жастарының айырмашылығы жер мен көктей ғой. Әсіресе өмір салты, тыныс-тіршілігі, түсінігі...
Соның ішіндегі махаббат тақырыбына көп көңіл бөлер едім. Себебі бұрынғы Қозы мен Баян, Еңлік пен Кебектің махаббаттары қандай еді... Қазір ондай жүректі өртер ыстық махаббат, ынтық сезімдер жоқ деп есептеймін. Сондықтан да кітап жазатын болсам, өз кітабымды өмір мен махаббатқа арнар едім.
Жансая, редактор-аудармашы
Мен жазушы болсам, психологиялық жанрдағы әңгімелер мен пайдасы тиеді-ау деген оқиғалар жайлы жазар едім. Өйткені, меніңше, қазақ әдебиетінде қазір дәл осы тұс қаралмай келе жатыр. Оқырманды психологиялық тұрғыдан жаңа даму сатысына жетелейтін, рухани азық бола алатын кітаптар жоқтың қасы. Әрине, қазақша кітаптар жайлы айтып отырмын. Өйткені түрлі рухани білім беретін батыстың, Ресейдің кітаптары дүкен сөрелерінде толып тұр, ал мұндай саланың қазақ тілінде басылмауы толғандырады.
Гүлжанат, блогшы
С. Асфендияров атындағы медициналық университеттің баспасөз хатшылығында жұмыс істегенім бар. Қазақстанның медицинасы стереотиптерге толы өте консервативті сфера десе болады. Оның осы заман талабына бейімделуі деген сияқты үлкен тақырыптан бастап, қатардағы дәрігердің жұмыс күніне дейін қызықты фактілерге толы екенін көрдім. Өмірін медицинамен байланыстырмаған адамдардың 99 %-ы теледидар мен газеттен көрген ақпараттан басқаны білмейді, білуге қызықпайды да. Мен де солардың қатарында едім. Ал енді Университетте, үлкен ғылымның шет-жағасында ғана жүрсем де, көрген-білгендерім бей-жай қалдырған жоқ. Біріне қайран қалсам, біріне күйіндім дегендей. Соны жеткізер едім, жазушы болсам. Одан кейін жазар тақырып — мектеп өмірі. Мұғалім мен оқушы арасындағы психологиялық қарым-қатынасты суреттеп, үлкен тәрбиелік мәні бар, мейірімді роман жазса ғой осы тақырыпта. Махаббат туралы да жазатын едім. Үлкееен махаббат драмасын. Бірақ хэппи эндімен! Алайда, меніңше, оны алдымен өз басыңнан өткізуің керек.
Руслан, журналист
Бұрындары мектеп қабырғасында әдебиет сабағынан «Мен президент болсам» деген аты көңілге қонымды тақырып төңірегінде біраз тебіреніп, тер төгіп шығарма жазатын едік. Ал қазір тақырып тым бөлек. Арасы жер мен көктей. Президент пен публицист. Екеуі де тоғыз әріп, екеуінің де бас әрпі «п» болғанымен, мәні мен мағынасы, ұғымы мен түсінігі бөлек дүние. Президент болу турасында сан рет көсілсек те, сіздердің сұрақтарыңыз жайлы жазу былай тұрсын, ойланбаппыз да. Осы сәтті пайдалана тұра, ойлануға мұрша берсеңіздер. (Арада 10 минут өтті). Жауап: «Сатира - күштілер қаруы» дейді ғой атам қазақ. Тілінде уытты әзіл, оралымды оспақ болса, бұл фәниде осал болмайтының анық. Сол себепті, қаламым қарымды сатирик болсам, құба-құп болар еді. Бұқара халықтың санасында сергелдең болған проблемаларды шымшып жазып, оқырманның айызын қандыру — жазушының жанғаны. Түйін: мен жазушы болсам, жанатындай, жазатындай жазушы болуға тырысып бағар едім.
Сұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева,
Айнұр Ракишева
Фото: Игорь Заритовский
__________________________________________________________________________
Құрметті оқырман, ал сіз бұл сұраққа қалай жауап берер едіңіз?