Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Франция інжу-маржандары Алматыда

$
0
0

5 маусым күні «Екпін» журналының тілшілері 8 маусым мен 5 тамыз аралығында өтетін «Франция інжу-маржандары — Франция өнері мен мәдениеті қайта өрлеу дәуірінен бүгінгі күнге дейін» атты көрмеге алғашқылардың бірі болып барып келген еді. Көрменің ресми емес ашылуы Әбілхан Қастеев атындағы музейде өткен болатын.

Мұражайға бірінші болып келген көрерменді Аяччо қаласындағы Феш сарайы — Көркемөнер мұражайының директоры, әрі осы көрмені ұйымдастыруға көп еңбегі сіңген Филипп Костаманья қарсы алып, таңғажайып өнер әлеміне экскурсия жасады.
Франция мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты дамыту аясында өткізіліп отырған бұл көрме Қайта өрлеу дәуірінен қазіргі күнге дейінгі француз көркемөнерінің жемісі болып табылатын туындылармен таныстырады.

Филипп Костаманья : «Бұл көрмені Қазақстанға алып келген себебіміз — мұнда халық арасында англосаксондық өнер басым екен. Ал біз болсақ, сіздерді Франция өнерімен таныстырғымыз келді. Бұл шара Франция Республикасының бұрынғы Ақпарат және Коммуникация Министрі Фредерик Миттеранның бастамасымен ұйымастырылып отыр. Франция тек тарихымен ғана мақтана алатын ел емес, Франция қазірдің өзінде интеллектуалдық бағытта күнделікті дамып отырған мемлекет. Сондықтан бұл көрме бұрынғы уақыттың туындыларымен қатар қазіргілерді де қамтиды» — деп, «бұрындары Франция елінен сыртқа шыққан туындылар тек атақты суретшілердің шығармалары ғеді, биыл біз бірінші рет атақты туындыларға емес, Францияның мәдениетін шынайы ашып көрсете алатын өнер туындыларына екпін жасап отырмыз», — деп атап өтті.
Әлемнің тек екі мемлекетінде ғана болған бұл көрме бірінші рет Баку өнер мұражайында өтсе, екінші рет Қазақстанда өткізіліп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша бұл көрмеден кейін туындылардың барлығы Франция еліндегі өз мұражайларына қайтарылады.

Бостандық, теңдік және бауырластық деген үш аспектіні ұран етіп алған Францияны триада елі деп атайды. Көрме де үш тірекке сүйенеді: француздардың өткен заманы мен қазіргі таңдағы талғамы, франция өнеріндегі жаңалықтар және әр саладағы француз идеялары.

Көрмедегі туындылар Франция тарихындағы Мемлекеттің құрылуынан жаңа замандағы революцияларға дейінгі маңызды кезеңдер ізімен хронологиялық тәртіппен «Қайта өрлеу дәуірінен Людовик XIII-ке дейін, мемлекеттің пайда болуы»; «Людовик XIV — Людовик XV»; «Ағартушылық ғасыры»; «Романтизм дәуірі»; «Өндірістік революция»; «Қазіргі заман өнері 1910-1950жж.»; «Заманауи шығармашылық» деп бөлінген және әр бөлімде әр кезеңнің өзіне тән музыка өнерімен де танысуға мүмкіндік жасалынған.
Аталған көрмеде Лувр, Франция ұлттық кітапханасы, Орсе мұражайы, Версаль сарайы, Ұлттық қазіргі заман өнер мұражайы — Жорж Помпиду Орталығы және басқа да Париж қаласы мен басты аймақтық мұражайлар (Монпелье қ. Фабр мұражайы, Дижон қ. Өнер мұражайы, Экс-ан-Прованс қ. Гране мұражайы) секілді ең ірі мемлекеттік қорлар меншігіндегі 400-ден астам өнер туындысы жиналып, көрермен назарына ұсынылып отыр. Сонымен қатар, көрмеде сән әлеміне өзгеріс алып келген Chanel, Dior, Saint Laurent-тің алғашқы көйлектерін тамашалауға мүмкіндік бар.

Көрмедегі бейнелеу өнері, мүсін өнері, гобелен мен кілем, өнер бұйымдары, гравюра, фотосурет... Осының барлығы француз мұрасының беделін тағы бір айшықтайтындай. Бұл шара сондай-ақ әдебиет, поэзия, театр, музыка, сән мен гастрономия арқылы француз «рухына» тиісінше бағасын бермек.

Көрменің өткізілетін уақыты: 8 маусым — 5 тамыз 2012 жыл
Адресі: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы, Сәтбаев көшесі, 30а.
Көрмеге кіру құны: ересектерге — 1500 теңге
зейнеткер, студент пен балаларға — 500 теңге

P.S. жәдігерлерді фотоға түсіруге рұқсат берілген жоқ, ертеңнен бастап барлық туындыларды өз көзіңізбен тамашалуға мүмкіндігіңіз бар.

Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева,

Айнұр Ракишева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles