Еліміздегі тілге байланысты пікірталастарға ұқсас оқиғалар бауырлас Түркия елінде де болып жатыр. Бірақ бір айырмашылық бар. Біз өз жерімізде ана тілімізді барлық салаларда толыққанды қолдану дәрежесіне жетуді аңсап жүрсек, түрік ағайындарымыздың дерті басқа -- олардың аңсағаны түрік тілін дүниедегі ең танымал және жайылған тілдер қатарына қосу. Бәлкім, ағылшыншаға жету қиын болар, бірақ орысша, французша және немісшемен жарысып көруге болар деген ниетпен істеп жатқан біршама шаралары бар.
Түрік қоғамы соңғы жылдардағы экономика, саясат және технологиядағы көзге түсер жетістіктерімен шектеліп қалмай, түрік тілін және мәдениетін жаюды да көздеп келеді. Сонымен қатар, олардың сөзімен айтқанда, дүниеде "түрік халқының достарын" көбейтуді өздеріне мақсат ретінде қойып алған. Ең қызықтысы, осы мақсаттағы шаралар көбінесе мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдар тарапынан орындалып келеді. Қаржыландыру мәселесі де мемлекеттің қатысуы арқылы емес, ұлтжанды жеке касіпкерлер мен іскер адамдардың үлесімен шешіледі.
Енді орындалып жатқан істерге қарайтын болсақ, ең маңыздысы, әлемдегі 140-қа жуық мемлекетте мыңдаған мектептер мен жүздеген жоғарғы оқу орындары ашылған. Оған қоса, Юнус Эмре атындағы мәдениет орталықтары бар. Сонымен қатар, мектептердің артынан сол жүздеген мемлекеттерге барған түрік іскер адамдар бар.
Сонымен қатар, соңғы он жылда жыл сайын өткізіліп отырылған түрік тілінде өлең айту мен би билеу жарыстары да бар. Осы жарыстарға дүниенің жан-жағынан жастар қатысады, Ресейден бастап, Оңтүстің Америкамен жалғастырып, Африканың кедей мемлекеттерімен аяқтасақ болады. Жарыстарға арналып жарнамалық бейне-ролиткер дайындалады.
Мына бейне жарнама Украинада түсірілген
Ал мына бейне жарнама Оңтүстік Африка Республикасында түсірілген
Осы апта өтіп жатқан оныншы Халықаралық Түрікше Олимпиадасының жарнамасы төрт елде түсірілген -- Танзания, Монғолия, Индонезия және Бразилия
2003 жылы 17 елдің қатысуымен басталған бұл шараға 2011 жылы 130 eл қатысты, ал осы жылы қатысушылар 142 елден келді.
Ал енді бірнеше қатысушының әндерін беріп бітірейін жазуымды.
Донг Геон Ли, Оңтүстік Корея -- Ay Yuzlum (Ай Жүзді)
Хавса, Македония -- Yastayim (Қайғыдамын)
Шайре Османи, Ауғанстан -- Annem (Анам)
Меруерт Беркалиева, Қазақстан -- Anne Hasreti (Ана қасіреті)
Біздің Меруерт пен Шайре Османи өз өлеңдерімен залдағы отырғандары жылатып жіберді, байқап қарасаңыздар.
Руслан Аннамаммедов, Түркіменстан -- Gulum Benim (Менің гүлім)
Жарыстар алдымен қатысушы елдерде болады, алғашқы іріктеу десекте болады. Іріктеуден өткен сайыскерлер Түркияның әр-түрлі аймақтарында тағы бір іріктеуден өтеді. Жарыстар осы аймақтық қалаларда стадиондарда ұйымдастырылады және жергілікті халық өте қатты қызығушылық танытады. Мысалы, Газиантеп деген қалада өткен іріктеу кезеңінен бір өлең, стадион көрермендермен толған.
Соңында, финалдық кездесу Ыстамбулда өтеді. Назарларыңызға осы жылдың ән финалы
Сол, бір жағынан басқаларға өз тілін және мәдениетін таныта отырып, белсенді түріктер осы жарыстарды осы күйде ұйымдастыра отырып өз халқына да мотивация және сигнал беріп отыр -- дүниеге ашылу және өзімізді таныту уақыты келді, әлем бізден жаңа ұмтылыс күтіп тұр дегендей.
Түрік бауырларымыздың істеріне сәт, ал Алла Тағаладан бізге де өзіміздің тіліміз және мәдениетімізді осындай күндерге жеткізуін тілейміз.