Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

«Тюльпан»

$
0
0

Шымкент қаласының тумасы режиссер Сергей Дворцевойдың «Тюльпан» атты фильмі 2008 жылы Канн фестивалінің «Ерекше көзқарас» номинациясын, Карловы Вары фестивалінің сыйын, Рейкьявик кинофестивалінің бас жүлдесін, Цюрихте ең үздік көркем фильм сыйын, Монреальдағы жаңа кино бас жүлдесін, Токиодағы, Лондондағы, Үндістандағы кинофестивальдардың бас жүлделерін иеленді. Фильмді тіпті Франция білім министрлігі мектеп бағдарламасына қосуды ұсынды. Ал басты рөлді сомдаған Асхат Кучинчереков Дубайлық кинофестивальдің марапаттауына ие болды. Бұл қарапайым фильмнің әлем кинотанушыларын жаулап алудағы құпиясы неде? "Тюльпан" көрермен мен сыншылардың оң көзқарасына ие болуына не себеп болды? Осы сұрақтарға жауап беріп көрелік.

Микеланджело «Өнердің тағдыры – табиғаттың ісін аяқтау» деген екен. Кино өнердің бір саласы болғандықтан, ұлы суретшінің көзқарасымен өлшейтін болсақ, кино - адамның табиғат жасаған шынайы өмір көрінісін қорытындылаушы, толықтырушы құрал. Бұл ретте, кино тек шынайылықты ғана көрсетпейді, адам қиялының шарықтау шегін, оның өмірде орындай алмаған арманын бейнелейді. Ал арман деген әр түрлі болуы мүмкін. Кейбірі шетел асып, үлкен мегаполистерді бағындыруды армандаса, кейбірі иен даланы, тыныштық пен еркіндікті аңсайды. Осылайша басты рөлдегі Аса да (Асхат) басқа шопандарға ұқсамайтын, күн қуатымен энергия алып, киіз үйіне теледидар орнатып, ең бастысы, малын бағып, жарын сүйіп өмір сүргісі келеді. Алайда, бүкіл маңдағы жалғыз қыз Тюльпанның оған қарамауы бұл арманының орындалуын екі талай етеді. Сюжет желісі осындай қарапайым болғанымен, қызықты образдар, ғажайып пейзаждар мен табиғи жаратылыстың көркемдігі фильмге жан беріп тұрған секілді.

«Тюльпанды» көріп болған соң, бұл картинаны тек осындай ауыл өмірін бір рет болса да көрген, құмды ауылдың атмосферасын сезінген адам ғана түсінетін шығар деген ой келді. Алайда, қазақтың малды шұрайлы жерлерін көрмеген ағылшын, француз және т.б. ұлттардың сонда да киноға лайықты бағасын беріп, оны мойындағаны мені таң қалдырып қана қоймай, фильмнің жалпы адамзатқа ортақ идеясын іздеуге итермеледі. Әрине, әлемнің түрлі мәдениетке құштар ұлттардың өзге елдің тыныс-тіршілігін білуге деген ұмтылысы, сондай-ақ кадрларда сирек кездесетін табиғат құбылыстары мен табиғи төлдеу процесінің көрсетілуі эстетикалық айызын қандырса да, бұл киноның одан бөлек жағымды энергетикасының барын, қарапайымдылығымен тартуын айтпай кетуге болмайды. Мысалы, Тюльпан Асаның құлағы үлкен дегенінен кейін, жігіт ұйықтар алдында құлағын жіппен байлап қоюы көрерменге езу ұялатып, өзіне баурай түседі. Ал балалардың риясыз ойыны: кішкентай баланың таяқты ат қылып шабуы, қыздың әкесіне ренжіп, үй сыртында өлең айтуы, ұл бала әкесінің арқасын тырысып уқалауы – бәрі де әр адамға тән, өзге тілге аударуды қажет етпейтін нәрселер. Кейіпкерлердің сөздері емес, эмоциялары басты назарда, бұл да фильмнің бір ерекшелігі.

Режиссуралық және операторлық жұмыстардың сауатты жасалғаны жайлы шетел кинотанушылары ауыз толтыра айтты. Оны көптеген рецензиялардан да біле аламыз. Ал актерлік құрамда, продюсер Гүлнәр Сәрсенованың айтуынша, бір-ақ кәсіби актер болғаны таң қалдырады. Фильмге Бетпақдаладғы Созақ ауданының тұрғындары да қатыстырылған екен.

Қорыта айтқанда, қазіргі замандағы қазақ ауылы, қазақ даласы, қазақ арманы жайлы түсірілген документалистика элементтері кездесетін бірден-бір кино – осы «Тюльпан». Фильмнен кейінгі әсер еркіндікке, туған жерге, жаныңның қалауымен әрекет етуге құштар қылады. Жүрегіңді тыңдай білу мүмкіндігі, ешкімнің ықпалынсыз ойлау батылдығы, әр нәрсені өз қалауыңмен таңдай білу еркіндігі - бүкіл адамзатты ортақтастыратын армандар осылар шығар, сірә.

Айжан Кәрібаева

kerbez_


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles