Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Шетелде білім алу: Nagasaki University

$
0
0

Құрметті оқырман, өткен аптадан бастап "Екпін" журналы шетелдік оқу орындарында білім алу, мамандық таңдау тақырыбын көтере бастаған болатын. Бүгінгі материалда Жапонияның танымал Нагасаки университеті мен қазақстандық студенттердің бұл ЖОО түсу мәселесін қарастыратын боламыз.

Жанна Карчиганова блогосферада «Алты градус» деген никпен белгілі. Wordpress блог-тұғырында "Алты градус әлемді өзгертеді" атты блогта Жапонияның әсем табиғатын суреттеп, сондағы оқуы жайлы пайдалы мәліметтерімен қанықтырып жүрген де осы ару. Қазірде ол Нагасаки Университетінің магистратурасын бітіріп, ендігі зерттеуін әрі қарай докторантурада жалғастырмақшы. Жаннаның Жапониядағы оқуы және зерттеп жүрген пәні жайлы толығырақ сұхбатымыздан біле аласыздар.

— Жанна, зерттеу пәнің жайлы айтып өтсең?

— Жапонияда Нагасаки университеті «Экология» факультетінің магистратурасын бітірдім. Қазірде Токио қаласындағы Васэда университетіне докторантураға түстім. Бұл университет Жапония бойынша өте атақты университеттердің бірі. Рейтинг бойынша 10-дыққа кіреді. Бұл оқу орнында экологиялық экономика мамандығы бойынша оқимын. Осыған дейін зерттеп келген объектім — Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің әлеуметтік пайдалары еді. Бізде мұндай сала әлі дамымаған. Дамыған елдерде жай бір парк не тарихи объект болсын, оның өз пайдасы болады. Мысалы, паркке бардым, таза ауа жұтып келдім, ол маған керемет ұнады деген сияқты. Паркты қорғау үшін, салықтар төленеді. Салық төлемі әр түрлі деңгейде шешіледі. Экономикалық бағалау дейтініміз сол. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі қанша тұрады деп сұрасақ, ешкім айта алмайды. Ондай объектілер бағасыз болып саналады. Мысалы, мына стол қанша тұрады? 50 мың теңге тұрады десек, оны соншалықты бағалауға да тырысамыз. Бағасына қарай, қадірлейсің. Ал мавзолей сияқты объектілердің бағасы болмағаннан кейін, дұрыс күтімі де болмайды. Соның бәрі экономикаға тіреледі. Сонда менің зерттеуім экономика мен экология арасындағы сабақтастықты табу.

Ал нақты жобаға келетін болсақ — Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің әлеуметтік пайдалары. Алматыда 130 адамнан сауалнама жүргіздім. Неге Түркістан мавзолейін алдым десеңіз, бір жапон мұғалімнің сабағы әсер еткен болатын. Ол экологиялық бағалауларды зерттейтін. Жапония бойынша ең танымал эксперттердің бірі болатын. Оның Нагасаки университетіне келуі өте үлкен мәртебе болды, өйткені біздің университет рейтингісі жоғарғы университеттерге негізі жатпайды. Сол кісінің лекциясынан кейін осы бағытқа ауыстым. Әлемдік мұрағаттарды бағалау сияқты зерттеулерді қарастырдық. Қарап отырсам, Қазақстанда әлемдік мұрағатқа кіретін тек үш объекті бар екен: Түркістан мавзолейі, Тамғалы тас және Қорғалжын қорығы. Соның ішінен ең танымалысы ғой деп Түркістан мавзолейін таңдадым.

— Нагасаки Университетіне түскенге дейін қай жерде оқыдың?

— Қазақстанда менің алғашқы мамандығым шығыстану болатын. Оның ішінде жапонтану. ҚазҰУ-да оқып жүрген кезімде Жапон ғылым министрлігінің грантын жеңіп алып, Жапонияда бір жыл оқып келген болатынмын. Кейін қайтып келген соң Т.Рысқұлов университетінде менеджмент бойынша магистратурада оқыдым. Содан кейін тағы да Жапонияға барып оқығым келді. Бірақ мамандық жайында көп ойланып, ақыр аяғы осы экология қызығушылығымды оятып, экологиялық менеджментке тоқталдым. Сөйтіп 2009 жылдың қазанында Нагасаки университетіне грантқа түскен болатынмын, алдымен жарты жыл «зерттеуші» болып, кейін мастерлік оқуға емтихан тапсырдым. Ол кезде жазбаша емтихан кезінде біраз қиналдым. Өйткені иероглифтерді компьютермен жазып үйреніп қалғанмын, қолмен жазбағанға 5-6 жылдан көп болған. Қолмен жазуға келгенде, қатты қиналғаным бар. Содан бір А4 парақты толтырып беру керек, мен болсам 10 иероглифке жетер-жетпестей ғана жазып бердім. Мына қыз жапонша біле ме, білмей ме деп ойланып қалған, бірақ сабақ беріп жүрген мұғалімдерім, ол тіл біледі, баяндама жасап жүр деген соң, қабылдады. Екі жыл оқып, осы ақпанда диссертациямды қорғап шықтым. Диплом беру дәл 23-ші наурызға түскен еді, оған қатыса алмадым, Қазақстанға кетіп қалдым.

— Жапонияға оқуға түсу процесі қалай жүрді?

— Жыл сайын маусымнан бастап елшілікте емтихан тапсыру болады. Шілденің басында құжат қабылдау тоқтап, олар тексеріледі. Дұрыс болғандарын алып, бұрыстарына «сіздікін алмадық» деп айтады. Содан кейін шілденің аяғына қарай ағылшын және жапон тілінен емтихан болады. Егер зерттеуші болуға тапсырсаң солай, дипломға, зерттеу тақырыбыңа қарайды. Кейіннен мақсатың, зерттеу не үшін керек, несімен өзекті деген сұрақтарға жауап беріп, қызықтыруың керек. Егер өзіңе керек профессорды алдын ала тауып алсаң, грантқа түсу оңайырақ өтеді. Алайда мен олай жасаған жоқпын, тапсырамын, тапсырмаймын деп көп ойланып жүрдім. 4-шілде күні құжат тапсыру уақыты аяқталады, ал мен 1-шілде тапсырамын деп шештім. Содан ал кеп, тез-тез қағаздарымды дайындап, оның ішінде медициналық уақытты көп алатын қағаздар, содан соң «research plan»-ымды тез жазып, Астанаға жібердім. Ол жақтан бір қыз күтіп алып, елшілікке апарып, бір сөзбен шаруасы көп болды. Ат-үсті жасалды.

Негізінен Қазақстанға орын аз беріледі. Басқа дамушы елдер Камбоджа, Индонезиядан студенттер өте көп келеді. Ал бізден ары кетсе 4-6 адам ғана. Мен түскен жылы 4 адамға ғана грант бөлінді. Оларға: қыркүйекте сендерді қабылдады, бара берсеңдер болады деді. Ал маған: сенің құжатыңды қосымша тізімге жібереміз, егер әлем бойынша бір студент бара алмай қалып, бос орын болса немесе министрліктен ақша бөлінсе, сені қосып жібереміз деді. Сөйтіп қаңтарға дейін күттім. Стипендия берілетін болды деген қуанышты хабар келді. Сөйтіп қуанып жүрсем, стипендия берілді, бірақ университетің белгісіз дейді. Себебі, тапсырғанда 3 оқу орнын белгілейсің, ал бұл оқу орындары мені алғысы келмеді. Өйткені олар жеке меншік, біреуінің жатақханасы болмады, біреуіне профилім келмеді, бір сөзбен айтқанда, алғылары келмеді. Содан келісім-шартта бір графа болған: «егер сіз таңдаған университеттер сізге сәйкес келмесе, министрліктің таңдаған оқу орнына баруға келісесіз бе?» деген, мен «иә» деп белгілегенмін. Содан олар маған бүкіл Жапония бойынша университет іздей бастады. Қайтадан күту басталды. Үмітім үзіле бастаған кезде, шілдеде бірақ жауап келді. Әлі есімде, 17 шілдеде жұмыста жүрген кезде, қоңырау шалып: "сіздің университетіңіз белгілі болды, Нагасакиге барасыз" - деп. Мен басында таңырқап қалдым, қалай Нагасаки, өзім Токио, Йокохама жаққа барғым келген, Нагасаки Жапонияның мүлдеv басқа жағы. Бірақ бәрібір келісіп, Нагасакиге ұшып кеттім.

мектеп оқушыларымен

сабақта

Нагасаки

— Екі жақтың оқу жүйесін салыстырсаң?

— Бізде де кредиттік жүйе деп жатыр ғой. Бірақ біздегі кредиттік жүйе әлі де ондай керемет емес. Біріншіден, оқытушылардың деңгейі бөлек. Жетіспеушілік деген әлі бар. Мысалы, бізде екі студентке бола сабақ ашып беру деген мүмкін емес. Ең құрығанда алты студент жиналу керек дейді.

Алайда, бізде тәртіп жақсырақ. Мысалы, кешігіп келсек, мұғалімнің артынан кіру үшін «кешіріңізші» деп сылтауыңды айтып тұрасың ғой. Ал ол жақта ондай емес, лекция оқылып жатыр ма, оқылып жатқан жоқ па, кіресің де отыра бересің. Кешіксең де, ешкім саған қарамайды. «Менің артымнан кіруші болма, кешікпе» деп айтпайды да. Ең алғаш барған кезде сондай жағдайларға таң қалғанмын. Студенттер кешігіп келіп, профессордың алдына отырады да, ұйықтай береді. Елу бала болса, соның оншақтысы ұйықтап отырады. Сонда жапондық студенттерге қарап: «не үшін келді екен?» деп ойлап қаласың.

Біздегі кітапхана жүйесі ұнамайды. Ол жақтың кітапханалары өте қолайлы, кітаптарды екі аптаға алып кете аласың, кітаптардың бәрі жетіп жатады.

Сосын магистранттарға лекция аз оқылады. Біздегідей лекцияда 100-200 адам отырмайды. Көп болса, 20 адам, екі адам, не бір адам да отыруы мүмкін. Бірақ сабақты бір адам болып алмауға тырысасың. Өйткені апта сайын лектормен бірге, бір студент те оқылатын тақырыпқа байланысты баяндама дайындап келу керек. Оған басқа студенттер сұрақ қояды, ол жауап бере алмаған тұстарына мұғалім жауап беріп, әрі қарай толықтырып әкетеді.

— Оқып жүргенде қайда тұрдың?

— Бакалаврда бір жыл оқыған кезде, сол университеттің шетелдік студенттерге арналған жатақханасында тұрдым. Бір бөлме жалғыз адамдық, тек асүйі ортақ. Нагасаки университетінде де дәл солай, тек балконы болмады. Неге менің балконым жоқ деп қайғырып жүрсем, басқа таныс қыздардың жатақханасында балкон түігілі, душ та жоқ, дәретханалары қабатта тұрады, жуыну үшін басқа ғимаратқа барады екен. Сонда таң қалдым. Әр университет әр түрлі жағдайлар жасайды. Нагасаки университетінде жарты жыл тұрдым, кейін магистратураға түскеннен кейін өзім пәтер іздестірдім. Жапондық бір досымды алып барып, 5-6 пәтердің ішінен таңдап алдық. Бірақ бір жаманы, Жапонияда пәтерді жалға беру үшін депозит алады. Жалға берушіге және үй иесіне тағы да қосымша 1-2 айдың ақшасын қоса бересің. Нагасакиде пәтер аса қымбат емес. 300-400 доллардан басталады. Мен шамамен 600 доллар тұратын пәтерде тұрдым. Бірақ +600 доллар бір айлық маклер қызметіне төледім. Кілттерін айырбастаған үшін тағы да +200 доллардай төлейсің. Сондай ерекшеліктері бар.

— Ол жақта «студент» статусына қандай жеңілдіктер бар?

— Жеңілдіктер тек кинотеатр сияқты жерлерге бар. Бірақ студенттерге басқа бір жеңілдік көрсетілмейді. Автобустарға жол жүру билетін аласың, 3 айға шамамаен 200 доллар. Бірақ әр қаланың жүйелері әр түрлі.

— Мықты профессорларың болды ма?

— Өзімнің таңдаған профессорым қызық кісі болды. Екіде келіңдер деп, өзі үште келеді асықпай. Өзін-өзі ұстауы жағынан жапондыққа келмейді. Бір жақсы жері - ағылшын тілі мықты. Сабақтарды, баяндамаларды жапонша жазып, диссертациямды ағылшынша қорғадым. Профессорым «19 ғ. Нагасакидің ескі суреттері» деген кітап шығарған еді.

— Күнделікті оқу күнің қалай өтеді?

— Өзіңнің таңдаған сабақтарыңа байланысты. Мысалы, магистратурада Қазақстанда 64 кредит жинау керек. Ал Жапония бойынша 30. Оның ішінде 6-уы диссертацияға кетеді. Солай сабақтардан 24 кредит жинасаң, жеткілікті. Ішінде 3 сабақ міндетті, қалғанын профессормен ақылдаса отырып таңдайсың. Қызық-қызық сабақтар, мысалы, «Тайваньдағы тіл саясаты» деген сияқты нәрселерді оқытатын. Ең алғашында, мұның экологияға не қатысы бар деп таң қалғанмын. Бірақ содан кейін оған да үйреніп кеттік. Мысалы, менімен бірге бітірген бір қыздың тақырыбы мынадай болды: «Жапония мен Қытайдың бастауыш мектептеріндегі ағылшын тілін оқытатын мұғалімдердің психологиясы». Сабақтар 8.30-17.00-ке дейін болады. 80 минуттан. 12.00-ден 12.50-ге дейін үзіліс. Бір қытай қыз екеуіміз 10 кредит алып, қиналғанымыз бар. Былай қарасаң, біздің студенттер одан көп оқиды, күн сайын 3 парға барып жатады.

— Шетелде алған тәжірибең саған қандай өмірлік сабақ берді?

— Қойған мақсатыңнан бас тартпау керек. Егер бір нәрсені армандасаң, оның орындалуына саған бүкіл ғаламшар көмектеседі дейді ғой. Менде кезінде бір ой пайда болған: «Жапонияда оқысам екен» деген, кейін әйтеуір бір нәрседен бір нәрсе шығып, ойым жүзеге асты. Бірақ ол кезде «былай істе» деп ақыл айтқан адам болмады. Сондықтан ең басты түйген сабағым — қойған мақсатыңнан, арманыңнан ешқашан бас тартпауың керек.

Жанна мен құрбысы Фукуокада

— Жапонияда өмір сүру қымбат па?

— Жалпы қымбат. Киім жағы бізбен бірдей. Бірақ тамақ қымбат. Мысалы, ол жақта біздікіндей килограмдап емес, алманы бір-бірден аласың, 1 алма 200 тг-дей тұрады. Нагасаки жалпы Жапония бойынша арзан қала. Берілетін стипендияны (шамамен 2000 доллардай) жеткізуге тырысасың.

— Докторантураны бітірген соң, қандай жоспарың бар?

— 3 жыл докторантураны оқып болған соң, әрине Қазақстанға қайтып келемін. Өйткені шыны керек, маған Жапонияда жұмыс істеген қызық емес. Оқығанда уақытың көбірек болады, достарыңмен қыдырып, қала аралап жүре аласың. Ал жұмыс істесең, ешқайда шыға алмай байланып отырасың. Оның үстіне туғандарым, достарымның бәрі осында. Үйден, елден алыс болғандығы қатты батады.

Әңгімелескен: Айжан Кәрібаева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles