Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

«Mar adentro»: өлімге құқық

$
0
0

«Теңіз маған өмір берді, оны алып кеткен де сол»

Рамон Сампедро

Қатаң болса да, өмір сүру не сүрмеу – әр адамның өз таңдауы. Бірақ кей кезде сол таңдаудың өзін де жасай алмайтын жағдайлар болады. 2004 жылы шыққан испан режиссері Алехандро Аменабардың «Теңіз ішінде» (Mar adentro) атты киносы дәл осы жағдай туралы.

Өмірде болған оқиға желісімен түсірілген фильм бізге 28 жыл бойы төсекке таңылып жатқан Рамон Сампедроның қайғылы тағдырын ашып көрсетеді. Рамон өз қалауымен заңды түрде эвтаназияға қол жеткізе алмай, күресумен күн кешеді. Теңізге секіріп, жұлыны сынған қайғылы оқиғаға дейін ол өмірге құштар, жігері мықты, көңілді жас болған. Ал одан кейінгі жылдары Испания сотынан өмірден заңды түрде кетуге рұқсат алумен өтеді.

Басты кейіпкер Рамон Сампедро (Хавьер Бардем) алғашқы сәттен-ақ өзіне оң көзқарасты тудырады. Күле сөйлеуі, ашық та мейірімді көздері оған науқас ретінде емес, өз құқығын қорғап жатқан адам ретінде қарауға мәжбүрлейді. «Айналадағыларға тәуелді болып, бір нәрсені де өзгертуге қауқарың жоқ кезде күле жылауды да үйренеді екенсің» дейді ол. Кино басынан бастап-ақ бізді оның жеке өміріне, болмысына, ой сарайына жетелеп кіргізеді.

Бірақ сұр картиналар мен мұңды музыканы Рамонның өз жағдайына күле қарауы, жеңіл ирониямен сөйлегені сұйылтып отырады. «Менің досым болғың келсе, менің қалауымды сыйла» дейді ол жаны ашып келген Розаға.

Иә, Бардемнің ойнау шеберлігінде сөз жоқ: тек қана бет мимикасымен адам образын толыққанды сомдау, көзбен, ишарамен мінезін көрсету әрбір актердің қолынан келе бермейді. Рамон Сампедро бізге өмірін өзгерткен оқиғаға дейін өн бойында қуаты мол, 20 жасында шытырман оқиғалар іздеп әлемді шарлауға кеткен аяқ-басы сау, болашаққа үміті зор бозбала болып елестейді. Алайда, өмірдегі кішкентай бір үзік оның бүкіл арманын, болашағын күл-талқан еткен. Сөйтіп ол алдымызға елулердегі «өмірі түкке тұрмайтын» деп есептейтін, «мұндай өмірден гөрі өлім артық» деп ойлайтын науқас ретінде келеді.

«Басқаға тәуелді болғаннан бастап, индивидуалдылығың жоғалады» деген сөздер оның еркін болмысын, ерікті ойлы екендігін білдіретіндей. Мұндай мұңды оқиғада, өлім мен өмірдің арасында режиссер бірнеше күлкілі сюжеттер де жасаған. Мысалы, Рамонды райынан қайтару үшін келген падромен әңгіме, Рамонның інісі Хавиге арнаған өлеңін оқып, жас баланың оны түсінбеуі, Розаның балаларын алып келуі. Сондықтан фильм бізді мұндай ауыр жағдайға түсіре отырып, кез келген жағдайға басқа қырынан қарауға болатынын көрсетеді.

Әрине, төсекте жатып, соңғы күніңді күтіп жатқаннан қайғылы не болар деп ойлайсың, алайда, одан да қиын сәттер болады екен. Сүйіктісінің сөзінде тұрмауы, өлімге барар жолдың өзінде бақытты бола алмауы онсыз да «қурап» бара жатқан Рамонға жегідей тиеді.

Кинотуынды өмірдің міндет емес екендігін, Рамон сияқты адамдар үшін эвтаназияға құқық берілуі керектігін меңзейтіндей. Әрине, бұл күрделі сұрақ төңірегінде дау-дамайлар көп. Әсіресе бұл оқиғаның шынайы өмірден алынғанын еске түсірсек, толғанбауымыз мүмкін емес.

Айжан Кәрібаева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles