Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Шетелде білім алу: Robert Gordon University

$
0
0

Ақмарал Оразалы мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ түрлі олимпиада, ғылыми жұмыстарға белсене қатысатын оқушы болатын. Мектептегі үздік бағаларымен қатар, биік амбициясы оны бір қала төңірегінде қалдырмай, асу асып шетелге алып келді. Бұл ретте оған Ақмарал сынды талаптыларға бағдар болған «Болашақ» бағдарламасы септігін тигізді. Қыз бала болса да Ақпараттық Технологиялар саласын меңгеріп жүрген Ақмаралды әңгімеге тарттық.


- Қай жерде, қай сала бойынша оқып жатырсың?

- Мен Ұлыбританияда Абердин қаласындағы Роберт Гордон Университетінде Ақпараттық Жүйелер Технологиясы саласында мамандық алудамын. Абердин Еуропаның мұнай астанасы әрі гранитті қала ретінде танымал. Бұл қалада жаңбыр өте жиі жауады. Күн шыққан сирек күндері қала тұрғындары қуанып, теңіз жағалауында қыдырады.

Университет қаланың дәл ортасында орналасқан. Техникалық салалары жетік дамыған жаңа университеттердің бірі.

- Ол университетті таңдауыңа не себеп болды?

- Менің ағам бұл университетте оқыған болатын. Өзіне мұғалімдері де, оқытуы да және қаланың қауіпсіздігі де ұнап, маған мақтап айтатын. Сондай-ақ университет таңдар кезде көптеген университеттердің қабылдау мерзімдері өтіп кеткен екен. Сондықтан қабылдайтындарына тапсырып, жауаптарын күткенде екі университеттен хат келді. Соның бірі осы болатын. Мен емес, университет өзі мені таңдады десем де болады.

- Оған түсу үшін қандай кезеңдерден өттің?

- Мен «Болашақ» бағдарламасының стипендиатымын. Біріншіден, оқу орнына өзім түсіп, кейіннен «Болашақ» бағдарламасына тапсырдым. Университетке өзім түсу үшін олармен интернет арқылы сөйлестім. IELTS қорытындыларын, мектеп бағаларымды және басқа да жетістіктерімнің куәліктерін жібердім. Менің ұтқаным – ғылыми жұмысыммен көптеген сайыстарға қатысқандығым, олимпиадалардағы жүлделі орындарым болған шығар. Соларды және 2 айдай дайындалған IELTS тестінің жоғарғы көрсеткіші оларға ұнады. Жалпы қандай да бір шетел университеті оларға тікелей пошта арқылы хабарласқанды ұнатады. Сондықтан қорықпай жаза беру керек. Басында көпті білмедім, дегенмен қолымнан келгенінше тырыстым.

- Қазір қай жерде тұрып жатырсың?

- Алғаш барғанда бірінші курс студенттеріне арналған жатақханада тұрдым. Оның айлық ақысы 350 фунт болатын. Кейіннен екі қыз болып пәтер жалдадык. Айына пәтер ақысы мен коммуналдық төлемді қосқанда 550 фунт шығатын. Биыл жеке-меншік жатақханада тұрдым. Бұл жердің ақысы 650 фунт болды. Әрине, үйде тұрғанның артықшылығы да,  кемшілігі де бар. Артықшылығы – өзіңмен-өзің, артық шу жоқ. Қашан келем десең де, қашан жинаймын десең де өзің білесің. Бірақ - қымбат, азық-түлік сатып алып, коммуналдық шот төлеп, жалпы үйіңнің қауіпсіздігіне алаңдаумен боласың. Ата-анаңмен тұрғанда мұның бірін де ойламайсың, әрине.

- Жалпы ол елде өмір сүру қымбат па?

- Қымбат десем, өтірік айтпаспын. Жалпы ата-атанамнан бөлек түрған бірінші және жалғыз қала болғандықтан, салыстыру қиын. Дегенмен көпшілік те соны айтады.

- Күнделікті оқу күнің қалай өтеді?

- Күнделікті лекциялар, лабораторлық жұмыстар және тюториалдар болады. Лекцияларда оқытушы бізге керек мәліметтің бәрін береді, лабораторлық жұмыстарда оқытылған мәліметтерді іс жүзінде жасап көреміз. Тюториалдарда есеп шығарып, түсінбеген сұрақтарымызды анықтаймыз. Мен техникалық салада оқығандықтан, практикалық жұмыстарға көп көңіл бөлінеді. Сол жұмыстарды бітіру үшін кейде университетте кешке дейін қалуға тура келеді. Сондай-ақ біз сол жақтағы қазақ студенттерімен бірігіп түрлі шаралар өткіземіз. Наурыз, Тәуелсіздік Күні сияқты. Сондай шараларда жүргізуші де болып, белсенділік танытуға тырысамын.

- Оқу барысында жасаған жобаларың жайлы айтып өтсең?

- Оқу барысында ойындар және түрлі анимациялар әрі вебсайттар құрастырдым. Ендігі жылы дипломдық жұмысым ретінде ағылшын тілді адамдарға қазақ тілін үйретуге арналған компьтерлік бағдарлама жасамақшымын.

- Ол университеттің мұғалімдері мен профессорларының қандай ерекшеліктері бар? Біздің педагогтардан айырмашылығы қандай?

- Мен елімізде жоғарғы оқу орнында оқымағандықтан, салыстыра алмаспын. Дегенмен ол жердің оқытушылары бізді өздерімен тең санайды. Бізден әрдайым пікірімізді сұрайды. Лекцияларды бос, көңілді өткізуге тырысады. Теорияны ғана үйретпей, өмірлік ақыл да, жұмысқа керек практикалық білім де үйретуге тырысады.

- Жалпы ол елдің білім беру жүйесі мен Қазақстанның білім беру жүйесін салыстырып көрсең? Қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар?

- Ұқсастықтары - екі жақта да төрт жылдық оқу. Ал ең басты айырмашылығы – біздің елдің студенттері жалпы сабақтарды көп оқиды. Ал мен орықп жүрген университетте бірден мамандыққа ғана керек пәндерді оқытады. Сонымен қатар, практикалық білімге көп көңіл бөлінеді.

- Ал студенттерінде ше?

- Қазақстан студенттерінде басқа тіл оқысам деген ұмтылыс көбірек шығар. Екі елдің адамдарында да, дәстүрлерінде де айырмашылық сезіледі. Олардың санасы тәуелсіз.

- Бітіргеннен соң қандай жоспарларың бар? Қай жерге жұмысқа тұрғың келеді?

- Бітіргеннен соң Қазақстанға келіп, елімізді дамытуға ат салысуға құштармын. Екі ел арасында жүргенде біздің кем жерлеріміз қатты сезіледі. Соны кішкене де болса өзгертсек жақсы болар еді. Қай жерге жұмысқа тұрғым келетінін әлі білмеймін. Ол жағдайға байланысты болар. Кейіннен өз ісімді ашқым келеді.

Айжан Кәрібаева

Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

University of Warwick


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles