Эльвира Ерғалина Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының Төрткүл елді-мекенінде дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Алматыдағы ҚазҰУ-дың филология факультетін тәмамдады. Қазір «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясында жұмыс істейді. Отбасында 4 ұлдан кейінгі жалғыз қыз. Бүгінде Қазнетте танымал қыз-келіншектерге арналған «Айқаракөз» сайтының авторы.
— Айқаракөз сайты қашан пайда болды, атын неге осылай қойдың?
— Бұл жоба біраз уақыт бойы ойымда ғана жұмыс жасап жүрді. Сырқаттанып, төсекте біраз уақыт жатып қалдым да, бар ермегім — ғаламтор болды. Сонда орыс тілді болсын, Ресейдің болсын қыздарға арналған сайттарын көп ақтардым. Өзімнің де осындай сайтым болғанын армандап қойдым. Танысым өз сайтына сілтеме ұсынғанда, мен де сайт ашсам, қалай болады деген ой келді. Тек бірнеше айдан кейін ғана сайтты жасауға тапсырыс берілді, тәуекелге баруға қорыққан сыңайлымын.
Мәдина Ералиеваның «Айқаракөз» әнін Жігіттер тобы сәтті орындап шықты, сол әсер етті. Жалпы, осы есім өзіме ұнайтын, әдемі естіледі. Оның үстіне мен таңдаған біраз домендер бос болмады, кейбірі теруге қиындау болды. «Айқаракөзге» тоқталдық. Сайт 2012 жылдың 31 қаңтарында жұмысын бастады.
— Сайтта неше адам жұмыс жасайды?
— Сайтта әзірге бір ғана адам жұмыс жасап жатыр. Ара-тұра тамыр-таныстыққа салып, қол ұшын беретін, жазбаларын ұсынатын құрбыларым бар. Бір өзім жұмыс жасауі аса қиын болмағанымен, күнделікті жазба салуда кедергілер болады. Өз жұмысым қауырт болған уақыттарда сайттағы жазбалардың апталап жаңармай қалатын кездері көп.
— Жобаның тақырыбын, концепциясын қалай таңдадың?
— Қазақтілді қыз-келіншектерге ақпарат беруші сайт болатынын әуел бастан жоспарлаған соң жан-жақты болғаны дұрыс деген тоқтамға келдім. Сайттың аудиториясы кең болғанын қалап, жас қыздарға сән мен сұлулықты, келіншектерге тұрмыстағы кеңестер мен күтімді, апа-әжелерге дәстүр туралы жазбалар жариялауды жөн көріп, соған орай біраз ізденіс болды. Әркім іздегенін таба алатындай жұмыр дүние болса деген ниеттен туған идея еді. Алғашында мүлдем басқа болып ашылған сайттың дизайны Аршат Оразовтың көмегімен өңделді.
— Сонда әдемілік пен сұлулықпен қатар, қазақтілді жобалардың дамуына да ықпал жасап отырсың...
— Иә, жобамыздың тағы бір мақсаты — ғаламторда тәй-тәй басып келе жатқан қазақтілді контенттің толығуына аз да болса үлес қосу. Жарияланымдардың біразы аударма болғандықтан «онсыз да бар дүниені қайта жасаудың қажеті қанша» деген ой тууы сөзсіз. Бірақ, қажетті ақпараттарды өзге тілден тауып, оны аударып оқуға біреудің уақыты, біреудің мүмкіндігі бола бермес. Қаракөздерімізге қажет деп тапқан ақпараттарды жеңіл, түсінікті тілде жеткізу де — жобаның алға тартар мақсаттарының бірі.
— Жобаңа қаржылай көмектесіп жатқан жандар бар ма?
— Демеушілік көрсетіп, қаражат көзі болып отырған ешкім жоқ. Сайт — өз қалауым болғандықтан, өз қаражатыма аштырдым, әрине. Қолдау көрсетіп, команда жасақтауға септігін тигізетін мүмкіндіктер ұсынылып жатса, келісермін, әлі өздігімнен сырттан көмек іздеп көрген жоқпын.
— Қандай сайттардан үлгі аласың? Қайсысынан шабыт алып, үнемі оқып тұрасың?
— «Мына сайттан үлгі аламыз» дейтіндей тақырыбымызға сай келетін қазақ тілді сайттар қатары көбейген жоқ қой. Сондықтан тақырыптас орыстілді мыңдаған сайттарға аздап шолу жасап тұрамын. Ал жалпы қазақ тілді сайттарды әлеуметтік желілерге берілген сілтемелер арқылы қалт жібермеуге тырысамын.
— Сайтта авторлық материалдар жиі болып тұра ма, көбінде қай тақырыпта?
— Сайттағы ақпараттардың жартысы — аударма болса, біразы авторлық материалдар. Авторлық материалдар сайттағы айдарлардың барлық тақырыбын қамти береді, ал көбірек жазылатын авторлық материалдар оқырмандардан келетін сұрақтарға жауап, мамандардан арнайы мәліметтер, сауалнама арқылы жүргізілетін сараптамалар, ерлерге қатысты ақпараттар мен үй шаруасындағы кеңестер туралы жазылады.
— Сайтқа күніне қанша адам кіреді және көбінде қандай тақырыптар аса танымалдылыққа ие болып тұрады?
— Сайтқа күніне кіретін адам саны 400-500 аралығында. Болашақта бұл көрсеткіш өседі деген сенімдеміз. Қазіргі уақытта танымалдыққа ие боп тұрған интимді тақырыптар, оның ішінде төсек қатынасы, алғашқы қосылу және дене күтімі туралы тақырыптар. Бірге жарияланған бірнеше жазбалар ішінен де осы тақырыптар бірінші оқылады.
— Сайтта келешекте қандай өзгерістер, толықтырулар болады?
— Видеоблог енгізсем деген ниет бар. Жалпы ойда жүрген жоспарлар көп. Оны жүзеге асыру уақыттың еншісінде, сол кезде көре жатарсыздар.
— Биыл сайтыңды бірнеше ұлттық портал «жарнамалап», ақылын айтып, дау-дамай туғызды. Біздің аудитория осындай ұсақ-түйек нәрселерге неге құмар, ал одан да маңызды мәселелерге неге белсенділік танытпайды деп ойлайсың?
— Дұрыс айтасың, ғаламтор бетіндегі қазақтілді аудиториядағы көп мәселелер халықтың біржақты пікірінен дұрыс қалыпқа түсе алмай жатқан сияқты. Айналаңдағы құбылысқа қарап, өзің де соған икемделесің, бәрібір ықпалын тигізеді. Заманына қарай заңы, орманыңа қарай аңы...
«Айқаракөз» сайты өз ісін бастағалы бері ондағы ашық әңгіме алаңындағы тақырыптарға бірнеше ұлттық порталдар сын айтып, халық арасында теріс пікір қалыптастырып үлгерді. Тіпті сайтты қойып, менің жеке басыма қол сұққысы келген әрекеттері де жоқ емес. Мұның барлығынан өзіме қажеттісін ғана қабылдауды үйренгем. Бір адамды көкке көтеру үшін бірнеше адамды балшыққа батырудың еш қажеттігі жоқ. Сайтта да солай, бір ғана айдардың тақырыбынан бүкіл сайтты жоққа шығарып, толықтай күйе жағу жарамас. «Қазақ маңдайынан иіскеп, бала тапқыза берген» деген түсініктің заманы өткен секілді. Қазір отау құрған жастардың уақыт өтпей ажырасуына алып келетін себептің бір ұшы — екеудің құпиясын жетік білмегеннен. Бұл жайлы сол саланың мамандары аз айтып жүрген жоқ. Мұны «Ашық әңгіме» айдарына жолданатын оқырмандардың сұрақтарынан да байқадым. Жаһандану деп жан ұшырған заманда бұл тақырып төңірегінде әңгіме өрбіткенді артық деп санамаймын. Әркімнің түсінігі әр түрлі ғой...
— Келешегіңді қай саламен байланыстырасың, сайттан басқа не мақсатың, не арманың бар?
— Адамда арман таусылған ба... Шығармашылыққа бір табан жақын болғандықтан, болашағым да осы саладан алысқа кетпейді деп ойлаймын. Сайттан халықтың қажетіне жарар бір дүние табылса, мақсатымның орындалып жатқаны деп білем.
— Бос уақытта немен шұғылданасың? Хоббиің бар ма?
— Жұмысымнан уақыт босап жатса, сайтқа материалдар жазамын. Одан да артық уақыт табылып жатса, блог жазып, пікір алмасамын. Достарыммен жиі кездесіп, уақытты көңілді өткізуге тырысамын. Хоббиім — сайтым. Спортпен шұғылдануым фитнес клубтардан ары аса қойған жоқ.
— Сүйікті шығармаларың қандай?
— Поэзияны жаным сүйеді, ақындардың жаңа жарияланған шығармаларын күнделікті оқып отыруды әдетке айналдырғам. Прозадан Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын», Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатын», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісін» сүйікті шығармаларымның қатарына қосамын.
— Уақыт тауып, бізге сұхбат беріп отырғаныңа көп рахмет, мақсаттарыңа жете бер.
Материалды дайындаған Әлия Сембай