Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

«Менің Аяным» Лира Қоныс

$
0
0

Лира Қоныс 1981 жылы Ордабасы өңірінде дүниеге келген. Халықаралық Қазақ Түрік университетінің шығыстану факультетін тәмамдаған. «Сізге ғашық қыз», «Мәңгілік сағыныш», «Құлпынай қосылған балмұздақ» атты прозалық жинақтардың авторы. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің екі дүркін жеңімпазы. Тәуелсіз «Үміт-Тарлан» сыйлығының иегері. Республикалық «Дала мен Қала» газетінде қызмет атқарған.


МЕНІҢ АЯНЫМ

- Кешке түнгі клуб «Пирамидада» кездесеміз бе?

- Уақытым жоқ, - дедім.

Жабырқап қалды.

- Кездесу керек едік.

- Басымды қатырмашы, а?!

- Сен қазір мақұл демесең, көшеге жүгіріп шығамын да, көліктің астына түсіп өле саламын.

- Маған бәрібір.

Аян жолға қарай жүгіре жөнелді. Тал арасынан атып шыға келгенде сүліктей қара шеттік көлік ызғып келіп, тежегішін басып үлгерді. Рүлдегі жігіт түсе сала, жағасына жармасқан. Өң-түсі қалмаған.

- Сотталып кете жаздадым ғой, оңбаған!
Ұрып жатты. Аян қорғанған жоқ. Жұдырық үш-төрт рет жауып өтті. Салғырт тұра берді.

- Ұр, мені өлтіріп тасташы! Неге тоқтадың? Неге басып кетпедің?!

Көліктің иесіне қарап көзін шытынай айқай салды. Анау абдырып қалған.

- Егер өлетін болсаң біреуді жаныңа байлап кетпей, өзің өл! Сені өлтіріп алып, сотталып кетіп, бала-шағамды аш қалдырар жағдайым жоқ. У ішіп өл, атылып өл, асылып өл... Інішек, құдай үшін енді жолға қарай жүгірме!
Ол жол жиегінде жүрелеп отырып, алақанымен бетін басқан Аян мен әріректе үнсіз тұрған маған кезек-кезек қарап аз тұрды да, көлігіне мініп кете барды.

- Қарашы, мені ажал да керек етпеді.

Ештеме де айтқым келмеді. Сағатыма көз жүгірттім.

- Маған қайту керек, - дедім.
Қолын көк түсті джинсы шалбарының қалтасына салып, кілтін шығарды.

- Өзім апарым саламын...

Сонау жерде қаңтарулы тұрған машинасына бет алған.

- Бармаймын! Бәрібір мінбеймін! Сені көргім келмейді!
Айқайлап жібердім. Жолай өтіп бара жатқан қыз бен жігіт бізге жалтақ-жалтақ қараған.

- Шын ба?

- Сені жек көремін!

Келе қалған таксиді тоқтатып мініп кеттім.

***

Сөмкемнен қол орамалмен  бірге сусып жылтыр сурет те жерге түсті. Аян іліп алған. Көзінде қызғаныштың оты тұтанды.

- Бұл кімнің суреті? Мұның менен несі артық?

- Адам жанын түсіне алады.

- Оны өлтіре аламын.

- Сосын мен де өлмін.

- Сосын, оны да, сені де өлтіріп, соңынан өзім аттанамын.

Аян уәде берсе орындамай қоймайтын. Қорықтым. Алдай салып сабасына түсіруді ойладым.

- Сені жақсы көретінімді білмейсің бе?

Өз құлағына өзі сенбей аң-таң.

- Мен түс көріп тұрған жоқпын ба?

- Мүмкін.

- Онда мәңгілік оянбай-ақ қояйыншы...

Құшақтай алдым. Өзімнің аярлығымнан жиіркеніп, оны аядым...

***

- Бізге енді үйлену керек, - деді ол.

- Жоспарымда жоқ.

- Апамның жазылмайтын ауру екенін білесің. Көп күні де қалған жоқ. Кеше тым құрыса алғашқы келінімнің босаға аттағанын көріп кетейін деді.

- Орында.

- Келісесің бе?

- Басқа мәселелерді бітіруім керек.

- Мектеп бітіргенше күт дедің, күттім. Университет бітіргенше күт дедің, күттім. Енді аспирантура... Үй ал дедің, алдым. Машина ал дедің, алдым. – Күрсінді. Мұнысы ызама тиген.

- Жолыңды бөгеп тұрған кім бар? Алматыда қыз көп!

- Мен саған үйленемін деп өзімді сендіргенмін.

- Ал, мен сендірмегем!

- Әл үстінде жатқан анам үшін...

- Саған басқа қыз іздеген жөн.

***

...Ол ай болды хабарласпай қойды. Бастапқы апталарда аңғармадым. Соңғы кез ойлай бастадым. Күнде көз алдымда  жүргенге көзім жаттығып, бағаламай келгендеймін. Тым-тырыс кеткеніне мазасыздандым. Оны білетін көп жылдар ішінде тұңғыш рет жақсы ойладым. Еріксіз қағаз бен қалам алып, есімін жаза бердім: Аян, Аян, Аян... жүз рет, бәлкім мың рет жазған шығармын. Кітапханада отырмын. Терезеден екі даңғылды кесіп жүйіткіген көліктер көлбеңдейді. Тал-дарақ арасынан Аян екеуіміз репертуарын жаттап алған орыс театры қарап тұр. Кітапты жаба салдым. Бұрылғаным жоқ. Әдеттегіше, әлденені сылтауратып дидарына көз жүгіртіп алып, көңілімнен шығып жатса, тілдесуіне мүмкіндік жасамадым. Ханның ұлы болса да қарағым келмеді. Өмірімде тұңғыш рет Аянның сезімдеріне адал болуым керек деп шештім.

- «Фемиданың» соңғы нөмірін сіз алдыңыз ба?

Әлгі жігіт өтірік сылтау айтып келіп тұр.

- Алған болсам алдымда тұрмай ма?

- Кітапханашы қолда деп еді...

Көзіме реніш жинап, жаратпай қарадым. Ұзын бойлы аққұба жігіт... Орта бойлы болса да, Аян мұнан сымбатты. Қараторы болған Аянға жарасады. Аянды ақтап алдым. Жалған жымиып жоғалды. Аянға хабарласуым керек деп ойладым. Әлде... ауруханаға анасының жағдайын сұрап барсам ба? Бір ретте ауруханаға бірге баруды ұсынғанда бас тартқаным үшін өкінемін бе деймін. Кездесуім керек деп шештім. Кітаптарымды тез өткіздім. Сыртқа шықтым. Жазғы кафе көзге жылы ұшырайды. Мұнда Аян екеуміз талай келгенбіз. Түнгі клубтың да есігінде қара құлып. Оның жаны ақшам түсе кіреді. Бұл жерде Аян жақсы төбелесе алатынын дәлелдеген. Аяндап алаңға да келіп қалыппын. Көлік астына түсіп, көз жұмбақ болатыны да осы тұс еді. Онысының ақымақтық емес, еркелегені екенін қалай аңғармағам?... Жол бойында машиналардың қабаттасқан сигналы естіледі. Бұрылдым. Жас жұбайлар.

Шаңырақтарын берік болсын дедім ішімнен. Ақ лимузин алдына жүрек формасындағы ақ гүлдер қыстырыпты. Мен жиырмаға толғанда Аян осындай екі мың бір ақ розаны сыйға тартып еді... Ешқашан да Аянды ренжітпеймін деп өзіме уәде бердім. Тас орындықтардың біріне тізе бүктім. Көңілді жастар әрірекке аялдапты. Ақ көйлекті қалыңдыққа көз тіктім. Қуыршақтай бойжеткен. Көйлегі керемет жарасады. Бір шоқ қызыл гүлін қоюға ескерткішке беттеді. Ал, жанындағы күйеу жігіт... Өңіріне ақ гүл қыстырған, езуінде маған әбден таныс болған әдемі жымиысы бар күйеу жігіт – менің Аяным еді. Менің Аяным...

Лира Қоныс, «Мәңгілік сағыныш»

Жалын баспасы, 2009 ж.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles