Кеше ғана дүбірлеп өтіп кеткен ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан 116 спортшы қатысып, отанымыздың абыройын асқақтатты. Жаңбырлы Лондонда өткен Олипиада ойынының орны біз үшін бөлек болды. Себебі қазақ тарихында болмаған жеңіске қол жеткізіп, елімізді таныта түстік. Өзгелерге қай жағынан болса да мықты екендігімізді дәлелдеп, көк туды желбіреткенше, әнұран шырқалғанша асықтық. Бағы мен бабы шапқан спортшыларымыздың тілеуін тілеген Қазақстан халқының да жанкүйер ретінде толағайларымызға берген рухани күші мол болды. 7 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдені қоржынға салып қомпайттық.
Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылатын жемісті де жеңісті сәт. Лондон Олимпиадасының алғашқы күнінде-ақ алғашқы алтынды қалтаға салған Александр Винокуров, серпе көтеруден әлем рекордын жаңартушы Зульфия Чиншанло, ауыр атлетші қыздарымыз Мая Манеза, Светлана Подобедова, ауыр атлетикадан он үш жыл бойы жаңартылмаған рекордты жаңартып, екі дүркін Олимпиада чемпионы атағына ие болған Илья Ильин, Бейжін олимпиадасында жолы болмай, осы жылғы ұзындыққа секіру жарысында жұлдызы жарқ етіп жанған Ольга Рыпакова, қазақ боксшыларының мәртебесін көтерген команда капитаны Серік Сәпиевті, жалғыз күміс жүлде әкеліп маңғыстаулықтардың төбесін көкке бір елі жеткізбеген Әділбек Ниязымбетовты, қола медаль иегерлері Мария Вольнова, Иван Дычко, Ақжүрек Таңатаров, еркін күрес шебері Даниал Гаджиев, қоланы қанжығасына байлаған Гюзель Манюроваларды қанша мақтасақ та жарасады. Өйткені бұл жеңіс үшін олар ұзақ күресті.
Олимпиада ойындарында қазақстандықтарды марқайтып, жанын шүберекке түйдірген Әділбегіміз 81 келі салмақтағы былғары қолғап шеберлері арасынан күміс жүлдеге қол жеткізді. Қазақ халқының абыройын асқақтатып, айбынын көрсетуге атсалысқан ел азаматымен алғашқылардың бірі болып кеше сұхбаттасудың сәті түскен еді.
— Әділбек, ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарындағы жеңісіңмен құттықтаймыз! Үнемі биік белестерден көрініп, мемлекетіміздің мерейін үстем қыла түс! Маңғыстау жұрты сені бұрыннан таныса да, Лондон Олимпиадасында саған деген сенім ерекше арта түсті. Өзің жайлы айтып өтсең...
— Отбасымнан бастар болсам, әкемнің есімі Сәбит, анамның аты Райхан. Өзімнен үлкен Батырбек атты ағам бар. Одан кейін мен, менен кейін Құмар және Әсем деген қарындастарым бар. Олар әлі кішкентай. Туылғалы бері Маңғыстау өлкесінде тұрамын.
— Боксқа қалай келдің? Боксқа келуге не түрткі болды?
— Ағам екеуміз бала кезімізде футбол ойнаушы едік. Қатты қызығатынбыз. Кейін ағам бокс мектебіне барды. Ол сол жерде жаттығып, қолғап түйістіруді үйреніп жүре берді. Мен футболымды ойнап жүре бердім. Біраз уақыт өткеннен кейін әкем мені де бокс үйірмесіне берді. Әкем боксты қатты жақсы көруші еді. Қолғап түйістіруге деген қызығушылығымды алғаш оятқан сол кісі болды. 12 жасымнан бері осы салада жаттығып келемін. Ең алғашқы бапкерім Марат ағам еді. Содан бері бір кемеде жүзіп келеміз.
— Миланда өткен әлем чемпионатына құраманың бас бапкері Дамир Буданбеков сені жарысқа алмай кетті. Бұның себебі неде? Бапкерлеріңнің сенің жеңіске жетуіңе қаншалықты әсері болды?
— Миланда өткен әлем чемпионатына бармай қалуға себеп — 2009 жылы Вьетнамда өткен Азия чемпионатында ұтылып қалуым болды. Боксшыларды да таңдаған сәтте бірқатар келеңсіздіктер болып жатады. Ал өзімнің бапкерім Марат Джакиевке айтар алғысым шексіз. Біршама тәжірибе жинақтатып, дайындық кезінде өте көп көмек беріп, білгенін үйретуден жалықпайтын. Ерінбей еткен еңбегінің нәтижесі әзірге осындай. Кейбір жарыстарға бармай қалуым, жетекшіме байланысты деп айта алмаймын. Кімнің жарысқа баратындығын басшылық қана шешеді.
— Былғары қолғап түйістіруді таңдағаныңа өкінген кездерің болды ма? Кәсіби боксқа кету ойыңда бар ма?
— Алғашқы кездері жасөспірімдер арасындағы жарыстарға шығып жүрген кезімде ұтылған сайын бапкерім Марат ағама келіп мұңымды шағатынмын. Неге менің жолым болмайды? Неге ұтылып қала беремін деген сауалдар мазалайтын еді. Үнемі ұтылып жүрген кезімде бапкерім: «Әділбек, ересектер арасына өткен кезіңде жеңімпаз боласың. Ал әзірге шыныға түс. Жеңіле білмесең, жеңістің дәмін бағаламайтын боласың! Болашағың алда!», — деп жұбататын. Тағы да жарысқа барамын жігерленіп, тағы ұтыламын. Тығырыққа тіреліп, жолым болмай жүрген кезімде де психологиялық, материалдық тұрғыдан көмектесетін. Боксты таңдағаныма өкінбеймін.
— Сонда бапкеріңнің сенің өміріңде алар орны зор дейсің ғой...
— Ия, Марат ағамды мен екінші әкем деп есептеймін. Себебі әкем мені бокс үйірмесіне әкеліп тапсырғанда Марат ағама: «еті де, сүйегі де сенікі» деген екен. Бірге жүріп көптеген қиындықтарды бастан өткердік. Аштықта да, тоқтық та да бірге болдық. Тіпті, денсаулығым болмай, сол көзімнің көруі нашарлай бастағанда да ерінбей, өзі Ресейге апарып, ота жасаттырып берген. Менің осындай дәрежеге жетіп жатқаным — сол кісінің сорғалап аққан маңдай тері мен ағарған әрбір ақ шашының арқасы. Ол кісінің менің өмірімде алар орны зор. Осындай биік дәрежеге жеткізгендігі үшін алғыс айтамын.
— Лондон Олимпиадасынан алған әсерің қандай?
— Олимпиада ойындарының жөні әрқашан да бөлек болатыны белгілі. Әрбір белдесу мен үшін өте қиын болды. Әсіресе кезең-кезең сайын қарсыластарым да мықты бола түсті. Жарыс алдында Қ.Көшербаев ағамызға: «Үмітіңізді ақтаймын» деп сөз берген болатынмын. Жарыста ұтыламын деп мүлдем ойламаған едім. Дегенмен финалда қарсыласыммен тең түстім. Екінші орынды иеленгеніме қапаланып бір күндей есеңгіреп, мазасыз күй кештім. Кейін достарым, ағайын туыстарым, жанкүйерлерім көңіл-күйімді көтеріп, әлі ақ жеңіске жететіндігіме сендірді. Күміс те жүлде екендігіне, мықтылардың сайысынан озық шыққаныма шүкіршілік етеміз. Лондон олимпиадасынан алған әсер есімде мәңгі сақталып қалатын болар.
— Жазғы Олимпиада ойындарындағы өнеріңе көңілің толмады ма сонда?
— Дәл сол сәтте көңілім толмағаны рас. Қатты күйзеліс үстінде болып, өз-өзіме келе алмай біраз жүргенім есімде. Қазір тек шүкіршілік етемін. Алдағы жарысқа толыққанды дайындықпен баратындығыма сенемін.
— Жеке өзіңнің қолғап түйістіруіңде әділетсіздік болды ма?
— Серік Сәпиев чемпион болған сәтте бір жағынан қуандым, бір жағынан қорықтым. Қуанышым — қазақтардың ішінде де алтынға қол жеткізген азаматтың болғандығы. Сескенгенім — біздің елімізде бокс саласынан бір алтын бар. Бокс жарысында мынандай жағдай болады: әр елден келген спортшы ойдағыдай өнер көрсетсе, әр елге бір алтыннан береді. Яғни, бізде бір алтын болғаннан кейін екінші алтынды бермей қойып басқа мемлекетке беріп жіберу қаупі туады. Тағы бір қауіпті жағы — Ресейден бокс категориясына финалға жолдама алған жалғыз Мехонцев еді. Бокс саласынан көрші мемлекетімізде алтын болмады. Түйсігім алдамаған екен.
— Лондон олимпиадасы қаншалықты әділетті өтті деп есептейсің?
— Жеке өзімнің жарысымда әділетсіздік болды деп айта алмаймын. Бәрі жақсы болды деп есептеймін. Бірақ қолғап түйістіру жарысы барысында кейбір салмақ дәрежелерінен әділетсіздік байқалды. Бірақ оны міне, мынау деп нұқып көрсетіп не болмаса олардың әділетсіздігін бетіне басып айта алмаймын. Олар мені тыңдамайды да. Кімге есеп қосу керектігін төрағалардың өз мәселесі. Кім медаль алуға лайық деп есептелсе, жеңімпаз сол болады. Бір мемлекеттің спортшысы медаль алуға лайық болса, жүлде береді. Ал бір ойын түрінен екі, үш медаль тек жарыс өтіп жатқан елде болатын шығар.
— Күміс жүлдегер екендігіңді естігендегі алғашқы әсерің қандай болды?
— Ең алдымен ішім удай ашыды. Егер мен 16:15 есебімен ұтылған болсам, онда ұтылғандығымды мойындар едім. Ал дәл сол кезде есептің тең түскендігіне күйіндім. Тең дәрежеде түсіп тұрып жеңімпаз бола алмау қиын екен. Күміс алғанымды естігенде есімде қалғаны көзімді тарс жұмып алып, күйінгенім. Бұл қайталанбас сәт болар. Төрт жыл бойы төккен тер еш кеткендей әсерде болғаным рас.
— Қарсыластарыңмен бұрындары қолғап түйістіріп көріп пе едің?
— Алдыңғы үш қарсыласыммен бірінші рет кездескен болатынмын. Ал Егор Мехонцевпен екі рет бақ сынап көріп, жұлдызым жанбай қалған еді. Алғаш Қазақстанда өткен чемпионат кезінде ұтылмап едім. Екінші кездесуіміз Германияда өтті. Ол кезде мен ұтылғандығымды мойындаймын. Өте үлкен есеппен ұтылдым. Үшінші кездесуімізде екеуміз де тең түстік. Төрешілер жеңісті Е.Мехонцевке берді. Бұл олимпиаданың жөні бөлек қой. Жарыстардың жарысы болғаннан кейін тек мықтылар ғана рингке шығады. Өте қиын болды. Не де болса, бұйыртқаны осы болды.
— Лондон Олимпиадасына қатысуға жолдаманы ең көп алған сала бокс еді. Бірқатар саңлақтарымыз жер сипап қайтты. Көптеген мықты боксшыларымыз тіпті финалға жете алмай қалды. Осындай жағдайдан кейін Қазақстанның бокс саласы ақсап тұр деп ойламайсың ба?
— Мен Қазақстанның боксы ақсап тұр деп ойламаймын. Себебі, еліміздің былғары қолғап түйістіру сайысынан әлемдегі деңгейі жоғары. Боксшыларымыздың мықтылығынан көптеген ел сескенеді. Ретке бөліп айтар болсақ, мықтылардың 3-4 тігінде бар екендігімізге кәміл сенемін. Осы жолғы боксшыларымыздың жүлдесіз қайтуы кейбір әділетсіздіктің болуынан дер едім. Біздің жігіттер бар күштерін салып, жеңіске қарай ұмтылып, тырысып бақты. Қазақстанның боксы ақсап тұрған жоқ. Тек оған талапты да талантты, еңбек етіп, тер төгуден аянбай, мақсатқа қарай ұмтылатын жастар жетіспейді.
— Жарыста есіңде ерекше ұмытылмастай болған сәт болды ма?
— Жарыс негізі эмоциядан тұрады. Эмоцияңды басқара білмесең жеңіліс табатының анық. Алға ұмтылу кезінде эмоция жолыңды бөгеп тастайды. Оны бұзып жарып шыққандар ғана мықты деп есептеледі. Есімнен кетпейтін сәт өте көп болды. Соның бірі ирандық Эсхан Розбаханимен болған кездесу. Екінші раунд барысында бір құлап тұрғаным есіңізде болар. Алғашқы раунда үлкен көрсеткішпен жеңіп алған соң екінші раундта оны алдап құлатамын деп ойлағанмын. Қарсыласыма қатты соққы беру мақсатында қадам басқаным сол еді, оның мықты соққысын көрмей қалдым. Соққының қатты болғаны соншалық, аяғым өзіме бағынбай қалды. Екі көзімнің оты жарқ етті. Міне, сол сәтті өмірі ұмытпаспын. Тізерлеп отыра бергенім сол еді, жаттықтыру кезіндегі соққыдан кейін өзіңді тез жинау әдісі бойымда сақталып қалғандықтан, автоматты түрде орнымнан атып тұрдым.
— Толағайларымызды ұлықтау рәсімі қалай өтті?
— Бұл жиын өте жоғары деңгейде өтті. Өмірімде мұндай толғанысқа бөленбеген болармын. Бізді қарсы алған Елбасының қатты қуанғаны жүзінен айқын білініп тұрды. Толағайларды қолдаған халқыма және бізге барлық жағдай жасаған елбасына айтар алғысым шексіз. Болашақта да спортшыларымызға қолдау көрсетуін жалғастырады деген сенімдемін. «Құрмет» орденін алғаныма қуанамын. Ауыр атлет қыздарымыз ғой көбінесе алтын алып берген. Оларға көп рахмет. Ұлықтау рәсімінде олармен жақсылап танысып, дос болып кеттік. Қазақстанның дамуына кішкене болса да өз үлесімді қосып жатқаныма ризамын.
— Маңғыстауда арнайы сенің атыңдағы спортклуб салынбақ. Бұған не дейсің?
— Толағай ретінде сый құрмет көрсеткендеріне шын жүректен алғыс айтамын. Спортклуб менің атымда болса да, бастысы ол жерде басқа да болашақ толағайлар жаттығады. Көңілге медет болары сол. Халқымның атағын дүркіретеді деп сенемін. Лондонда болған кезімде «Қазақстан деген ел бар екен» деп тамсанып жатқандығын байқадым. Міне, сол ағылшындар біздің елді спортшылары арқылы танып отыр. Ел сенімі мен үмітін арқалау ауыр жүк.
— Өмірдегі немесе бокстағы идеалың кім?
— Мен идеалсыз, ешкімге еліктемей өмір сүремін.
— «Қазақстан» ұлттық телеарнасына берген сұхбатыңда намазға жығылғандығыңды атап өттің. Қанша уақыттан бері намаз оқисың? Бұған себепкер нәрсе болды ма?
— Намазды оқып жүргендігіме 5 жылдай болды. Жарыста да жүргенде қаза қылмадым. Намаз оқуға себепкер нәрсе болмау керек. Саналы түрде түсіне білгенде ғана ниетің қабыл болады. Намаз оқып бастаған кездерімде сүрелерді жаттау барысында біраз қиналушы едім. Қазір үйренісіп кеттім.
— Жанкүйерлеріңнің сен үшін уайымдап, тілеуіңді тілегендігін, сайысқа түскеніңде сен үшін тақымын қысатындығын сезіне алдың ба? Жанкүйерлеріңе айтарың бар ма?
— Ия, жанкүйерлердің мені қолдап, мен үшін уайымдап, түнімен ұйықтамай отыратындықтарын сездім. Достарым, ағайындарым хабарласып, тіптен танымайтын адамдарға шейін «Сенің тілеуіңді тілейміз. Жүрген жеріңде туған жердің абыройын асқақтатып жүр! Намысты берме!» дейтін. Кейбіреулері түнімен ұйықтамай, менің сайысымды көргеннен кейін жұмысқа ұйқылары қанбай баратын көрінеді. Бастықтары ұйқтамау себебін сұраса, мән-жайды айтып беретін көрінеді. Басшылары да: «Е, оларың дұрыс! Қолдау керек!» деген кездері болыпты. Халқың сенің еңбегіңді бағалағандығы үшін шаршап, ұйқысыз жүре беруге болады. Себебі ол саған сеніп, түн ұйқысын төрт бөліп отыр. Мұндай жағдайдан кейін қалай сен жігерленбейсің?! Жанкүйерлерге айтар алғысым шексіз! Қазақтың жігіттерінің үлкен аренаға шыққан сәтте қолдаушысының бар екендігін көрсеткендігіне қуандым. Қазақстан спортшылары үшін уайымдап, үйдегі көгілдір экранның артынан көз жасын төгіп жүрген халқыма үлкен рахмет. Ерді елі қолдамаса, ол биікке жете алмайтынын ескерсек, биылғы тарихи жеңіс жанкүйерлердің қолдауының арқасында болды дер едім. Денсаулықтары болып, азаматтарының тілеуін тілеп жүре берсін.
— «Вnews.kz» журналисіне берген сұхбатыңда шетелге шығып демалатындығыңды айтқан екенсің? Қайда демалмақ ойың бар?
— Қайда барып демалатындығымды әлі шешкен жоқпын. Бірақ, міндетті түрде шетелде демалып қайтуым керек. Қазақстандағы демалысым демалыс болмайды. Қазірдің өзінде ұялы телефоныма тыным жоқ. Барлығымен сөйлесіп, барлығына жауап беруің керексің. Үлкен ағалар хабарласып құттықтап жатады. Жаңа қалыптасқан жағдайға үйреніспеген мен үшін бұл өте қиын соғуда. Шетелге шығып, телефонды сөндіріп, барлығын ұмытып жақсылап демалып алсам, қайтып келіп дайындықты бастаймын. Әлі күнге дейін дұрыс ұйықтай алмайтындығымды жасырмаймын.
— Болашақтағы жоспарларыңмен бөліссең?
— Болашақтағы жоспар мен мақсат Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына қатысып, жеңімпаз атану. Дәл қазіргі таңда менде одан басқа мақсат жоқ. Рио-де-Жанейродағы сапарымда жеңімпаз болсам, спортты қою керек. Себебі жас та келіп қалды. Отбасы құрып, тұрақты жұмыс жасауым керек. Негізі спорт саласы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдағанмын. Алла бұйыртса, осы жылы юрист мамандығына тапсырып, оқуымды жалғастырсам ба деген ойым бар.
— Бокстан басқа немен айналысасың?
— Бокстан басқа футбол ойнағанды жақсы көремін. Ара тұра достарымызбен жиналып, жарыс өткізіп тұрамыз.
— Өзің сияқты болашақ Олимпиада жеңімпаздарына айтарың...
— Жастар спортпен айналысып, өздерінің денсаулығын нығайтып, денесін шынықтырып, халқымыз үшін үлкен жеңістер әкелсе екен. Тынбай еңбектеніп, мақсаттарыңа жетпейінше, тоқтамаңыздар. Жігерлеріңіз жасымасын!
— Сұхбатыңа рахмет! Жеңіске жете бер, Әділбек!
Сұхбаттасқан:
Рысгүл Мәтжанқызы