Кеше, яғни 6 қыркүйек күні, Алматы қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Оркестрлер шеруі» атты музыкалық фестиваль басталды. Үш күн қатарынан өтетін концерттік бағдарламаның бірінші күні Нұрғиса Тілендив атындағы «Отырар сазы», К.Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар, Мемлкеттік Академиялық Симфониялық және ҚР Ұлттық үрмелі оркестрлері көпшілік назарына өз өнерлерін паш етіп, қала тұрғындары мен қонақтарына әдемі кеш сыйлады.
Ашық аспан астында өтетін музыкалық фестивальге биыл Альфия Кәрімова (Ресей), Сүндет Байғожин, Mezzo квартеті, Сон Паскаль (Ұлыбритания), Ирина Левина, Вахтанг Торрели (Ресей), Андрей Илькив (Украина), дирижерлер: Ваг Папян, Дінзухра Тілендиева, Александр Беляков сынды бірқатар өнер иелері қонақ ретінде шақырылған. Сонымен қатар, бұл жылы оркестрлер шеруіне әлемге танымал «Luna» әнінің авторы, әрі орындаушысы итальян теноры Алессандро Сафина қатысады.
Қасымова Раушан, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы:
Бұл фестивальді өткізу туралы ой осыдан үш жыл бұрын туған болатын. Бүгінгі күні «Оркестрлер шеруі» атты фестивальді жыл сайын өткізу дәстүрге айналып отыр. Фестивальдің бірінші күнін ұлттық музыка ашты. Ертең, яғни 7сі классикалық музыка, 8-күні үрмелі аспапты оркестрлер өнерлерін көрсетеді.
Өткен фестивальдерден бұның айырмашылығы - тек қатысқан оркестрлерде деп айтар едім. Мысалы, бірінші фестивальде тәжірибелі оркестрлермен қатар музыкалық училищелердің, мектептердің түлектері де өнер көрсеткен болатын. Ал екінші жылы тек танымал оркестрлер өнер көрсетті.
Марат Омаров:
Eventicа компаниясы осы іс-шараны ұйымдастыруды тендрдан ұтып алған болатын. Әкімшіліктің бізге сенім артқанына өте қуаныштымын. Жалпы дайындыққа 2 айдай уақыт жұмсадық. Бірақ бұл осындай үлкен іс-шара үшін аз уақыт. Барынша барлығын уақытылы үлгеріп жасауға тырыстық, не дегенімен біраз кемшіліктер бар. Мысалы, мен мына орындықтарда 10 мың адамның отырғандығын қалар едім, бірақ ол 3 мың дегендей... Кем дегенде 7 мыңдай адам болғанда жақсы болар еді. Бірақ өткен жылғылардан жақсы. Себебі өткен фестивальде арнайы шақыру арқылы келген болатынмын, тек шақырылғандар ғана отырып, көрермендердің жартысынан көбі тұрып тұрды. Сонда неге осы халықтың барлығын отырғызбасқа деген ой келген. Биыл ұйымдастыруды өз қолымызға алғаннан кейін арнайы орындықтар қойып, қолжетімді бағада билеттерді сатылымға шығардық. Қазір қарап тұрсам, халық бұны жақсы қабылдаған сияқты. Ұйымдастыру жағынан ешқандай ақаулар болып жатқан жоқ. Бастысы шам бар. Алдағы жылдары әкімшілікпен бірлесіп, бұдан да үлкен көлемде керемет қылып өткіземіз деп ойлаймын.
Азамат Керімбай, үйлестіруші:
Мен бұл «Оркестрлер шеруі» туралы Eventicа компаниясында жұмыс істейтін танысым арқылы естіп, жазғы уақытта үйде жай жатпай, осы шерудің өтуіне аз да болса көмектесейін деп, үйлестіруші ретінде келдім. Үйлестірушілер болып фестивальге бір айдай дайындалдық. Бір ай бойы университеттерге және тағыда басқа мекемелерге барып, хабарландырулар ілдік, шақыру билеттерін тараттық және осы соңғы бір апта ішінде аппаратураларды орналастыру жұмыстарымен айналысып жүрдік. Өзіме өте ұнап жатыр. Өйткені бұл жылына бір рет қана өтетін ерекше концерт. Бұл фестиваль әрбір тыңдарманына рухани азық беретіндігіне сенімдімін.
Маржан Төлеева, көрермен:
Бұл фестиваль жайында интернеттен білген болатынмын. Бүгін құрбым Анар шақырғаннан соң келдім. Өзіме классикалық әуендер өте ұнайды. Әсіресе музыкалық аспаптармен өңделген түрлерін ерекше ұнатамын. Бәрі жақсы өтіп жатыр. Бірақ бір ұнамағаны - фестивальдің ресми сайтында бұл іс-шараның ақылы екендігі айтылмаған. Қазір келсек, кіру үшін билетті «Меломаннан» алыңыздар деп ішке кіргізбеді. Екі кештің ортасында «Меломанды» қайдан іздеп жүресің, кассалары да жабық. Енді сыртында тыңдап тұрмыз.
Бүгін бұл фестивальден Mezzo квартеті мен Сон Паскальді ерекше күтіп отырмын.
Әлия Батырбекова, көрермен:
Фестиваль жайында Facebook әлеуметтік желісі арқылы біліп келдім. Өзім меломан болғандықтан, классикадан бастап ауыр рокқа дейінгі барлық музыкалық туындыларды сүйіп тыңдаймын. Бұндай іс-шаралар қаламыздың мәдени дамуына үлес қосады деп ойлаймын. Сонымен қатар, осындай дүниелер жастардың классикалық музыкаға деген көзқарасын өзгертетіндігіне сенемін. Ауа райының сәл салқын болып тұрғандығы болмаса, бәрі керемет.
Mezzo квартеті:
Биыл «Оркестрлер шеруіне» біздің квартет бірінші рет қатысып отыр. Бізді ұйымдастырушылар қонақ ретінде шақыртты. Фестиваль өте ұнап жатыр. Бұл іс-шара жастарды әдемі музыкамен таныстырудың бір жолы. Әрі осындай іс-шаралар жас орындаушыларға тәжірибе жинауға, алмасуға өте жақсы алаң. Сондықтан болашақта да осындай фестивальдерге жиі қатысып тұрсақ деп ойлаймыз.
_________________________________________________________________________
«Оркестрлер шеруі» өтетін орын: Республика Сарайы, Абай атындағы алаң
Концерттер өтетін уақыт: 6-7-8 қыркүйек
Басталатын уақыты: 20:00
Билет құны: Тегін. Ал жабық алаңда көру - 1000 теңге, билеттерді Республика Сарайының кассасы мен «Меломан» дүкендерінен алуға болады.
Мәтін, фото: Айнұр Ракишева,
Айжан Кәрібаева