Күз басталғалы Алматының мәдени өмірі жаңдана түсетіні бәрімізге мәлім. Кеше ғана дүбірлеп өткен «Оркестрлер шеруі» соның айғағы. Алдымызда жаңа театр маусымының ашылуы. Жаз бойы балет, опера, драма мен комедияларды сағынған көрермен үшін «Екпін» журналы афиша ұсынуда. Мәдени кештерден қапы қалмаңыздар.
Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының 87-маусымы.
Қашан: 3 қазан
Театрды ашатын қойылым: «Абай»
Жанры: трагедия
Қоюшы-режиссер: Е.Обаев
Қоюшы-суретші: Е.Тұяқов
Билет құны: 300-600 теңге
Мұнда Абайдың соқтықпалы-соқпалы өмірі, адами тыныс-тіршілігі, сонымен қатар, жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен болмысы көрінеді. Бұл қойылымда режиссер Абайдың творчествосындағы ән мен философиялық шығармашылығына көп көңіл бөлген. Ақынның бір философиялық өлеңінің, бір әнінің өзі философиялық уақыт пен адам тағдырына алып келеді. Абайдың ақындық, композиторлық шығармашылығы және сүйемелдік қасиеті, жақсыны көре білетін, ғашықтықты бағалай білетін, шәкірттеріне ұстаздық жасай білетін адам екендігін көрсететін қойылым.
Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрында 68-маусымның ашылуы.
Қашан: 9 қыркүйек
Маусымды ашатын қойылым: "Жоғалған уақыт туралы ертегі" ("Сказка о потерянном времени")
Жанры: ертегі
Қоюшы режиссері: Алексей Орлов (Ресей)
Қоюшы суретшісі: Эрик Дюсембаев
Билет құны: 400-450 теңге
Уақыттың құндылығы мен жастықтың мәні, кәрілікті қалай қарсы алу керек деген сынды сұрақтар кішкентай балаларды ешқашан мазаламайтыны анық. Әйтпесе Евгений Шварцтың осы уақыт туралы ертегісі туындамас та еді. Алайда жастығын құр босқа өткізгендерді не күтіп тұрғаны жайында одан өзге ешкім соншалықты шынайы жазбаған. Оқылмаған сабақ, құр босқа жүру, сабаққа бармау – осы барлығының жазасы ретінде мезгілсіз кәрілік келсе ше...
Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының 79-маусымы.
Қашан: 12 қыркүйек
Операны ашатын қойылым: "Абай"
Жанры: трагедия
Қоюшы режиссерлері: К. Байсейітов, ҚР халық әртісі, Б. Досымжанов, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік премияның лауреаты
Қоюшы суретшісі: А. Ненашев, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері
Билет құны: 600-1 700 теңге
Бұл операда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының өмірі, оның барлық қарама қайшылықтары, феодалдық, рулық топтарға бөлінісі айқын көрініс тапқан. Сократ, Платон, Аристотель сынды ежелгі философтардың, Белинский, Салтыков, Щедрин сынды орыс жазушыларының туындыларымен толық танысып, тіпті Пушкин мен Лермонтовты аударған білімі мол Абайдың қызығушылығы кішкентайынан мүлдем өзгеше болған... Ал бүгінгі күні ауыздан-ауызға жетіп, әрбіріміз жатқа айтып жүрген өлеңдердің көбін ақын музыкаға салып орындаған. Өзінің елінің жарқын болашағына сенген Ұлы ақынның осы музыкалық мұрасы көп ұлтты мәдениетіміздің алтын қорына қосылып отыр.
Балетті ашатын қойылым: "Аққулы көл"
Қашан: 13 қыркүйек
Жанры: классика, романтика
Қоюшы- балетмейстер: В. Бурцев
Қоюшы суретші: Г. Исмаилова
Билет құны: 600-3 000 теңге
Мемлекеттік академиялық би театрында 45-маусымның ашылауы.
Қашан: 13 қыркүйек
Театрды ашатын қойылым: «Революция қырандары» («Соколы революции»)
Көркемдік жетекші: Болат Аюханов
Билет құны: 1 000-1 200 теңге
Уақытқа байланысты қысқа, не ұзаққа созылып кеткен оқиғалар болады. Ал тарихи фактілер көпжылдық кесірге айналып кетуі де ықтимал. Тарихты әлемнің бір бөлшегі болып табылатын оқиғалар құрайтындығын ескерсек, әлеуметтік революциялар адамзатты қанау туралы үнемі айтылатын әңгімелерге айналып кетеді. Бостандық болса, осы революциялық эксперименттердің шырмауында қалып отыр. Алайда, не дегенімен, бақыт туралы арман үміт отын жағуда...
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры.
Қашан: 3 қазан
Маусымды ашатын қойылым: «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу»
Жанры: трагедия
Қоюшы режиссері: Жанат Хаджиев
Қоюшы суретшісі: Ерлан Тұяқов
Билет құны: 250-500 теңге
Жастық пен махаббат, сұлулық пен нәзіктік, шынайылық пен іңкәрлік, сүйіспеншілік пен адамгершілік, сенім мен сезім тақырыптарынан сыр қозғап, адамдық пен адалдықты сөз етер, сертке берік екі жастың арасындағы ғашықтық жырларын шертер «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымы – өнер мен өмір, тәрбие тағылымы мектебі екені хақ.
Ғабит Мүсірепов жазған бұл туынды – көпшілік-көрерменге оқиғасы жағынан өте кеңінен таныс. Дегенмен, бұл жолғы Қозы Көрпеш те, Баян да – басқа… Жаңа...
Михаил Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының 80-маусымының ашылуы.
Қашан: 5 қазан
Театрды ашатын қойылым: «Үй» («Дом») қойылымының премьерасы
Қазіргі заманның сахналануы
Билет құны: 1 000-1 200 теңге
© Екпін