Екпіннің «Алматы көшелеріне саяхат» атты айдары апта сайын қала көшелері иеленген есімдердің сырын шертуді жалғастырады. Бүгін Қазақстанның партия, совет қайраткері, Қазақстан мен Түркістанда Совет өкіметін орнату жолындағы күреске белсене қатысушы және жалынды публицист Абдолла Ахметұлы Розыбакиев құрметіне берілген көшеге саяхаттаймыз.
Абдолла Ахметұлы Розыбакиев 1897 жылы Алматы облысындағы қазіргі Еңбекші қазақ ауданындағы Киікбай ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан Елікақпар ағасының әңгімелерін тыңдап, Шығыс пен Ресей ақындарының өлеңдерімен сусындаған Абдолла ақылды, әрі зерек болып өседі. Жасы жеткенде әкесі Ахмет оны медресеге оқуға береді. Алайда Абдоллаға медреседе қызық болмайды. Сөйтіп ол ағасы Елікақпармен кетіп қалып, орыс мектебіне оқуға түсуді өтінеді. Алматы қаласына келіп, приход училищесіне оқуға түседі. Одан кейін Верный мұғалімдер семинар сыныбында, бухгалтер курсында оқып, Верный банк бөлімшесінде қызмет істейді.
Павел Виноградов және оның достарымен болған кездесу Абдолланың өмірін күрт өзгертеді. Содан бастап ол түрлі шерулерге, революциялық қозғалыстарға қатыса бастайды. Кейін 1917 жылдың сәуір айында «Верный мұсылмандарының біріккен еңбек одағын», ал сол жылдың қазан айында ұйғырлардың «Алға» атты тұтыну қоғамын құрып, О. Жандосов, П. Виноградов, Т. Бокин, т. б. қоғам қайраткерлерімен бірге Жетісу өңірінде Кеңес өкіметін орнатуға қатысады.
Абдолла Розыбакиев қоғам мүшелерін топтастыру және оларға большевиктік рухта идеялық тәрбие беру жөнінде үлкен жұмыстар жүргізген. Верныйда Совет өкіметін орнату кезеңінде революциялық-әскери комитет құрамына кіріп, Совет өкіметін нығайту, советтік құрылысқа жергілікті ұлт кедейлерін тарту жөнінде белсенді жұмыс атқарды. «Апрель» бүлігі кезінде де ақ казактардың қоршауында қалған Верныйға көмек көрсету үшін қазақ, ұйғыр және орыс кедейлерінен Жаркент уезінде Қызыл гвардия отрядын құрған.
1918 жылы ол Верный қалалық партия ұйымы жанындағы мұсылмандар секциясын басқарып, әрі Жетісу облаткомының ұлт мәселелері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.
Уақыт өте келе көзқарастар да өзгере бастау заңды құбылыс. Ендігі жолы басшылардан тек ұйымдастырушылық қабілет қана емес, терең білім де қажет болды. Осыны жақсы түсінген Абдолла Мәскеудегі Я.М.Свердлов атындағы Коммунистік университетке түсіп, 1925-1927 жылдар аралығында білім алып шығады.
30-шы жылдары Қазақстанды жайлаған голощекиндік ашаршылық кезінде мыңдаған адамдар қырылып жатты, тамақ өнімдеріне қатаң қадағалау қажет болды. Сол уақытта өкімет бұл қиын жұмысты Абдолла Розыбакиевке тапсырып, ол халықтық комиссар қызметін атқарады.
Сондай-ақ жап-жас Абдолла болыстық басқарушыны сайлау туралы «Мансапрасас» («Мансапқор») атты пьеса жазады. Бұл туындысы арқылы көпшілік оның жазушылық қасиетін көреді. Розыбакиевтің шығармашылық қабілеті жайында сол кездегі көптеген мақалалар, тіл, әдебиет, өнер жайындағы сөздер дәлел. Сондай-ақ орыс, қазақ, өзбек және татар тілдерін өте жетік, әрі таза меңгерген ол аударма істеріне де аса көңіл бөлген.
Кейін Розыбакиев толығымен ғылыми жұмыстармен айналысуды ойлайды. Сөйтіп Мәскеудегі Халықаралық лениндік мектепке аспирантураға түсіп, КСРО халықтары марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерін аударатын редактор-аудармашылар орталық курсының меңгерушісі болып қызмет атқарады.
1937 жылы Алматыға қайта оралған сәтінде ол Қазақстан КП ОК-нің баспасөз және баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Абдолла Розыбакиевтің мерзімді баспасөз, баспа ісі жөнінде үлкен армандары болады. Алайда 1937 жылы өзінің туған халқы ұйғырды жан-тәнімен сүйген ұлы, туған жері Қазақстанды құрметтеген азамат Абдолла Розыбакиев саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, 1938 жылы жазықсыз атылып кете барды.
Абдолла Розыбакиев 1921 жылдың 1 маусымында дүниеге келген ұйғыр халқының тұңғыш баспасөз органы «Камбагаллар авазидің» («Кедей үні»), алғашқы көркем әдеби «Биринчи чамдам» («Алғашқы қадамдар») альманахының негізін қалаған. 1918-1925 жылдар аралығында Жетісуда шығып тұрған «Жедису эшчи-халык мухбири» , «Көмек», «Бұқара», «Кедей еркі» газеттерінің редколлегия мүшесі және редакторы болған. Ал 1931 жылдан бастап «Кзыл танг» журналының редакторы болып қызмет атқарған. Розыбакиев ұйғыр әдебиетінде өзінің өшпес ізін қалдырып кеткен ұлы тұлға болған десек артық айтпағанымыз болар еді.
Розыбакиев көшесі 1962 жылға дейін 17-линия деп аталып келген. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай Райымбек даңғылынан басталып, әл-Фараби даңғылына дейін созылып жатыр. Абай даңғылы, Сәтбаев, Жандосов, Тимирязев, Төле би т.б. көшелерін қиып өтеді.
Көше сонау 40-шы жылдары Есентай және Қарасу өзендері аралығындағы территория қала аймағына енген кезде қалыптаса бастаған. Бұл аудан бірнеше ықшам аудандарға бөлінді де, арасындағы түзу көшелері «линиялар» деп аталынды. Көшенің бұрынғы атауы осыған байланысты. Сол кезден бастап қазіргі Розыбакиев көшесі қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі маңызды транспорт магистралі болып есептеліне бастады. Қазірде мұнда көптеген банктер, дүкендер, кафе, дәмханалар, Мега сауда орталығы, Қарасу базары, Спорт орталығы, т.б. ғимараттар орналасқан.
Мәтін: Айнұр Ракишева
Фото: Айжан Кәрібаева
________________________________________________________________________
Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі
Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі
Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі