Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

16-қараша — Халықаралық толеранттылық, мейірімділік күні

$
0
0

ЮНЕСКО-ның «Толеранттылық қағидаларының декларациясында» бір-бірімізді тұлға ретінде сыйлауымыз керек, әр адамның түр келбетіне, әлеуметтік жағдайына, құндылықтарына, жүріс-тұрысына қарамастан, ол өмірде өз индивидуалдығын сақтауы керек, Жерде бейбітшілік пен мейірбандық ортасында өмір сүруі керек жайлары айтылған екен. Осындай күндері ойымызға еріксіз көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандар есімізге түседі. Ал «кіжінуің көп, килігуің жоқ» дегендей, сөйлеп қана қоймай, іс жүзінде көмек көрсетіп жүрген адамдар бірен-саран. Солардың бірі, «Екпіннің» бүгінгі кейіпкері еліміздегі ең жас редактор — Қуаныш Кәрім. Ол бүгінде 22 жасқа енді келсе де, «Жан мейірі» атты қайырымдылық журнал ашып, қазірдің өзінде көптеген жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп жүр.


Демалыс күнінде де жұмысқа шыққан Қуаныштың редакциясы жайлы екен, атына заты сай редактордың өзі де, айналасы да мейірімділік флюидтеріне толы. Сонымен амандық-саулық сұрасқаннан кейін, Қуаныш ісін қалай бастағаны, журналдың басты шаралары жайлы әңгімесін бастап кетті.

— Қуаныш, ҚазҰУ-де оқып па едіңіз?

— Иә, 2007-2011 ж.ж. ҚазҰУ-де, филология факультетінде оқығанмын. Енді магистратураға түспек ойым бар.

— Ал не себепті филология факультетін таңдадыңыз?

— Негізі 7-ші сыныптан бастап, мен екі мектепте оқыдым. Біріншісі — өзім туған Талдықорған қаласы Амангелді ауылындағы кәдімгі мектеп болса, ал екіншісі — музыкалық мектеп. Таңертең типтік мектеп бағдарламасын оқысам, түстен кейін музыкалық сауаттылығымды ашып жүрдім. Сонда мен 7-ші сыныптан бастап есейдім десем болады. Уақыттың қымбаттылығын сол кезде білдім. Бір сабақтан шығып, қайта сабаққа барып, кешкісін 2 үй тапсырмасын істеп жүрдім. 11-ші сыныпта елдің бәрі мектеп бітіріп, аттестат алып жатқанда, мен аттестатпен бірге музыкалық мектептің дипломын алып жаттым. Бір артықшылығым сол болды. 11 бітіре салып, мен музыкалық мектепке мұғалім болып орналасатындай деңгейге жеттім.

— Ал онда қандай аспапты меңгердіңіз?

— Бірнеше аспапты меңгердім: домбыра, гитара, баян, пианино. Бұл аспаптардың құлағында ойнамасам да, өз деңгейімде, өзім ұнататындықтан ойнаймын. Менің егізім бар. Егізім — қыз. Ол Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірді. Мен музыкалық мектеп бітіріп, ал ол өнер академиясын таңдаймын дегеннен кейін, үйдегілердің «екеуің бірдей өнер жағына барып қайтесіңдер, біреуің біраз басқа сала таңда» деген өтініштері болды. Содан мен журналистика саласын таңдамақшы болып, филфакқа түсіп кеттім. Жалпы ҚазҰУ-ға түсу әкемнің арманы еді.

— Сонда Талдықорған қаласында туып-өстіңіз ғой?

— Иә, сонда. Отбасымызыда үш ағайындымыз. Егізім-Гүлдәурен, сосын 1992 жылғы інім Тілеген. Әке-шешем қарапайым адамдар. Әкем мектепте күзетші болып қызмет жасайды. Анам үй шаруашылығымен айналысады.

— Рахмет, жалпы «Жан мейірі» журналын шығару идеясы қашан пайда болды?

— «Жан мейірі» журналы 2-курстан бастап пайда болған дүние. Журнал пайда болуының қысқаша тарихы да бар: бойым ұзын болғандықтан, мектеп кезінен спортпен, оның ішінде баскетбол, воллейболмен белсенді шұғылдандым. Бірнеше жарыстарға барып, кубок, медальдар алғанмын. Солай айналысып жүргенде, аяқ асты жаттығу кезінде қателік кетіп, аяғымнан жарақат алғанмын. Ол 9-шы сынып болатын. Содан бастап қыс болса, көктем болса, аяғым ауыратын болды. Сол ауру асқынып, 2-курс кезінде операция жасатып, ол сәтсіз болғандықтан, балдақпен жүретін деңгейге дейін жетті. Балдақпен жүрген кезімде, мүгедек адамдардың, жетім балалардың қандай күй кешіп жатқанын білдім. Олардың бізге қарағанда жігерлі, қайратты болатынын көрдім. Сол балдақпен жүрген кезде 22 группаласым мені алақанында ұстады. Сабағыма көмектесіп, тамақ жасап, киіміме дейін үтіктеп үлкен қолдау жасады. Қыздар, ұлдарға дейін жүгіріп жүрді. Мен сонда бір сәтке сондай күйге ұшырадым, ал өмір бойы сондай қиындықтармен күресіп жүретін адамдар бар емес пе? Олардың өмірін айтып-жеткізу өте қиын. Ең бастысы, көзім жеткені олар бізге қарағанда өмірді бар жан-тәнімен сүйеді екен.

Сол кездері осы жағдай мені қатты толғандырды. Сондай-ақ 1-ші курстан бастап әр жексенбі жетімдер үйіне барып тұратынмын, олардың да жағдайы жаныма бататын. Осының бәрі келе-келе себеп болды деп ойлаймын. Оқуды бітіре салысымен, осы журнал пайда болды. Қазірде журналымызға бір жыл толды. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Министрлік, «Нұр Отан» партиясы маған қолдау көрсетеді деп мүлде ойламаппын. Ол кісілердің назар аударып, алғыс хат жіберіп жатқан кезде игі нәрсе жасап жатқанымызға марқайып қалам.

— Журнал ашамын деп ниеттенген кезде, сізге қолдау жасаған кімдер болды?

— Группаластарымның бір айлық стипендияларын жинап алғам (күліп). Ашамын деген сәтте олардың барлығы маған көмектесті. Жаңа айтып кеткенімдей, өзім өте қарапайым отбасынанмын. Әкем 22 мың теңге жалақы алады. Ол үйдің шаруасынан аспайды, білесіздер. Сол себепті группаластарым, ағаларым қолдау көрсетті.

— Журнал шығаруда бас кезінде қандай қиындықтар болды?

— Идея ойға келгеннен кейін, ол іс жүзінде дәл қазіргідей бола қойған жоқ. Оның құжаттарын жасату, министрлікке тіркету, мөрін алу, жеке кәсіпкер куәлігін алу деген сияқты жұмыстардың бәріне де қарызданып әйтеуір бастама ретінде алғашқы саны шықты. Оқуды 2011 жылдың шілдесінде бітіре салып, журналды тамыз-қыркүйек айларында шығардық. Алайда ол мүлде өзін-өзі ақтамады. Алғашында таныстыру мақсатында көп жерлерге тегін тараттық. Ол алғашқы саны, шыны керек, дұрыс құрылмаған, қызықтыратын ештеңесі де болмады. Алайда алғашқы болғандықтан, өзіме ыстық. Кейін екінші санына, тегін таратып жүрген кезде кездейсоқ көріп қалған бір ағамыз қаржылай көмектесті. Одан кейін журнал өзін-өзі ақтауға жетіп, қазірде басқа біреулерге көмектесетін деңгейге жетті.

— Ал неліктен «Жан мейірі»?

— Басында «Мейірім» деп қоймақшы болдық. Алайда министрліктен куәлік алар кезде ондай фонд бар болып, ол атау бос болмады. Содан алдына «жанын» қосып, «Жан мейірі» болды.

— Қазірде журнал біраз қайырымдылық шараларымен айналысады екен. Сол туралы толығырақ айтып кетсеңіз?

— «Жан мейірі» журналы ашылғалы нақты жұмыс істеп жатқанына сегіз ай болды. Сегіз айдың ішінде біз 40-тан астам студентке 15 мың теңге көлемінде стипендия тағайындадық. Жаңа жылға дейін студенттер санын 50-60-қа дейін жеткізу жоспарланды. Сондай-ақ Қазақ Ұлттық Университетінің «Айналаңды нұрландыр» бағдарламасы мен «Жан мейірі» журналы бірігіп, «Шын жүректен» деген акция өткізіп жатыр. Бұл акция бойынша 14 жатақханаға кіріп, жұмыс барысын түсіндірдік. Акция нәтижесінде, бір жетім қыздың бір жылдық оқу ақшасын төлеп беретін болдық. Мұндай шаралар тек Алматыда емес, 14 облыстың 7-8 ауданындағы университеттерде де берілді.

Сондай-ақ жетімдер, мүгедектер үйіне барған сайын әншілерге «барып қайтайықшы» деп жалынатынбыз. Оларға кейде материалдық жағынан гөрі, бір көңіл-күй, мейірімділік жетіспейді. Сондықтан барған сайын әншілерге жалынудан жалығып кетіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында актер мамандығының 3-курс студенті Айбек Айдынұлы деген керемет дарынды баланы осы «Жан мейірі» журналының жеке әншісі ретінде шығаруды ұйғардым. Айбектің айтатын әндерінің басым көпшілігі мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға рух беретін, көңілін көтеретін әндер болады. Бейнебаяндар түсіру жоспарда бар. Айбек көптеген байқаулардың жеңімпазы. Ең басты бағындарған белесі — 20 жаста болса да Елбасының жарлығымен түсірілген Абай Құнанбаевтың 5 сериялы деректі фильмінде Абайдың рөлін ойнауы.

— Арнайы бір көрме ұйымдастырып жатырсыздар деп естідік?

— Интернет арқылы хабарласып, бізге аяғымен, аузымен салған мүмкіндігі шектеулі жандардың суреттерін жіберіп жатады. Біз солардың суреттерін бір университет қабырғасында көрме ретінде өткіземіз. БАҚ өкілдерін шақырып, сол арқылы оларға бір көмек болса екен дейміз. Алайда бұл «аузымен салған сурет» деп жұртты таң қалдыру мақсатында емес, балаға көмек көрсету мақсатында жасалынады. Мүмкін сол көрмені көру арқылы біреу көмектесіп қалар деген ой бізде.

Осы сынды шаралар өткізіп тұрамыз. Мысалы, журнал енді ашылғанда Студенттер сарайында «Мейірімді жүрек» деген концерт ұйымдастырдық. Оған 29 әнші шақырған болатынбыз. Сол атты пайдаланып, қазір «Мейірімді жүрек» деген қор аштық. Бұл қор аяқ асты біреуге операция керек болғанда не бір студенттің оқуын төлеу керек болғанда қолданылады. Қазірде «Жан мейірі» журналына бүкіл республика бойынша жазылу жүріп жатыр. Қаңтар айына дейін 20 мың адамды жаздыру жоспарланып отыр. Егер сол жоспарымыз іске асса, «Мейірімді жүрек» қорына әр данадан 10 теңге аударамыз. Сонда 20 мың адам жазылса, қорға айына 200 мың теңге түсіп отырады. Ол айына 1-2 адамға көмек ретінде бөлініп отырады. Бір журнал жылына 2000 теңге, сонда әр адам жазылу арқылы қайырымдылық жасап отырады.

Әрине, әр адам қандай журнал оқыса да өз еркі, алайда меніңше, қазірде жұлдыздар жайлы көптеген журналдар қаптап кетті. Біреуінің алған сұхбатын екіншісі басып жаза береді. Кім-кіммен ажырасып жатыр, кім-кіммен жүріп жатқанында біздің шаруамыз жоқ, бізге көмектесіп жатқан әншілер, олардың жақсылығы жайлы жазамыз. Олардың қатарында, мысалы, Ұлықпан ағамыз, Қайрат Нұртас, Қайрат Түнтеков сынды әншілер бар. Сондай-ақ қазірде мен министрлікке жаңа бір ұсыныс тастадым. Қазақстан бойынша шығып жатқан газет-журналдар «Мейірімді жүрек» қорына әр данасынан 1 теңге аударып отырса. Мысалы «Жұлдыздар отбасы» 40 мың данамен шығады, әр данасынан 1 теңге аударса, айына 40 мың теңге болады. Сонда қаншама ақша жиналар еді, қаншама адамға көмектесуге болар еді.

— Журналдың бағасы қанша? Дүңгіршектерде сатыла ма?

— Журнал бағасы — 200 теңге. Дүңгіршектерге тек жылдың басында тіркейді екен, біз былтыр ашқан уақытта қалып кеткен болатынбыз. Құдай қаласа, 2013 жылы, яғни жаңа жылдан бастап дүңгіршектерден сатылатын болады. Ал жазылу бойынша адамдарға Қазпочта арқылы жететін болады.

— Ал журналдың болашағын сіз қалай елестетесіз?

— Негізі журнал ашпай тұрып, оқу бітіріп жатқан кезімде видео түсіргенмін. Онда мен барлық жоспарларымды айтып, осы журналды 27 жасыма дейін жүргіземін деппін. Бес жылда бірнеше адамның шет елдегі операцияларына көмектесіп, студенттерге грант тағайындау сияқты үлкен жұмыстар атқарам деп жоспарлағанмын. Журналды да, Айбекті продюссерлеуді де 5 жылға жоспарладым. Егер Алла қалап сол үлкен мақсаттарымның бәріне қолым жетсе, журналды тоқтатамын. Егер де басқа біреу қолға алып жатса, берер едім. Алайда, меніңше, кез келген журналдың ғұмыры көп болмайды. Егер бес жылда «Жан мейірін» халық біліп, көмегін көріп жатса, онда мақсатымызға жеткеніміз, сол абыройымызбен кеткеніміз дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, Шоқан Уәлиханов, Ғани Мұратбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Төлеген Айбергеновтар 29 жастарында бір кітап жазып тарихта қалып кеткен жоқ қой. Барлығы 17-18 жастан бастап ел арасына кірісе бастаған. Сондықтан мен 22-де болсам да, өзімді жас деп ойламаймын. Өзімнің қатарластарымнан басқаша ойлайтын сияқтымын.

— Жаңа болашақ жоспарларымды тізіп бір видео түсірдім деп жатырсыз, ол сіздің бір сәттілікке жету тәсіліңіз болар. Жалпы сіздің ойыңызша, сәттілікке жету үшін не істеу керек?

— Менің ең басты қағидам: «Кім тәуекел етпейді, сол мақсатына жетпейді». Осыны жақсылап түйсініп алу керек. Тәуекелшіл болу керек. Бизнесте алғашында міндетті түрде «ұшып кетесің». «Ұшып кетсең» де, құлап қалсаң да мойымау керек. Мен, мысалы, алғашында қаншама группаласымның ақшасын жинап алып, шашып жібердім. Ол ұят болды. Алайда ұят болды-ау деп отыра бермей, оны керісінше, алға қойып, қайта тырысып көру керек. Мен өзім тәуекел еткенді жақсы көремін және өзімнің жолдастарымды да соған шақырып отырамын. Жалпы бизнеспен айналысамын деген жастарға айтарым: Үш нәрседен аулақ болу керек. Біріншісі — ұшып кеткен жағдайда көңілімді басамын деп арақ-темекіден аулақ болу керек, екіншісі — құмар ойын, казино, автомат, компьютер, т.б., үшіншісі — өзімнің қосып алғаным, ғашық болмау керек.

Қазірде көптеген жастар диплом алған соң ғана жұмыс жасаймын деген бағытты ұстанады. Немесе бір іс бастау үшін міндетті түрде қалталы болу керек, жоғарғы жақта аға-көкең болу керек деп жатады. Оның бәрі өтірік нәрсе екен. Істеймін деген адамға барлық жағдай жасалған. Мен өзім мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетке не бере алам деп өмір сүремін. Сол бағытты ұстанамын. Өйткені Қазақстан Республикасында тудық, өстік, грантта оқыдық, стипендиясын алдық. Іс бастаймын дедім, бәрі ашық болды. Мысалы, біз журнал ашар кезде журналдың макеттерін, логотипін алып жүретін флешканың өзі болмаған. Сондықтан алдымен, аға-көкең болу керек, офис, машина болу керек дегеннің бәрі өтірік. Істеймін деп ұмтылсаң, керек нәрселер мен адамдардың өзі-ақ алдыңнан жолығады. Тек өзің әрекеттеніп, алға жүріп отыру керек.

— Басқа қатарластарымнан басқаша ойлаймын дедіңіз, ол не себепті деп ойлайсыз? Ерекше тәрбиеңіз бе, көп кітап оқығаныңыздан ба, әлде болмысыңыз сондай ма?

— Әр адам өзін жақсы көреді. Мен өзімді өте қатты жақсы көремін (күліп). Сондай-ақ екінің бірі егіз болып дүниеге келмейді. Соны да мақтан етемін. Және де мектепте де, университетте де, қазіргі ортамда да барлық жерде бойым ұзын болып жүреді. Мүмкін сол да өзіме бір ерекшелік болып көрінеді. Мектеп кезінде музыкалық мектепте оқығаным басқалардан ерекше қылып тұрды. Солай өзімді әрқашан ерекше сезінетінмін.

Қазір мүмкін ортам да үлкен болғандықтан, барлық жерде директор, редакторлар үлкен адамдар, қатарластарымның әңгімелері қызық емес, олардың проблемалары меніңше проблема емес сияқты болып тұрады. Соңғы кездері сол жиі байқалып жүр.

Әңгімелескен Айжан Кәрібаева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles