Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Ринат МАЛЦАГОВ: «Құжат бойынша ғана емес, өмірімде де шынайы қазақпын»

$
0
0

Сүйікті әншілері: Андреа Бочелли, Эрос Рамазотти;

Жетістіктері: Павлодар облыстық «Хрустальный звон» байқауында ІІІ орын (2011 жыл);

Италиядағы халықаралық байқауда бірінші орын (2004 жыл);

«Superstar.KZ» ән жобасының финалисі (2006 жыл)

«Перцы» тобының солисі (2006-2010 жылдар);

«Әсел және оның достары» сериалына түсті (2010-2011 жылдар);

«Жаным-2» сериалына түсті (2011-2012 жылдар);

— Сәлеметсіз бе, Ринат! «Хрустальный звон» байқауында топ жарып, «Superstar.KZ» жобасында ақтық мәреге шығып, Павлодар өңірінің тұрғындарын қуантқан әншіні сағынып қалған сияқты... Сізбен сұхбаттаспақ ниетіндеміз. Қалай қарайсыз?

— Жақсы, әрине!

— Ринат, бірде «Қазақ тілінде ән айту — мен үшін қарапайым құбылыс» депсіз. Айтыңызшы, қазақша ән айту шығармашылығыңыз үшін қаншалықты маңызды?

— Туып-өскен жерім — арқыраған ән мен күй, айт пен той, нағыз өнер ортасы тәрізді еді. Кіндік қаным тамған жер — Ақтоғай ауданының (бұрынғы Новотроицк) Жалаулы ауылы. «Ел іші — өнер кеніші» демекші, мен осындай ортадан суырылып шықтым. Балалық кезімдегі әнге деген құштарлық мені үлкен өнерге жетеледі. Мен де, қарапайым қазақ баласы сияқты апамның құрт-малтасын жеп, атамның өнегелі әңгімелерін бойыма сіңіріп өскен баламын! Сондықтан, қазақша ән айтып, халықтың көңілінен шығу — өнердегі басты мақсаттарымның бірі. Өкінішке қарай, ән-қоржынымда қазақша туындылар аздау. Жуырда «Ханшайым» атты әнге бейнебаян түсіріп, оны үстіміздегі жылғы қазанында теледидар арқылы таралымға жібермек ойымыз болды. Шығармашылығымдағы мен үшін айрықша қымбат әндердің бірі — «Өткен күндер». Оны кезінде еліміздің халық әртісі Роза Рымбаева шырқаған. Дегенмен, болашақта репертуарымдағы қазақ әндерінің санын көбейтпекпін.

— Бірде «Менің өмірім — теңіздегі кеме сияқты. Өмірімдегі дұрыс бағытымды, мақсат-міндеттерімді айқындауым қажет» деп айтқаныңыз есіңізде ме? Келесі сауалым осыған орай: теңіздегі кеме дұрыс бағытта жүзіп келе жатыр ма?

— Иә-иә, есімде! Бұл сөздерді бір жыл бұрын айтқан болатынмын. Құдайға шүкір, шығармашылық жолда алға қойған мақсат-міндеттерімді орындау үшін тер төгіп еңбектенудемін. Оған халқым куә. Ән айтумен шектелмей, әртістік қырымнан көрініп жүргеніме қуаныштымын. Дегенмен, өміріме рухани тепе-теңдік жетіспейді. Құпиямды ашайын, отбасылы болғым келеді! Бұл жөнінде бұрындары айтып көрмеппін...

— Төлқұжатыңызда ұлтыңыз қазақ деп жазылып тұр екен...

— Дұрыс айтасыз. Дегенмен, мен құжат бойынша ғана емес, өмірімде өзімді шынайы қазақпын деп есептеймін. Бұны біреу білсе, біреу білмес. Дүние есігін ашқан сәттен салт-дәстүрлерді құрметтейтін нағыз қазақ жанұясынан түледім. Анам Райхан мені және екі бауырыма тәрбие беріп, адамдық қасиеттерге баулыды. Бүгінгі күні үлкен белестерді бағындырып, өмірден өз орнымызды тапқанымыз — анамыздың арқасы. Өнер жолына түскен сәтте анам бұл қалауымды барынша қолдауға тырысты. Белгілі бір байқауларға қатысу үшін анам тыным таппай қаражат іздестіргені әлі есімде. Сол себепті, анамды алғашқы продюсерім деп есептеймін.

— Отандық шоу-бизнес саласында республикалық, тіпті облыстық деңгейдегі мерекелік шараларға шетелдік жұлдыздарды шақыру үрдісі қалыптасқан. Алысқа бармай-ақ қояйық. Мәселен, биылғы жазда түлектер кешіне ресейлік «Челси» тобы, ал Екібастұз қаласының 55 жылдық мерейтойына Игорь Николаев келіп, концерт қойды. Осыған байланысты пікіріңізмен бөліссеңіз...

— Бұл үрдіске байланысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Еліміздің танымал продюсері Баян Есентаева да бір сұхбатында: «Мен Оксана Пушкинадан кем емеспін! Талантты өнерпаздар бізде де бар» деп айтқан болатын. Алайда, менің пікірім өзгеше. Шетелдік әншілерді шақыру — отандық шоу-бизнесті ілгерілеуге апаратын тетіктердің бірі деп білемін. Оларға қарап, бой түзеп, тәжірибе алмасуға жол ашылады емес пе?

— Ринат, «Superstar.KZ» жобасынан кейін сахналас әріптестеріңмен «Перцы» тобын құрып, халыққа танылдыңдар. Бірақ, төрт жылдаң соң аталмыш топ тарап кетті. Бұл сәт сен үшін қиынға түскен жоқ па?

— Шығармашылық адамдары нәзік болатыны рас. Бұл мен үшін қиын сәттердің бірі болды, қатты күйзелдім. Бақытыма орай, жақын досым Алмас Кішкенбаев әрдайым жанымнан табылып, рухани қолдау көрсетті. Ертістің Павлодар өңіріндегі ұстаздарым Елена Валько мен Елена Барковаға да айтар алғысым шексіз. Олардың кеңестеріне құлақ асып, жеке әншілік бағытқа бой алдым.

— Ұзынқұлақтан сіз әншілікті экономиканың менеджмент саласымен ұштастырмақ болғаныңызды естігенбіз. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады?

— Ой сұрамаңыз, ұят-тағы! «Гу-гуден» естігеніңіз шындық. Мен Алматыдағы халықаралық бизнес университетінің (UIB) менеджмент бөліміне түсіп, бір семестр бойы студенттік өмірдің кереметін сезіндім. Бірақ, «Әсел және оның достары» сериалының түсірілімі салдарынан екінші семестрге бара алмадым. Сөйтіп, сабақтан қуылып, оқудан шығарылдым. Дегенмен, мойымаймын, алдағы уақытта қайта студент атануға барымды саламын.

— Бүгінгі күні сіз «Superstar.KZ» жобасынан түлеп ұшқан талантты әнші ғана емес, әртіс ретінде де танымалсыз. Еліміздің халық әртісі Асанәлі Әшімов сериалдарды кино деп есептемейді екен. Сіз ше? Шығармашылығыңыздағы сериалдардың рөлі қандай?

— «Жаным-2» және «Әсел және оның достары» сериалдары — отандық телеиндустрияның жемісі мен жеңісі деп есептеймін. Себебі, осы дүниелер арқылы шығармашылықтың кино атты жаңа баспалдағына көтеріліп, әртіс ретінде қалыптасудамын. Негізі, бұл өнер саласы әрдайым қызығушылығыма ие болған. Мәселен, «Әсел және оның достары» атты жастар сериалы — өмірімдегі қызыққа толы, ұмытылмас сәттерімнің бірі. Тіпті, кей кездері түсірілім алаңында тәртіпке бағынбағандықтан, режиссерден ұрыс та естідік.

— Балалық шағыңызда бокспен айналысқаныңыздан хабардармыз. Сол себепті, «Чемпион» атты шоу-бағдарламаға қатысқанда, сізді жеңіске жетеді деп сенгенбіз. Сеніміміз неге ақталмады?

— Шыны керек, өзім де жеңемін деп топшылағанмын. Дегенмен, былғары қолғапты «шегеге іліп» қойғаныма біршама уақыт өткендіктен, жолым болмады. «Чемпион» жобасы мен үшін үлкен сабақ болды. Міне, бағдарлама аяқталған сәттен жеті ай өтті. Осы уақыт аралығында үздіксіз жаттығудамын. Бокс сүйікті ісіме айналды.

— Өнер уақыт өткен сайын өрлеп, жаңашылдық әкеле беру керек. Алдағы уақытта тыңдармандарыңды қандай жаңашылдықтармен қуантпақсыз?

— Шығармашылық ізденіс кезінде түрлі ойлар туындайды. Адамды әруақ қысқан сияқты, жаңа идеялар келіп, бұрынғы жоспарың жүз сексен градусқа өзгеруі ықтимал. Бір журналистке берген сұхбатым есіме түсіп тұрғаны! Ол «Сіз домбырада ойнайды екенсіз ғой?» деп сұрағанда, таң қалғаным бар. Мен бұл ұлттық аспапты қолыма алып көрмеппін. Алайда, қызығушылық бар. Болашақта, домбырада ән шырқауым ғажап емес! Жаңашылдығым осы болар.

— Бүгінде аспандағы жұлдыздарға қарағанда, жердегі жұлдыздар көп сияқты. Сіздің ойыңызша, сахналас әріптестеріңіздің бойында қандай қасиет жетіспейді?

— Жұлдыз деген сұлулық қой. Өнер сұлулығы. Бір-екі әнге бейнебаян түсіріп, мұрнын шүйіріп кететіндер бар, әрине. Десе де, жұлдыздар бізге көптік етпейді. Оларда қарапайым адами қасиет аздау деп ойлаймын. Бірақ, көрермендер де неғұрлым қарапайым болса деген тілек те бар.

— Әңгімеміздің соңында жерлестеріңізге қандай тілек білдіресіз?

— Өнерімді бағалап, құрмет тұтатын жерлестеріме бас иемін. Айтар алғысым шексіз. Біз сияқты талантты жастарды халыққа танытып, табыстырып отырған журналистерге де ризамын. Рахмет!

Сұхбаттасқан Ақмарал ЕСІМХАНОВА


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles