Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Алматы көшелері: Досмұхамедов көшесі

$
0
0

Досмұхамедов көшесі Байтұрсынов пен Шәріпов көшелерінің арасында орналасқан. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай Мақатаев көшесінен Абай даңғылына дейін созылып жатыр. Көше Гоголь, Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би, Қабанбай батыр, Жамбыл көшелерін қиып өтеді.

Бұрын Степная деп аталған Досмұхамедов көшесі 1995 жылға дейін Мичурин көшесі деп аталып келген. Көп бөлігі дұнған ауылдарынан өткен бұл көше ХІХ ғасырдың соңында пайда болған. Бұл көшеде кезінде саз балшықтан және саманнан тұрғызылған үйлер, дүңгіршектер, шеберханалар және қонақ үйлер болған. Көшенің бойында көбіне көлік-арба тасымалымен, кішігірім сауда-саттықпен, ауыл шаруашылық өнімдерді өңдеумен, кірпіш жасаумен айналысатын дұнғандар тұрған. Кейіннен қазіргі Досмұхамедов көшесі қайта құрылып, заманауи көп қабатты ғимараттар салына бастаған. Бүгінгі күні бұл көшенің бойында бірнеше спорттық обьектілер, дүкендер, қонақүйлер, бизнес орталықтары, т.б. орналасқан.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократиялық бағыттағы зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі, дәрігер, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, ағартушы-педагог Хәлел Досмұхамедұлы 1883 жылдың 24 сәуірінде Атырау облысының Тайсойған ауданының Тайсойған құмында қарапайым көшпендінің көп балалы отбасында дүниеге келген.

Өз заманының парасатты, көзі ашық адамдары әкесі Машақ пен анасы Үйкен ұлдарының болашақта білімді тұлға болып қалыптасуын тілеп алғашында оны ауыл молдасына сауатын ашуға береді. Ауыл молдасынан біраз білім жинаған Хәлелді ата-анасы Көкжар қаласындағы бір кластық орыс-қырғыз училищесіне білім алуға беріп, одан кейін оны Орал қаласында орналасқан әскери-реалды училищеге түсіреді. 1903 жылы училищені үздік бітіріп шыққан ол сол заманның тек таңдаулы өкілдері ғана оқитын жоғарғы оқу орны – Санкт Петербургтегі Императорлық әскери-медициналық академиясына түсіп, оны 1909 жылы алтын медальмен дәрігер дәрежесінде бітіріп шығады. Оқуын үздік бітірген Халелді 1909 жылы кесімді мерзімдегі әскери міндетін өтеуге әскерге жібереді. Ол Түркістан, Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери-дәрігер болып қызмет атқарады.

Хәлел Досмұхамедов қазақтың ұлтжанды зиялылары қатарында жалпы ұлттық саяси «Алаш» партиясын құрушылардың бірі және 1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметінің мүшесі болған. 1918 жылы  өзге де алашордалықтармен бірге партия өкілі ретінде Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен бетпе-бет кездесіп қазақ автономиясы жөнінде келіссөздер жүргізген. Бұл кездесуде олар Алашордаға ішінара билік беру (заң шығару, атқарушы билік, сот жүргізу, өз әскері болу), қазақтар шоғыр­ланған жерлерді түгел қазақтарға қайтару, әр жерде кеңес органдары тұтқындаған алаш қайраткерлерін түрмеден босату, оларды қудалауды тоқтату, қаржылай көмек беру сияқты маңызды мәселелерді көтереді.

1920 жылы «Алаш» партиясы таратылып, оның Батыс бөлімінің жетекшілерінің бірі Хәлел Досмұхамедұлына Кеңес үкіметі тарапынан кешірім жасалды. Содан сол жылы ол Ташкент қаласына келіп, Түркістан Республикасының Денсаулық сақтау және Халық ағарту комиссариаттарында жауапты жұмыстармен қатар, жоғары оқу орындарында ұстаздық және ғылыми-педагогикалық, шығармашылық жұмыстармен айналыса бастайды.Ол өзінің ғылыми-педагогикалық қызметімен өлкеде маман кадрларды даярлауға, халықтың денсаулығын сақтауды ұйымдастыруға, халық ағарту ісі мен жоғары білімді дамытуда ерекше үлес қосқан.

ХХ ғасырдың басында Хәлел Досмұхамедов Халық ағарту Комиссариатының Білім комиссиясын басқарып тұрған кезінде қазақ зиялыларына қазақ тілінде жоғары оқу орындары мен ұлт мектептеріне арналған әртүрлі ғылым саласында оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға ұсыныс жасайды. Бүгінгі күнге дейін өзінің мәнін жоғалтпаған Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймаутовтың «Психология» оқулықтары осы кезеңде жазылған.

Сондай-ақ Хәлел Досмұхамедұлы І және ІІ сатыдағы қазақ мектептеріне арналған «Өлі табиғат» оқулығы, «Жануартану», «Табиғаттану» , «Оқушылар гигиенасы», «Адамның тән тіршілігі», «Денсаулығыңды сақта» және тағыда басқа жаратылыс тану цикліндегі пәндер бойынша алғаш қазақ мектептеріне арнап оқулық жазған автор болып табылады.

Досмұхамедұлының ғылыми мұрасының негізгі бағыты  - тіл білімі, әдебиет, тарих, этнография мәселелері де болған. Хәлелдің «Қазақ әдебиеті», «Аламан», «Мұрат ақынның сөздері», «Шернияз шешен», «Исатай-Махамбет», «Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат түрік», «Қазақ тіліндегі сингармонизм заңы» атты ғылыми еңбектері оның жан-жақты терең, энциклопедиялық білімі болғандығын көрсетеді.

Ол әр жылдары Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушысы, Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емхана­сының ординаторы, Түркістан денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1925 жылдың 15 тамызында Ташкент қаласында ашылған Қазақ жоғары педагогикалық институтының проректоры болса, 1928 жылы осы Қазақтың жоғары педагогикалық институтының негізінде ұйымдасқан Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны – қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің негізін қалаушылардың бірі, бірінші проректоры болып тағайындалады. 1930 жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып 19 ай абақтыда отырып, 1932 жылдың 20 сәуірінде ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударды. Онда жүрген 1932-1934 жылдар аралығында ол  Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды ем­деу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары, 1934-1938 жылдары Воронеж аудандық денсаулық сақтау бөлімінің пионерлер лагерінде балалар дәрігері секілді қызметтерде істеген. Содан 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесіне жабылады. Сөйтіп 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесіледі. Бірақ сот кесімін қайта қарау туралы шағым арыз жазады. Сөйтіп жүрген аралықта қазақ халқына қалтқысыз қызмет еткен ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы «алыптар тобының» көрнекті өкілі, «Алаш» қозғалысының көшбасарларының бірі, дәрігер, жан-жақты ғұлама ғалым, ұстаз, ағартушы, қоғам қайраткері Хәлел Досмұхамедов 1939 жылдың 19 тамызында түрме емханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болады.

Оның ісі 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып, Хәлел Досмұхамедұлының есімі ақталды.

Бүгінгі күні Хәлел Досмұхамедұлының атымен Алматы қаласында, туған жері Атырау қаласында көше, Миялы ауылында мектептің аты аталынады. Сондай-ақ Алматы қаласында ғалым тұрған үйге (Төле би, 29) мемориалды тақта қойылған.

Фото: Айжан Кәрібаева

Мәтін: Айнұр Ракишева

_________________________________________________________________________

Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі

Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі

Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі

Алматы көшелері: Абдолла Розыбакиев көшесі

Алматы көшелері: Тайыр Жароков көшесі

Алматы көшелері: Жұмағали Сайын көшесі



Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles