Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

. KZ-COMIX-тің 3-ші саны жарық көрді

$
0
0

29 қаңтар күні KIMEP ғимаратында қазақстандық комикстер альманахының 3-ші санының тұсау-кесері болып өтті. Алғашқы 100 кірушіге журнал тегін таратылды. Бүкіл таралымның саны 600 дана екен. Көрмеге альманахқа кірген суреттермен қоса комикс жанрында салынған басқа да жұмыстар қатысты. Осылайша, алматылықтар үшін Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Украина мен Франция суретшілерінің өнерімен танысуға тамаша мүмкіндік туды.

"Екпін" командасы бұл мәдени шарадан қалмай, жас суретшілермен танысуға асықты. Алдарыңызда көрменің бірінші күні және оған қатысқандар.

Адиля Смағұлова, шараның ұйымдастырушысы:

“2010 жылдың желтоқсан айында ұйымдастырушылармен жиналып, оқырмандарға комикстер жинағын қалай көрсетеміз, қалай таныстырамыз деп ойладық. Бәрі де сол кезден басталды. Сол жылы алғашқы көрмеміз де өтті. Көрме жұртты таң қалдырғаны соншалық, альманахтың келесі үш санына авторлар бірден жиналды. Содан алғашқы жинақ қыркүйек айында, екіншісі қараша айында шықты. Енді міне бүгін үшінші саны шығып отыр.


Бұл санда 5 елдің: Ресей, Украина, Франция, Қырғызстан және Қазақстанның 20 шақты комикстері бар. Мысалы, Мәдибек Мұсабековтың жұмыстарын көре аласыздар. Ол ҚазБСҚА-ның студенті. 2010 жылдан бері оның жұмыстары көпшілікке танымал болып келе жатыр.


Шын мәнісінде, бұл шараға бұрыннан бері керемет сұраныс болды. Өйткені арамызда комикс салатын, алайда, оны көпшілікке көрсете алмай жатқан жас суретшілер өте көп. Мысалы, альманахтың бірінші санында суретшілер еліміздің 10 қаласынан жиналды. Келесі сандарда қосылған қалалар саны тек көбейе  берді.
Бірінші, екінші сандар «Кітаптар қаласы», «Меломан» дүкендерінде сатылды. Үшіншісі енді түседі. Бағасына келсек, біз оны аспандатпай, төмен ұстауға тырыстық. Мысалы, алғашқы сандарының бағасы 500-700 теңге болды. Бұл жоба табыс табу үшін емес, жас суретшілерге қолдау көрсету үшін жасалынды. Авторлар үлесіне тиетін пайыздар да өте кішкентай”.

Ұйымдастырушылар: Оразхан Жақып пен Адиля Смағұлова

Мәдибек Мұсабеков, 19 жаста:

“Кішкентай кезімнен бастап сурет саламын. Ал комикcке 13-14 жасымнан бастап қызыға бастадым. Оларды салып жүргеніме 1-2 жылдай болып қалды. Алғашында қызығып, комикс журналдарын сатып алып жүретінмін. Содан кейін комикс салу менің қолымнан келетінін білген соң журналдарға қарап, сурет сала бастадым.


Стилімді қалыптастырған нақты ұстазым жоқ. Туындыларымды түрлі суретшілердің жұмыстарына қарап, бүгін өзіңіз көріп отырған бағытымды қалыптастырдым.

Негізінен комикс жанры біздің елімізде кеңінен дамымаған. Өйткені оған қызығатын адамдар өте аз. Бізде көбісі: комикстер кішкентай балаларға арналған деп, оларды оқығысы келмейді. Халық комикстер туралы аз білгендіктен, оларда бұрыс түсінік қалыптасты деп айтуға болады. Алайда, болашақта комикстерге қызығатындар қатары көбейетіндігіне сенгім келеді, әсіресе қазақша комикстерге. Сондықтан да өз жұмыстарымда көпшілікке Қазақстанда да комикс салатын адамдар бар екендігін көрсеткім келеді”.

Ақбота, 15 жаста. Көрмеге қонақ ретінде келді:

“Көрмеге қатысып жатқан барлық суретшілердің ішінен әсіресе Камария Ахметованың суреттері  ұнады. Өйткені оның суреттері әдемі және өте жеңіл қабылданады. Менің байқауымша, ол Қазақстандағы комикс салушылардың ішінде анимэ және манга бағытындағы суреттерді жақсы салады екен. Сонымен қатар, Мәдибек Мұсабековтың суреттері де ұнады. Өйткені журналдың бірінші нөмерінде оның суреттері өзге авторларға қарағанда ерекше көркем болып шықты”.

Тимур Дәулеткереев, суретші, 25 жаста:

“Бұл көрмеде менің суреттерім бар, алайда мен мұнда көбінесе «Khan comics» компаниясының өкілі ретінде жүрмін. Осы достарымның қасында жұмыс істеу үшін Петропавл қаласынан 1 күн бұрын ғана келдім. Бұл жинақта «Одним больше» деген бандиттік оқиғамның бірінші бөлімін жарияладым.

Комиксті қашаннан бері салып жүргенімді нақты айта алмаймын. Есімде жоқ. Жалпы суретті мен әрқашан салатынмын. 17-18 жаста комикс оқуды бастап, сол кезден стилистикамды комикс жанрына  қарай бұрдым. Салған комикстеріме ақша төлей бастаған соң, мұнымен кәсіби түрде айналыса бастадым. Қазірде бұл жанр танымал болып келеді. Кейбірі оны жарнама ретінде, кейбірі арнайы тапсырыс үшін салғызады.
Ауқымды жұмыстарым жайында айтар болсам, 2010 жылы дәрігерлер жайлы үлкен комикс жасадық. Оған тапсырысты Денсаулық сақтау министрлігі берген болатын. Одан кейін жарнамалық комикстер де көп болды. Алайда өзімнің ең сүйікті туындым тапсырыс үшін емес, жай ғана жасалынған - осы «Khan comics-ке» енген жұмысым”.

Макс, 20 жаста, көрермен:

“Бұл жердегі барлық суретшілердің жұмыстары маған өте ұнады. Әр қайсысының өзіне тән ерекше стилі бар. Креативті идеялары мол жігіттер мен қыздар екендігі бірден байқалады. Барлығына тек сәттілік тілегім келеді”.

Осы уақытта көрменің ұйымдастырушылары көрермен үшін “ең үздік комикс” деген арнайы байқау жариялады.

Драг, көрермен:

“Бұл жерде өте қызықты туындылар қойылған. Суретшілердің аттарына назар аудармадым. Бірақ та көптеген жұмыстар өте сауатты орындалған, сюжеттері өте тартымды екен. Өзім фрифан стилінде, яғни жай қызық үшін ғана сурет саламын. Қазірде жұмыстарым аз. Алайда, олардың санын көбейтіп, болашақта осы көрмеге міндетті түрде қатысамын”.

Ника:

“Мен Қазақстандық «Kz-Comix» альманахында редакторлардың бірімін. Суретшілердің ешқайсысын бөліп жарғым келмейді. Өйткені олардың барлығы мен үшін жеке тұлғалар, жеке әлем. Айта берсең көп қой... Мысалы, Тиманың жұмыстары өзіне тартып тұратын ерекшелікке ие. Ал Мәдидің қара-ала графикасы өте әдемі”.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles