Жамбыл облыстық әкімдікте Бақтияр Артаев кабинетінің алдына келдім. Жүрегімнің дүрсілдегені құлағыма дейін жетіп, бойымды бір сенімсіздік билеп алды. Айнаға қарамасам да, бетімнің қып-қызыл болғанын іштей сезіп тұрмын. Неге сонша қобалжығанымды да түсіне алмадым. Мүмкін үлкен жауапкершілікті сезінгенім болар.
Алдымнан Бақтияр ағаның өзі шығып қалды. Күлімдеген жүзін көргенде ғана өзіме-өзім келдім. Бақтиярдың бойындағы қарапайымдылығы, адамгершілігі, бауырмалдылығы, салмақтылығы мені тәнті етті. Бір жарым сағатқа созылған кездесуде Олимпиада чемпионын ғана емес, үлкен жүректі азаматты таныдым.
Бала Бақтияр
- Бір сұхбатыңызда төбелескенді ұнатпаймын депсіз. Кішкентай Бақтияр тәртіпті оқушы болды ма? Мектепте қалай оқыдыңыз?
- Қатты бұзық болдым деп айтуға болмайды. Бірақ тұйық мінезді, салмақты бала болдым. Мектепте жақсы оқыдым. Бірақ үштік алған сәттерім де болды. Оны жасырмаймын.
- Бала кезде кім болуды армандадыңыз? Олимпиада чемпионы боламын деген бала арман болған шығар?
- Чемпион болу – менің бала арманым болған жоқ. Шынымды айтсам, ондай ой болған емес. Менің бала арманым – елін қорғайтын батыр болу еді. Жағдайы төмен, әлсіз қарапайым халыққа қорғаныш болсам деген арманмен өстім. Аллаға шүкір, сол бала арман мені спортқа жетеледі. Осылайша чемпион болып отырған жайымыз бар.
- Бала кездегі қызықты сәттеріңізді айтып берcеңіз...
- Бала кезде қызықты оқиғалар көп болады ғой. Ол кезде ақша жоқ, көлік жоқ. Жаяу жүреміз. «Күндізгі дискотека» болатын. Соған бір топ бала болып баратынбыз. Ол қаланың орталығында орналасқан. Арақашықтық біраз. Жолда қайтып келе жатып, шаршап қаламыз. Сонда бір үйдің заборын тарсылдатып, тас лақтырып қаша жөнелетінбіз. Солай қуаласпақ ойнап тез-тез жететінбіз. Бұл да бір бұзықтық, еркелік болған шығар...
Боксшы Бақтияр
- Бокс сізге Олимпиада чемпионы атағын, Баркер кубогын, алтын медаль мен танымалдылықтан басқа тағы не бере алды деп ойлайсыз?
- Бокс маған бір сөзбен айтқанда бәрін берді деп ойлаймын. Бокс өмірде ыстық пен суықтың, ащы мен тұщының дәмін татқызып, бәрі түстегідей ғажап емес екенін түсіндірді. Не болса да еңбектің, маңдай тердің, қиыншылықтың арқасында келетіндігін үйретті. Бокстың арқасында біраз елдерді аралап, көптеген достар таптым. Ел көрдім, жер көрдім.
- Ұлы жеңіске апарар жол сіздіңше неден құралады? Тынымсыз еңбек пе әлде туа біткен талант па?
- Тынымсыз еңбек. Жеңіс – сол еңбектің арқасында келетін дүние. Ол еңбек, талант және сәттіліктің қосындысанан тұрады. Жай Аллаға сеніп, болмаса талантыңа сеніп жүре берсең, ол ұзаққа апармайды деп ойламаймын. Меніңше, Аллаға сене отырып, өзіңе деген сенімділік болуы қажет. Ал, сәттілік пен бақ – Алланың беретін сыйы шығар. Ал жеңіс сенің тынымсыз еңбегің мен төккен теріңнің ақысы деп түсінемін.
- Сізді сырттай ұстаз тұтатын жас боксшылар өте көп. Шәкіртіңіз бар ма?
- Мен мемлекеттік қызметке ауысқанан кейін, спорттан алшақтап қалдым. Тәрбиелеп отырған шәкіртім жоқ. Бірақ өзімнің бапкерім Нұрлан Ақүрпековтың менен кейінгі шәкірттері бар. Болашақта бәрі болуы мүмкін. Алдағыны Алла біледі дейді. Оның барлығын уақыт көрсетеді.
- Аудан, ауылдардағы спорт мектептерінде мастер-класс өткізіп тұруға уақытыңыз бола бермейтін шығар?
- Айтқанымдай спорттан алшақтау жүргеннен кейін мүмкіндік бола бермейді. Әлем біріншілігінің алдында газет беттерінде Бақтияр Артаев спортқа қайта оралады екен деп жазылып жатты ғой. Сол кезде Республикалық Федерациядан шақыру алып, 3 ай жас спортшыларға көмектесіп, мастер-класс көрсеткен кездер болды. Қазіргі таңда мастер-класс өткізудің сәті түсіп жатқан жоқ. Аллаға шүкір, қазір балалардың барлығы олимпиадаға жолдамаларын алды. Егер болашақта ресми шақырулар болып жатса, өз тәжірбиеммен бөлісуге мен әрқашан дайынмын.
- Боксшы жақсы жұдырықтасуы, бір формада болуы қажет. Шебер боксшыға тағы қандай қасиеттер тән?
- Әр спортшы әлемдік деңгейде өнер көрсеткеннен кейін, оған ел сенім артып отырады. Ең бірінші, әрқашан да кәсіби дайындықта жүріп, үлкен жауапкершілікпен жаттығуы керек. Ол өзі үшін де, елі үшін де маңызды.
- Рингке шыққан кезде қобалжуды қалай жеңесіз? Өзіңізге сенімділікті қалай арттырасыз?
- Менің сенімділігім - менің жүрегім шығар. Қандай қарсылас болса да, мен ешқашан мойынсұнған емеспін. Әрине, уайым болады. Оны жасырмаймын. Бірақ қарсыластарымның алдында қорқыныш сезімі болған емес. Көбіне ұмтылыс пен жігерліктің арқасында жеңіске жететінмін. Бірақ арасында жеңіліс те болады. Жасыратыны жоқ, жеңілістің көбі төрешілердің әділетсіздігінен болды. Өзім мойындайтын жеңіліс өмірімде 2-3 рет болған шығар.
- Сіздің жеңісіңіз елімізге деген сүйіспеншіліктің арқасында келді деп айтуға болады ма?
- Әрине, болады. Елге деген, жерге деген, Отанға деген сүйіспеншіліктің арқасында, «Мен қазақпын» сөзінің арқасында деп ойлаймын. Өйткені, халықтың арасында жүріп қазақтың кеңдігін көрген кезде, кішіпейілділігін көрген кезде еліңді мақтан тұтасың. Ол жеңіс Отанға деген сүйіспеншіліктің арқасында жеткен жеңіс. Басқаша ешқалай айтуға болмайды.
- Ал қазір жастарда сол елім, жерім деген сезім әлі де ұйықтап жатқан секілді...
- Мені сәл қобалжытатыны, қазір біз өзіміздің салт-дәстүрімізден сәл ауытқып бара жатырмыз. Былайша айтқанда, орысша болып бара жатқан секілдіміз. Маған ұнамайтыны сол. Біз – қазақпыз! Біз ең бастысы ана тілімізді қадірлеп, қазақтың салт-дәстүрін ұстанып, тарихымызды ұмытпауымыз кажет. Сол кезде ғана бізде патриоттық сезім оянады. Өзге елге еліктеп, өзге елдің тілін, салт-дәстүрін, киімін қабылдап жүргеніміз болмас. Осы жағдай мені қатты алаңдатады. Менің ойымша, Отанға деген сүйіспеншілік ана тілінде сөйлеуден басталады. Бірақ, Отансүйгіштік сезім көп жастарда жоғары деп қуана айта аламын.
- Бокс қолғабын кигелі бері 245 кездесуге шығып, оның 207-сінде жеңіске жетіпсіз. Ең алғашқы кездесу есіңізде ме?
- Бар жоғы он жаста болатынмын. Ең алғаш жарысымды қазіргі №1 спорт мектебінде болды. Ол кезде 28 кг салмақ дәрежесінде шыққанмын. Боксқа қатысқаныма бір-ақ ай ғана уақыт өткен. Қарсыласымды айқын басымдықпен жеңдім. Одан кейін өзімнің досыммен жұдырықтасып, бірінші орын алған болатынмын. Мен үшін өте қызық болды. Көз алдымда әлі тұр сол жекпе-жектер. Бірақ қарсыластарымның аты-жөндері есімде қалмапты.
- Талай бүлдіршін сіз секілді Олимпиада чемпионы болуды армандайды. Сізге еліктейді. Кішкентай боксшыларға қандай тілек, кеңес айтасыз?
- Менің айтар тілегім Отанды сүйіңдер, ата-ананы сыйлаңдар, қолда барда бағалай біліңдер, қадірлей біліңдер. Қай сала болсын, спорт болсын, өнер болсын, ең бастысы Қазақстанды танытатын, еліміздің намысын қорғайтын ұлы тұлға болуларына және қандай істі бастаса да, аяғына дейін жеткізетіндей жігерлі болуларына тілектеспін.
Басшы Бақтияр
- «Абай.kz» порталында «Бақтиярды басынып жүрген кім? Басындырып жүрген кім?» атты материал жарық көрді. 2001 жылдың 26 қаңтарында сіздің облыстық спорт басқармасының бастығы қызметінен босауыңыздың себебі жайлы. Қайнарбеков Гамлет Төреханұлының есімі де ескерусіз қалмапты. Халық көп пікір жазыпты. Осы жайында не айтасыз? Расымен, сізді «басынып жүргендер» бар ма?
- Оқыдым. Басынып жүрген ешкім жоқ. Аллаға шүкір деймін. Көріп отырғанындай мына Ақ үйде аппарат басшысының орынбасары қызметіндемін. Бұл да жоғары қызмет. Мен сол ұсынысты қуана-қуана қабыл алдым.
- Қазір Таразда жасөспірімдер қылмысы туралы көп айтылуда. Осы «бұзық» балаларды спортқа тарту жұмыстары жүргізілді ме?
- Жоқ, жүргізілмеді. Менің бір білетінім, біздің мектепте спортшы балалар өте көп болатын. Сондай кез болды ма, балалардың барлығы спортқа қызықты. Мен оқыған мектептің тең жартысы боксқа, тең жартысы күреске қатысатын. Біз боксшылар мен күресшілер болып жарысатынбыз. Олар бірінші орын алып келсе, біз соған ұмтылатынбыз. Бізден біреу Азия чемпионы болып келсе, олар тырысатын. Бізде спортпен өз еріктерімен барып айналысатын. Бізді ешкім шақырған жоқ. Қазір шақырсаң да балалардың спортқа келуі өте қиын. Қазір көзқарас басқа. Көп балалар компьютерге отырып алған. Барлығы дайын. Қиналғысы келмейді. Сәл жүгірсе жандары қиналып, екінші рет бармай қояды. Бірақ соның өзінде де, спортпен айналысатын балалар көп. Көп балалар бокс сарайынын шықпай дайындалып жүргенін көргенде қатты қуанып қаламын.
- Боксшы Бақтияр, ал енді шенеунік Бақтияр. Басшы да, әкім де болдыңыз. Қайсы қиынырақ болды? Рингте жұдырықтасқан ба, әлде ел басқарған ба?
- Екеуі де оңай нәрсе емес. Ар жақта ел намысын қорғайсың. Халқың қарап отырады, сенім артады. Мемлекеттік қызметте де атқарған қызмет елге пайдасын алып келуі тиіс. Шынымды айтсам, екеуінің салмағы теңдей.
Қазақтың Бақтияры
- Анкетаңызда «Көшпенділер» сүйікті кітабым деп көрсетіпсіз. Кітап оқығанды ұнатасыз ба? Қандай шығарма ерекше әсер қалдырды?
- Ұлы ақын-жазушыларымыз Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтың шығармаларына қызығамын. Мұхтар Шахановтың өлеңдері ерекше ұнайды. «Көшпенділер» кітабын оқып, ол кездегі саясат, өмір басқаша болғанын түсіндім. Осы шығарма маған ерекше әсер қалдырды. Абай атамыздың қара сөздері ұнайды. Шынымды айтсам, көп кітап оқи бермеймін. Бірақ газет-журнал көп оқимын. Жаңалықты жібермеймін.
- Театрға соңғы рет қашан бардыңыз?
- Соңғы рет театрға барғаным есімде жоқ. Шынымды айтсам, театрлық көріністерге онша қызыға бермейді екенмін.
- Адам бойындағы қандай қасиеттерді ерекше бағалайсыз?
- Бірінші кезекте шыншылдық, адалдық, әділеттілік. Адам әділетті болмаса өте қиын. Шын сөйлеуі қажет. Екінші, Отанға деген сүйіспеншілік шығар. Қазіргі таңда заман ғана емес, адам өзгергеннен кейін осы қасиет жетпей жатады. Міне, осы қасиеттердің адам бойында жоғары болғанын қалаймын..
- Ал өзіңіздің бойыңыздағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?
- Тік мінезділігімді шығар. Бірақ көп жерде маған осы кедергі жасайды. Одан кейін қарапайымдылығым, еңбекқорлығым, кішіпейілділігім...
- Халық сізді боксшы, әрі әкім деп таниды. Халыққа беймәлім тағы қандай өнеріңіз бар?
- Аң аулағанды және ән айтқанды ұнатамын. Айтарлықтай керемет дауысым жоқ. Қарапайым қоңыр дауыс бар. «Музарт», «Жігіттер квартетінің», Қайрат Нұртастың әндерін сүйіп тыңдаймын. Сондай баяу ән айтқанды жақсы көремін.
- Ал бокстан басқа қандай спорт түрімен айналысасыз?
- Қазір әкімшілік болып аптасына 3 күн футбол ойнаймыз.
- Танымалдылыққа, жұлдыз болуға ұмтылмайтын секілдісіз. Жеңістен соң «жұлдызбын» деген мақтаныш сезімі болды ма?
- Жоқ. Болған жоқ. Мен өзімді ешқашан «жұлдызбын» деп ойламаймын. Мүмкін солай көрінсек, көрінетін шығармыз. Кейде болады, мазаңды алып жатқанда сәл ренжіп кетіп қалған кездер. Кейбір кісілер түсінбей жатады «бала жұлдыз болып қалыпты» деп. Енді біреулер мазамды алып жатса жақтырмаймын. Сондықтан да, танымалдылыққа қызықпаймын, оны керек деп есептемеймін. Ләжі болса, халық арасында көрінбей жүргенді қалаймын. Мен – халықтың адамымын.
- Қазір сізді қолдайтындар да, қолпаштайтындар да көп. Жүрген жеріңізде танып, суретке түсуге ұсыныс жасап, қолтаңбаңызды сұрап жатады. Сол сәтте қандай сезімде боласыз?
- Ең бірінші, бала кездегі еңбегім ақталғанына қуанамын. Ішімнен осындай күнге жеткізгеніне Аллаға шүкіршілік айтып тұрамын. Қасымда суретке түсіп жатқан адамдарға да жақсылықтар жұғысты болса екен деген ниетпен, ішімнен тек жақсылық тілеп тұрамын.
- Шет елде көп болдыңыз. Шет тілдерін білесіз бе?
- Иә, түрікше, ағылшынша білемін. Енді кәсіби деңгейде емес. Еркін сөйлеуге сәл-сәл қиналамын. Шамалы уақыт керек, терең меңгеру маған қиын болмайтын шығар.
- Өмірде ең қиналған, өкінген, қатты ренжіген сәтіңіз болды ма?
- Шынымды айтсам, өте жиі болды. Сырттан қарағандағыдай бәрі керемет емес. Ондай сәттер болған, болып жатыр, бола береді де. Оны мына жағдай деп айту қиын. Бірақ оған мойынсұнбай, әрқашан да тек алға ұмтылу қажет. Себебі, өмір деген – күрес. Құлап қалсаң, тұрып, ары қарай жүру керек.
- Өмірлік мақсатыңыз қандай?
- Болашақта халыққа көмегі тиетін, пайдасы тиетін жақсы қызмет ету. Халық қалаулысы болу.
- 2008 жылғы олимпиадада сізге төрешілер тарапынан әділетсіздік жасалды дегенді көп естідік. Соны өзіңізден сұрағанды жөн көрдік.
- Төрешілер тарапынан әділетсіздік жасалды. Мен оны сеніммен айта аламын. Мен өзім де кәсіби деңгейде өнерімді көрсете алмадым. Өзіме не болғанын білмеймін. Матвей Коробовтан кейін өзім аурып шықтым. Мазам болмады. Бұлай рингке шығу өмірімде ешқашан болған емес. Жекпе-жек кезінде не болып жатқанын түсінбей жүрдім. Және де отырған 5 төрешінің барлығы маған қарсы болғаны қатты әсер етті. Ең соңында Джеймс Дигэйлдің қолын көтергені маған өте-өте ауыр тиді. Ол кездесуді мен үшін ең сәтсіз жекпе-жек болды деп есептеймін.
- Бокстан кетуіңізге де осы жайт әсер етті ме?
- Жоқ. Менің бокстан кетуіме ол себеп болған жоқ. Жеңіліп, қол түсіру деген менің табиғатымда болған емес. Бокстан кетуімнің себебі – психологиялық түрде қатты шаршадым. 10 жасымнан бастап 25 жасыма дейін бір формада, үнемі халық алдында жүру өте ауыр. Күніне 3 мезгіл дайындығы тағы бар. Оның үстіне өмірге деген көзқарасым да өзгерді.
- Енді отбасыңыз жайлы айта өтсеңіз...
- Түріме қарап көп адам мені бойдақ деп ойлайды. Қашан үйленесің деп сұрап та жатады. Отау құрғаныма 3 жыл болды. Қазір, Аллаға шүкір, екі баланың әкесімін. Алинұр, Айзия деген екі кішкентайым бар. Болашақта Қазақстанның демографиясына, қазақтың санын көбейтуге атсалысқым келеді. Өзім балажандымын. Бұрын олай ойламайтынмын. Әке атанғаннан кейін көзқарасым мүлдем өзгерді.
- Балаңызды бокс үйірмесіне бересіз бе?
- Баламды спортқа беремін. Бірақ боксқа баруын қаламаймын. Бір отбасына бір боксер жететін шығар. Ол оңай емес. Кейін балам жұдырықтасып жатқанда, тақымымды қысып отыратынымды білемін. Ол маған ауырлау болады. Балама тиген әр соққы маған тигенмен бірдей. Мен оны қаламаймын. Ләжі болса, жүзуге, акробатикаға барғанын қалаймын.
- Қалай ойлайсыз, бокс қатыгез спортқа жатпайды ма осы? Біреудің басынан ұрып, соғу деген...
- Жоқ. Қатыгез спорт деп мен ережесіз айқасуды айтар едім. Ол өте ауыр жекпе-жек. Бокс шахмат ойыны секілді ғой. Сен ұрып үлгермесең, сені ұрып жібереді (күліп). Бұл жерде кім-кімді алдайды, кім ақылдырақ, кім жылдам, кім белсенді сол жеңіске жетеді. Соққылар болады, әрине. Бірақ, бокс – баспен ойлануды қажет ететін спорт түрі.
- Сырлы сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Сәния Әбдіғапар