Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

«Екпін» 1 жылға толды

$
0
0

Редакция ұжымына cөз берсек...


Әлия Сембай:

Өткен аптада бір шетелдік сериалдан: «Бұл әлем сенсіз де өмір сүре алады, оған несіне ренжисің» — деген сөзді естіп, еріксіз мойындадым. Қазіргі заманда әр маңызды ақпарат, қуанышты жаңалық не трагедия 1-2 күн ғана өмір сүреді. Кешегі жұлдыз бүгін сөніп, орнына жаңасы туады, кеше тамашалаған кинотуындыны бір айдан соң ешкім де еске түсірмейді, твиттерде 50 ретвитке ие болған маңызды хабарлама мыңдаған хабарламалардың астында бірер күннен соң табылмай қалады. Біз ұмытшақпыз. Тренд, сән, «медиа шуға» құмармыз. Өзгерістен қалып қоюға қорқамыз; асығыс шешім қабылдаймыз. Достарымызды әлеуметтік желілердегі френдтерге әлдеқашан ауыстырып, қағаз кітапты электронды сияға айырбастадық. Симфониялық концертіміз құлаққапта, дәрістеріміз мониторда, ал киім-кешегіміз шетелден поштамен келеді. Біз — жастармыз, бізді біреулер түсінбейді, кінә тағады, бірақ біз өзгеруге ниет танытқан емеспіз, себебі заман талабы осы. Біз керемет қолданушымыз, ақылды тұтынушымыз, алайда, біздің де осы заманға береріміз бар. Байқап отырсақ, арамызда дарынды биолог, спортсмен, суретші, дизайнер, актер, программистер көп. Алдына мақсат қоя білетін, білімге ұмтылатын қазақ жастарымен «Екпін» арқылы танысып жүргендеріңізге, міне, бір жыл толды. Біле берсеңіз, бұл отандық таланттардың кішкентай ғана бөлігі, ал біз білмейтін, танысуға әлі үлгірмеген қыз бен жігіттер қаншама?

Бір жылдың ішінде «Екпін» беттерінде оқырманға қызықты сұхбат, жаңа идея, пайдалы ақпарат, шешім қабылдауға серпін беретін материал жазуға тырыстық. Асыра айтқаным емес, біз бұған сендік, талпындық. Әрине, кейде ойлағанымыздай шықпады, кейде өз-өзімізден жеңілдік, бірақ әрқашан да сенім арттық. Сіздерге. Қазақ жастарына.

Айжан Кәрібаева:

Өмірде ештеңе де кездейсоқ болмайды дегенге сенемін. Сол себепті 2 курста «Блогтық журналистика» пәнін таңдауым, блог бастап, жалпы интернетке тек қолданушы ретінде кірмегенім мені «Екпін»-ге алып келді деп ойлаймын. Әлия Сембай ұсынған «Екпіннің» концепциясымен танысып, болашақ идеяларымызды қойын дәптерге тізген күндеріміз әлі есімде. Міне, баламыздай болған «Екпін»-ге 1 жыл да толып қалыпты. Бұл менің алғашқы жұмысым болғандықтан, маған дәл осындай команда, жалпы жұмыстың «ауыр жүк» бола бермейтінін, жайлы да қызықты болатынын түсіну маңызды болды.

Кейде журналымыздың алғашқы бетінен бастап, бір қайтара оқып шыққан ұнайды. Барлық жасаған материалдар, сұхбаттар, рецензия, мақалалар — бәрі де ертеңгі тарих емес пе? Әсіресе «Екпін» арқылы танысқан жаңа достар мен жалпы шығармашылық орта өзімнің жеке шығармашылық ойларыма қозғау салғандай. Кез келген материал болсын, соны дайындау барысында әйтеуір бір құнды дүниелер аламын өзіме. Мысалы, «Алашордашылар» жайлы серияның мақалаларын дайындау барысында осыған дейін білсем де, ден қойып оқымаған кітаптарды бір қайтара ақтардым. Алматы көшелеріне шолу жасаған кезде, қаламыздың көбінесе аралай бермейтін көрікті жерлерін өзім үшін жаңадан аштым. Ал сұхбаттар тіпті бөлек әңгіме. Бөлек пост болатын сияқты. Өйткені 1 жыл ішінде қаншама қызықты әңгімелер, кездесулер өтті. Суретші Ақжан, «За тебя, Бәке» құрушысы Марғұлан, «Геогебраны» қазақшалаған Талғат, шахматист Гүлмира, актер Азамат Сатыбалды, дизайнер әрі құрбым болып кеткен Зарина, ақын Олжас, футболист Олжас .., айта берсем көп. Ал шетел студенттерінің тәжірибелері, көптеген фотосессиялар мен сауалнама, репортаждар, мұражай, кітапхана, жатақхана, көрмелерге шолу барысында неше түрлі қызық оқиғалар мен естен кетпес әсерлер қалды. «Екпін» аясында түсіріп жүрген видеоблогтарымыз тіпті өзімді жаңа қырымнан көруге мүмкіндік берді.

Қорытындылай келе, осы қызықты да жемісті бастауды бірге іске асыруға шақырған, ең алдымен, бізге сене білген, жұмысты ыңғайлы жасай білген Әлия Сембайға, әрдайым қасымда фотоаппаратын немесе диктофонын тастамай, керек кезде қол ұшын беруден аянбайтын, әріптесім әрі құрбым Айнұр Ракишеваға және де бүкіл Yvision командасына алғысымды білдіремін!

«Екпін», меніңше, ыңырси беретін еркетотай емес, өздігінен нық аяққа тұрып келе жатқан, байсалды да алғыр бала сияқты. Сондықтан осындай өз күшіне сенген, қазіргі заман ағымынан қалыспайтын жобаның болашағы зор болары айдан анық.

Айнұр Ракишева:

Осыдан бір жарым жыл бұрын Әлия Сембаймен танысып, Айжан Кәрібаевамен үшеуіміз бір топ болып, жұдырықтай жұмыла жұмысқа кіріскен едік. Сол уақытта жастарға арналған мәдениетті, әдебиетті насихаттайтын, қатарластарының қол жеткізген жетістіктерімен бөлісе отырып, биік белестерге талпындыратын қазақ тілді жоба «Екпіннің» алғашқы материалдарын дүниеге алып келіп жаттық. Бірнеше айдан соң қағаздағы жобамыз интернет бетінен көрінді. Ол күн 19 қаңтар еді. Бұл мен үшін ерекше дата. Өйткені бұл күн менің журналистік өмірдің қайнап жатқан қазанына түсуіме бірден-бір себеп болған «Екпін» журналының дүниеге келген күні. Күн өткен сайын Әлияның жол сілтеуімен Алматы қаласының мәдени өміріне араласып, жатақхана, кітапхана, мұражайларға шолу жасай бастадық, түрлі мерекелік іс-шараларға қатысып, репортаждар әзірледік. Сырт көзге оңай көрінгенімен, бір материалдың дүниеге келуі оңай нәрсе емес екендігі әріптестерімізге белгілі. Сөйтіп жүріп бір жыл қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. Айжан екеумізді алыстан танып қойғандар енді: «Екпіннің ұзын бойлы қыздары келе жатыр» дейді екен.
«Екпінмен» бірге өзім де біраз жетістіктерге жеттім деп нық айта аламын. Бір жылдың ішінде өзімді журналист ретінде ғана емес, фотожурналист, аспазшы ретінде де сынап көрдім.

«Екпіннің» арқасында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Францияның інжу-маржандары» атты көрменің ең алғашқы көрермендері болып, көрменің ресми ашылуына дейін репортаж жасап, мәз болғанымыз әлі есімде... «Екпін» туралы бір ауыз сөзбен айтып жеткізу қиын. Өйткені естеліктер өте көп. Қорыта айтқанда, «Екпін» біз үшін тек жұмыс емес, ол Әлия, мен, Айжан үшеуіміздің бір жасар кіп-кішкентай сәбиіміз секілді. Сондықтан да алдағы уақытта «Екпіннің» өркендеп, өсіп-өну жолында еңбегімізді аямаймыз дегім келеді. Туған күнің құтты болсын, «Екпін»!

Кейіпкерлеріміздің лебізі


«Сенсация» КВН командасы:

Былтыр біздің команда туралы Айжан Кәрібаева материал жасаймын дегенде өте риза болдық. Өйткені Алматыда КВН командалары көп, таңдау бізге түскені қуантпай қоймады. Содан кейін сұхбат кезінде ерекше әсер алдық. Өйткені қарапайым болып көрінетін сұрақтарға жауап беріп жатқан кезінде күнделікті өмірде назар аудара бермейтін дүниелерге жаңа қырынан қарай бастайды екенсің. Өзіңнің істеп жүрген ісіңнің маңыздылығын айқын түсініп, бағалай бастайсың. Ал материал шыққаннан соң, кейінірек біз айтқан КВН-дегі кемшіліктер түзеле бастағанын байқадық. Расында қазылар алқасы тұрақталып, жас командалар тек Қазақстан көлемінде емес, Ресей, Сочидегі кубоктарға баруға ынталы бола бастады. Мұның бәрі, әрине, өте қуантарлық жағдай. Біздің өзіміз осы жылы Қазақстанның ашық лигасында чемпион атандық. Ал қазір сіздерге Сочидегі фестивальден сәлем айтып тұрмыз! «Екпін» журналын 1 жылдығымен құттықтап, осылай еліміздің дарынды да белсенді жастарын көрсетіп, таныстырып жүргендеріңізге алғыс айтқымыз келеді!

Зарина Даниярқызы, дизайнер:

«Екпін»-ге сұхбат бергенге дейін интернеттегі өмірге аса қызыға бермейтінмін. Кейіннен «Екпін» қыздарымен танысып, материал шыққаннан соң Yvision-ға өз блогымды тіркеп, жазба жаза бастадым. Хэндмэйд заттарымды салып, интернет аудиториясының пікірлерін біліп қалдым. Жалпы өз жолымды дұрыс таңдағаныма тағы бір рет көз жеткіздім. Осы материалды газет журналистері де байқап, сұхбатты кеңейтілген түрде, фотосессия жасап жариялаған болатын. Газет редакциясына Зарина ерлерге арналған киім үлгілерін жасай ма деген сияқты көптеген сұрақтар да келіпті. Одан кейін «Open Way-2012» сайысына қатысқан кезімде де «Екпін» қыздары маған қолдау көрсетті. Жалпы ол бір сұхбат беріп, кейін араласпай кететін емес, әрдайым жаңалықтарымызбен бөлісіп, кейінгі жетістіктеріме де назар салатын құрдастық қарым-қатынасқа айналып кетті. Сондықтан, өзіме қымбат болып кеткен «Екпін» интернет-журналын туған күнімен құттықтаймын! Оның жасаушы командасы үлкен игі жұмыс атқарып жатқандығын және де өздерін танытқысы келетін жастарды елеп жатқаны оларға көрсетілген үлкен қолдау екендігін айтқым келеді. Сіздерге тек алға даму мен қызықты кейіпкерлер, материалдар көп бола берсін деп тілеймін, рахмет!

Статистика мен жетістіктер

1 жылдың ішінде «Екпін» жобасында 269 материал жарияланды.

Соның ішінде 4 фото шолу:

Алматы кітапханалары
Алматы жатақханалары
Алматы мұражайлары
Алматы көшелері

Үнемі жаңаланатын 4 айдар:

Алаш Орда
Шетелде білім алу
Аспаздық
Видеоблог

Штаттан тыс пайда болған тамаша авторларымыз: Рысгүл Рамазанова, Мейрамбек Таубалдиев, Руслан Есмағамбетов, Айжан Рахметова, Назерке Сланбек, Салтанат Әбілғазиева, Ақмарал Есімханова.

Рысгүл Рамазанова, автор:

Қазақ журналистикасы жаңа дәуірге өтуде. Бұл қызық та керемет сәттерді біздің жаңадан қаламдары қарыштанып, жазулары ысылып келе жатқан жаңа тәуелсіз ұрпақ жүзеге асыруда. Көш бастаған елдердің қатарына қосылуға үлес қосып жатқан жастарымыздың жалынды екпіні арқасында осыдан тура бір жыл бұрын қызықты да тың тарихты оқиғаларды баяндайтын жоба дүниеге келген болатын. Бір жыл ішінде қазақ журналистикасы деңгейінің өсуіне атсалысқан, өзгеге емес, өзімізге қатардан қалмайтындығымызды дәлелдеген «екпіндіктер» оқырманды жаңа, қызықты, мәдени тақырыптармен қамтамасыз етті. Ел үшін маңызды оқиғалар, өнердің марғасқа тұлғаларымен жүрекжарды сұхбаттар ұсынып қана қоймай, қалың оқырманға егеменді елдің еркін ойлайтын жастарының жетістіктерін де баяндады. Бұл журналдың дамуына үлес қосқан барлық авторлар мен кейіпкерлерге алғысымыз шексіз. «Екпін» авторларының бірі ретінде өзімді бақытты сезінемін! Журналдың ұжымына, оқырмандарына тек табыс, жетістік, жеміс, жеңіс тілеймін.

***

2012 жылдың желтоқсан айында «Ekpin.kz» жобасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен қолдау тауып, демеушілік мәселесін әзірге шешті. Естеріңізге сала кетсек, жобаның алғашқы демеушісі әрі қолдаушысы Yvision.kz блог-тұғырнамасы.

Және де ең басты жетістігіміз — сүйікті аудиториямыз, посттарымызды үнемі шейрлетіп, лайктап, пікір қалдырып жүретін оқырмандарымыз.

© Екпін


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles