Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

. IV Қайырымдылық Балға кім келетін болды?

$
0
0

Әрбір адам өмірдің белгілі бір кезеңінде ертегі мен ғажайыптарға сенеді. Ал ондай ғажайып әлемге бір қадам жақындата алатын мәдени-шаралар адам көңілін жадыратпай қоймайды. Алматыда «Eventica» тобының ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін осындай іс-шараның бірі - Қайырымдылық Бал*.

*Қайырымдылық Бал – 2007 жылдан бері Алматы қаласында өткізілетін «Жыл жобасы» атағын иемденген мәдени жоба. Жыл сайын шараны бал этикеті мен би сабақтарынан өткен 60 жұп дебютанттар ашады. Балда әлемдік және қазақстандық опера жұлдыздары өнер көрсетеді. Сондай-ақ балдың дәстүрлі қонақтары – шет елдің және Қазақстанның бизнес, саясат, мәдениет, ғылым, спорт саласының жарқын өкілдері.

«Мен бұл балға ғашықпын!» - деп «Eventica»-ның бас директоры Марат Омаров айтпақшы, Қайырымдылық Балына қатысқан әр адам бұл шараға немқұрайлы қарап қала алмайды. Осы жылы төртінші рет өтетін балдың баспасөз маслихатынан «Екпін» де қалмай, мәдени-шараның жоспарымен танысты.

Тіркелуден өту мен үйлестіруші қыздар


Алдымен ұйымдастырушылар IV Қайырымдылық Балының ерекшеліктерімен таныстырып өтті. Ең алдымен, Балдың өтетін жері белгілі болды - биылғы көктемде балға келген қонақтарды “Жайлау” гольф курорты қарсы алады екен. 14 сәуір күні “Жайлаудың” территориясында 200 мың м²-лік шатырлар орнатылады делінген. Бал әр жылы әлемге әйгілі әртістерді шақыртып, қонақтарды таң қалдырудан жалықпайды. Мысалы, бұған дейін Робертино Лоретти, Мариус Стравинский келсе, биыл өзінің лирикалық сопраносымен көптеген жүректерді жаулаған Лара Фабиан келеді екен. Ал дирижерлердің қатарын атақты фамилияны арқалап жүрген «Отырар сазы» оркестрінің дирижері - Динара Тілендиева толықтырды.

Әрине, шараның ең басты жұлдыздары - 50 жұп болып билейтін дебютанттар болмақ. Олардың саны өткен жылғымен қарағанда 10 жұпқа кеміпті. Ал анкета толтырып, үміткер болған жастар саны 3475. Ұйымдастырушылар осы жылы Астананы да қалыс қалдырмай, ол жақтан кастингтен өткен дебютанттарды би өнеріне баулып, өз қаржыларына Алматыға әкелмек. Айта кететін тағы бір жайт, шараға өткен жылдан бері енгізілген толықтыру бойынша, биылғы жылы «Балалар үйінің» тәрбиеленушілері мен Ұлы Отан соғысы ардагерлері тегін қатыстырылады екен.

Биылғы жылы «құрметті дебютанттар» қатарына көпшілікке белгілі әнші Луина, 7-арнадағы «40 миллион теңге» шоу-бағдарламасының жүргізушісі Әбдел Мұхтаров, Қазақстанның теннис бойынша чемпионы, әлемдік теннис турларының финалисті 18 жасар Зарина Диас енді. Олар да кастингтен өтетін дебютанттар сияқты 2 ай бойы полонез бен вальстің қыр-сырларын игеретін болады.

Бірақ шараның аты «Қайырымдылық Бал» екенін ұмытпайық. Қазақстандағы статистика бойынша жанұялардың 15%-ы бала көтере алмайды екен. Шараның ұйымдастырушылары осындай жанұяларға ЭКО жүйесімен көмек көрсетуге 20 квота бөлінеді деп айтқан болатын. Яғни, бұл көмек жағдайы нашар, өз күшімен мұндай емдеуге мүмкіндігі жоқ отбасыларға арналады. Ол квотаны алу үшін 1-25 ақпан аралығында eventica.kz сайтында тіркелу қажет. Сондай-ақ, қайырымдылық шаралар төңірегінде жастар арасында осы проблемаға арналған тәрбиелік форумдар, дәрістік семинарлар өткізілмек.

Баспасөз-маслихатының ресми бөлімінен кейін біз «құрметті дебютанттармен» әңгімелеспей кете алмадық.

- Зарина, сәлем! Сен бұған дейін вальс, полонез сияқты би түрлерімен айналысып па едің?

- Жоқ, мүлдем айналыспаппын. Спорт, теннис, күнделікті жаттығулармен биге көңіл аударуға уақыт болмапты.

- Ал 2 ай бойы би жаттығулары сенің негізгі спорттағы жаттығуларыңа кедергі келтірмей ме?

- Өкінішке қарай өткен жылдың соңында иығым зақымдалғандықтан, қазір болып жатқан бір турнирге қатыса алмай қалдым. Бүгінде менде реабилитациялық период жүріп жатыр. Сондықтан вальс үйренуге жақсы мүмкіндік туып отыр. Балға қатысатыныма өте қуаныштымын.


- Әбдел, сәлеметсіз бе! Ыңғайсыз сұрақ болса кешірерсіз, бірақ балдың талабы бойынша дебютант болатын ер адам 18 жастан кіші, 25 жастан үлкен болмауы керек. Сіздің жасыңыз нешеде?

- Мен дәл 25-мін. Иә, бұл менің балға қатысып қалуға соңғы үмітім. (күліп)

- Балға қатысуға шақыруды бірден қуана қарсы алдыңыз ба? Әлде біраз ойланып алдыңыз ба?

- Шыны керек, бірден қуана келістім. Өйткені бұған дейін Қайырымдылық Бал жөнінде көп естігенім бар, көргенім бар. Әсіресе, «құрметті дебютант» ретінде шақырғаны жанға жағымды болды. Сондай-ақ бала кезімде би үйірмесіне қатысқанмын, меніңше, вальс игеру маған оңайға түседі.

Баспасөз маслихатында журналистермен қатар, азаматтық журналистиканың өкілдері - блогшылар да жүрді. Жанның саясы блогының авторы Жансая шараның бас ұйымдастырушысы Марат Омаровқа сұрақ қойған болатын:

- Марат мырза, бұл балдың Қазақстанда өтіп жатқаны әрине қуантады. Алайда неге қазақ тілінде емес?

- Егер қазір қазақ тілінде сөйлейтін болсам, аудиторияның тең жартысы мені түсінбес еді. Оған қоса бұл баспасөз маслихатының спикері өзім. Өкінішке, орай, қазақ тілін жетік білмеймін, енді ғана үйреніп жатырмын. Болашақта бұл мәселені міндетті түрде шешетін боламыз.

- Бұл мәселе қашан шешілмек?

- Негізі, бұның бәрі аудиторияның қалауымен жасалынуы тиіс, әзірге ондай сұраныс жоқ.


Бұл мәселеге қатысты ойымыз, шынымен де, өзіміз қазақ тілді журналист болып, талап етпесек, шараға қатысқан жастар, беделді адамдар осыған сұраныс танытпаса, айта-айта жауыр болған проблемамыз өз орнынан қозғалмас. Ал балға келер болсақ, мұндай көркем шаралар адамның мәдениетін, өзін-өзі ортада ұстауын, дұрыс сөйлей білуін көрсететін не түзететін, жастар арасында тәрбиелік мәні өте зор игі іс деп білеміз.

__________________________________________________________________________
Баспасөз маслихатында бізге белгілі болған пайдалы мәліметтер:

  1. Дебютанттарға арналған кастингтің 1-ші туры 4, 5, 11 ақпан күндері Royal Tulip қонақ үйінде өтеді. Адресі: М.Оспанов көшесі, 401/2.
  2. 2-ші туры 12 ақпан күні сол адрес бойынша.
  3. Дебютанттардың дайындық сабақтары 13 ақпаннан басталады. Өтетін орны: Оқушылар Сарайы. Адресі: Достық даңғылы, 114.
  4. «Превентивность бесплодия среди молодежи» тақырыбы бойынша студенттерге арналған форум 22 ақпан (қыздар үшін); 23 ақпан (ер балалар үшін). Өтетін орны: КИМЭП, New building.
  5. IV Қайырымдылық Балға билеттер 1 ақпан күні сатылымға түсті. Бағасы: 75 000-120 000 теңге. Орындар шектеулі: 540 орын. Алдын ала eventica.kz сайтында тіркелу қажет.

__________________________________________________________________________

Баспасөз маслихатына қатысып, фотоға түсірген: Айжан Карибаева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles