Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Жомарт Зейнәбіл мен оның кейіпкерлері

$
0
0

Жомарт Зейнәбіл Әтенұлы 1969 жылы 16 мамырда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Тартоғай ауылында дүниеге келген. Бала кезден өнерге жақын болған Жомарт 1990 жылы Т.Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтының актерлық бөліміне түсіп, 1994 жылы тәмамдап шығады. Сол жылы жолдамамен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып қызмет істеп келе жатыр.

Зейнәбіл балалар мен жасөспірімдер театрының актері, бүгінде қазақ киносында өз қолтаңбасын қалдырып, жұртшылықтың ыстық ілтипатына бөленіп келе жатқан актер. Оның шығармашылық өмірбаянынан әсіресе театр сахнасында ойнаған рөлдері Д.Саламат «Ғайыптағы мәңгілік махббат сазы» - Досым, Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» - Қосаба жігіт, Э. Де Филиппо «Цилиндр» - Аугустино Мускарельо, О.Иманжонов «1001 күн» - Ибн Малғұн, Д.Исабеков «Ескерткіш операциясы» - Есіркепов, С.Жүнісов «Тұрымтайдай ұл еді» - Шарыш, Дж.Патрик «Кемпірден қалай құтыламыз» - Рудольфо, Т.Теменов «Мулен ружға шақыру» - Сембин, В.Ежов «Бұлбұлдар түні» - Тимофеев, М.Байджиев «Тұншыққан сезім» - Ескендір, Б.Мұқай «Шындық детекторы» - Ботан Сарманов сияқты т.б. Солардың ішінен көзіміз көріп, қол жеткізген рөлдерінің бірі Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрінде» - Қорқыт, О.Бөкейдің «Атау-кересінде» - Таған бейнелері айрықша айтып өткенге не жетсін.

Ж.Хаджиев режиссурасымен сахнаға қойылған келесі бір спектакль Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» пьесасы. Поэтикалық тілмен жазылған бұл туындыда ойнау актерден үлкен шеберлікті талап ететіні мәлім. Қорқыт рөлінде ойнаған Ж.Зейнәбіл спектакльдің алғашқы сахнасынан бастап, терең ойға батқан Қорқытты аса салмақты да, сабырлы етіп бейнеледі. Оның уілдеп тұрған ағаштан қобыз жасауы да сенімді. Әр дыбысқа үнсіз құлақ түріп, ұзақ отырып күй шығаратын тұстарында шығармашылық адамға тән белгілерді көрсете алған. Өмірдің мағынасын іздеп, ел кезген Қорқыттың өлімнен қашуы өмірдің мәнін іздеуде екендігін дұрыс ұқтырған.

Философиялық мағынаға толы «Қорқыттың көрі» спектаклінің әр сахнасы терең ойға жетелейді. Соның бірі Әзірейілге жанын бергісі келмеген Қорқыт өзі үшін кім жанын беретінін сұраған кезде ата-анасы бас тартады. Сонда сүйген жары Қорқыт үшін жанын қиюға әзір екенін айтады. Бұдан махаббаттың беріктігін аңғаруға болады. Спектакльдің соңында Қорқыт адамның мәңгі жасамайтынын, тек өнердің мәңгілікке екенін ұғады. Соны түсінген кезде Қорқыттың түрі шаттыққа толып, өмірдің мағынасын ұққанына разылық сезімін тағы күй тартумен білдіреді.

Ғ. Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарынан елеулі орын алып, көпшілік қауымның көңілінен шыққан спектакльдің бірі Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесі негізіндегі драма. Бүгінгі замандастарды ойға жетелейтін психологиялық толғанысқа толы бұл спектакльдің режиссері Н.Жақыпбай повесте қозғалатын әлеуметтік мәні терең бірнеше оқиғаның біреуін ғана таңдап алып, яғни ғасыр дертіне айналып, адамның азғындық жолға түсуіне себепкер болатын ішімдіктің қасіретін сахнадан көрсете алды. Повесті сахналық жүйеге түсірген Мұхамед Ахмет-Төре автордың өзіне тән стилін сақтай отырып, режиссер талабына сай ықшам да, түсінікті инсценировка жасай алуы, спектакльдің сәтті шығуының негізгі кілтіне айналды. Н.Жақыпбай шығарманың көркемдік-идеялық мазмұнын терең барлаумен бірге, ондағы әрекеттің даму логикасына қарай кейіпкерлердің сахналық мақсаттарын дәл белгілеген. Спектакль кейіпкерлердің ішкі ойына, олардың дүниетанымы мен сана сайысына құрылған. Содан болар спектакль басталған сәтінен-ақ көрермендерін бірден баурап, оқиға иіріміне тартып әкетеді.

Шымылдық ашылғанда иен таудың бауырына қоныс тепкен жалғыз үй көзге оттай басылады. Бұғы мүйізіне ұқсас ағаштармен қоршалған бұл үйдің маңы өте ұқыпты жиналып, иелерінің талғамы мен тиянақтылығынан хабардар етіп тұрғандай. Режиссер идеясын қалтқысыз ұққан жас суретші Д.Қазақбаев қойылым декорациясын шартты түрде келісті шешкен. Мұнда кеңістік те, қозғалыс та мол. Жалпы сахнаның құрылысы мен жасалуында шығарманың өзіндік ерекшелігі, актерлердің әрекет жасау жағдайы қатты ескерілген.

Сахнадағы барлық қимыл-қозғалыс, мизансценалар, жарық пен музыка да режиссерлік ой-тұжырымды жүзеге асыруға бағындырылған. Спектакльдің өн бойында оқтын-оқтын естіліп тұратын араның ызыңы автордың философиялық ойын жеткізудің амалы ретінде дұрыс пайдаланылған.

Спектакльдің басты табысы актерлердің ойыны десек артық айтқандық емес. Әсіресе қойылымның динамикалық өрбуіне арқау болып отырған Нүрке ананың рөлін ҚР халық артисі Роза Әшірбекова шебер ойнады. Орындаушы қарт ананың сезім байлығын көкірек көрегендігін, қас пен қабақтың сыр ұғатын ұшқырлығын, әрбір психологиялық тебіреністен туатын көңіл-күй ерекшелігін нанымды бейнеледі. Орындаушы ойынында Нүркенің қазақ еліне келін боп түскен сәтін еске ала тебіренуі, баласы Еріктің тас жүрек мейірімсіздігіне налуы, келіні Айнаны қызындай жақсы көруі, маскүнемге айналған Тағанға қамқорлық көрсетуі, аяғын баса алмай төсекке таңылып отырса да бес уақыт, бес намазын қалт жібермей Аллаға құлшылық етуін табиғи түрде шынайы бедерледі. Түйіндеп айтқанда, Р.Әшірбекова Нүркені тек бір отбасының тұтқасы емес, бүкіл халықтың болашағына жаны күйетін ел анасы тұғырына көтере алады.

Рас, режиссер бұл кейіпкерді спектакльдің алтын қазығына айналдыра білген. Нүркені аралар шағып қайтыс болатын сахнасында режиссер Айнаға жоқтау айттыртып ұлттық дәстүр жаңғыртуы құптарлық тапқан. Дегенмен әлі де режиссер тарапынан ұлттық ізденіс жетіспей қалған тәрізді. Себебі басқа болса да, келін болған күннен бастап сүйген жарын ғана емес, оның дінін, тілін, салт-дәстүрін қадірлеп, көп көңілінен шыға білген Нүрке ана атау-кере суын ішіп, өмірмен қоштасар кезде әуелі құран оқып, іле-шала өз тілінде Аллаға жалбарынып, шоқына жөнелуі келіні Айнаны есінен тандыра жіберетін повесте өте әсерлі суреттелген. Дәл осы тұста автордың философиялық үлкен ойы түйінделген. Оған ана сүтімен бойға дарыған туған тіл мен діннің құдіреті ғана емес, адам табиғатының құпия сыры мен санаға бағынбайтын тылсым күштің көрінісі бар. Спектакльде аталмыш сахна қуатының кемшін түсуі О.Бөкейдің философиялық ойынын өз мәресіне көрінбей қалғандығынан туындаған.

Бүкіл қазақ халқының өміріне судай сіңіп алған ішімдіктің қатерлі дерттей іштей үңгіп, үлкен кеселге айналып кеткендігін аса маңызды әлеуметтік мәселе ретінде көтере білген автор идеясын дөп басқан режиссер де сахнадан осы жәйді толғай алды. Ол спектакльдің орталық кейіпкері Тағанның тағдыры арқылы ішімдіктің соңына түсіп ақыл-есін жия алмай жүрген кейбір қандастарымыздың өмірін көз алдыңа әкеліп, қазіргі күнде де арақпен күресті мәселесін алға тартады. Маскүнемге айналған Таған рөліндегі Жомарт Зейнәбіл өз кейіпкерінің тұманданған санасының біртіндеп оянып, ішкі жан-дүниесіндегі сезімдік құбылыстардан туындап жатқан өзгерістер процесін қалтқысыз бейнелей алды.

Спектакльлдің алғашқы сахнасында Еріктің соңынан бір жұтым арақ үшін еріп, құлқынның құлына айналған Тағанның аяқ-қолын өзіне бағындыра алмай, адамдық болмыстан жұрдай азғындап кеткенін актер әрбір қимыл-қозғалысымен, іс-әрекеті арқылы иланымды берді. Ерік үйінің табалдырығын аттап Нүрке ана мен Айнаның қамқорлығына бөленгеннен кейінгі Тағанның ішкі әлемінде әлдеқандай бір күштің біртіндеп бас көтере бастағанын актер бет-әлпеті мен жүріс-тұрысынан таныта алды. Адам санатына қосылудың негізгі тетігі арақты ауызға алмау екендігі санасына жеткен кезде, Еріктің арбауына түскен Таған ескі әуеніне қайта басып есінен танғанша ішіп жығылады. Ақылы оралып, айыққан соң тұңғыш рет өзінен түңіліп өлуге бел байлайды. Режиссерлік интерпретацияда спектакльдің шарықтау шегі болып саналатын бұл сахнада дарға асылған Тағанды яғни Айна құтқарып қалады. Дәл осы сахнада ажал тырнағынан аман Тағанның екінші өмірі басталғанына режиссер мән берген. Тағанның Айна (Айгүл Иманбаева) алдында толғана сөйлеп ақтарылып, оған гүл ұсынып махаббат сезімін білдіруі, екеуінің үнсіз ұғысулары лирикалық тұрғыда әсерлі шешілген. Ең бастысы рух пен ерік-жігер арпалысын нәпсіге қарсы қойып, адам ниет етсе кез келген уақытта өзін жеңе біледі деген ойды айқын аңғарта алған.

Бүгінде көгілдір экран арқылы жүріп жатқан сериалдарда өз бейнесін қалдырып жүрген актер. Оның әрбір кейіпкер сомдауы, жан-жүрегінің елегінен шығады. Әттең-ай дейтініміз осындай өнерлі ағаларымыздың атақ-дәрежесінің жоқтығы. Талай жылдан бері театрда ойнап, теледидар арқылы көрерменге танымал болған Жомарт Әтенұлы Зейнәбілдің осындай шығармашылығы көп болғай демекпін.


Гүлназ Әділғалиқызы,

өнертанушы



Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles