Әбубәкір Диваев
Біздің қазақ халқын шын көңілмен жақсы көріп, қолынан келген қадірінше қалам өнерімен қызмет қылғандардың алдыңғы қатарында Әбубәкір Диваевтың аты айтылса керек. Әбубәкір мырза көп жылдар Түркістан генерал-губернаторына тілмаш болып тұрды. Қызмет үстінде қазақтармен таныс болып, тілі бай, сөзге шебер екендігін байқап, бұлардың құр арыздарын тәржімә ете бергенді былай қоя тұрып, ертегі, мақал, нешетүрлі өлеңдерін жинаумен болды. Әдейі бұл жұмыс үшін олай-бұлай шығып жүре алмаса да, өзінің таныс адамдары арқылы халық арасында айтылып жүрген белгілі сөздерді жаздырып алып, орыс тіліне тәржімә етумен болды.
Әбубәкір мырзаның қолынан шығып таралған сөздер көп. Мысалы: Ерназар Бекет (Бекет батыр), Шора батыр, Алпамыс батыр... Бұлардан басқа нешетүрлі өлеңдер, жар-жар, беташар, бала жұбату, құдалық жайы, біздің кәдімгі аты шулы атқа мінеріміздің жайы, ертегілер, мақалдар...тағы, тағылары толып жатыр. Біраз жылдан бері Әбубәкір мырза денсаулығы нашар болып, бұрынғыдай жаза алмай жүр. Сонда да әлі қазақ өлеңдерін жинаудың соңында. «Құдай сәтін салған кезде тәржімә етермін» дейді. Қазақтың өзінен басқаларға түсінуге қиын бір сөздер кез келіп қиналыңқырамаса, Әбубәкір мырзаның тәржімә еткен тілі тым-ақ жатық. Бұл кісі қазақ халқына ғылым жолымен таныс орыс ғалымдарының бәріне көптен белгілі. Кітаптарының біразын Қазан университеті бастырып шығарған.
Биыл Әбубәкір мырзаның бұл қызметіне 25 жыл толды. Газеттің қысқа жолында бұ кісінің бізге қанша пайда келтіргенін айтып шығып болмайды. Бұл жазып отырғанымыз жұртымыздың дос адамына орны келген жерде сәлем беріп өтейік деген. Және бір-екі сөз. Ташкентте оқып жүрген азын-аулақ қазақ балаларына Әбубәкір мырза қолынан келген жәрдемін тартынбай тигізіп жүреді. Әсіресе, Ташкент гимназиясында оқитын бір қазақ баласын өз үйіне, бір тиын пұл алмастан сақтап оқытып жүрді. Ол жігіт гимназияны бітіріп, студент болып жүрген кезінде де таршылықта Әбубәкір мырзадан көп жәрдем көріп тұрды. Әбубәкір ағайға шын көңілімізден рахмет оқып, барек-алла демекті міндетті борышымыз деп білеміз.
Мұстафа Шоқаев
«Қазақ» газеті
1915 ж., #156, 31 қазан
Мұстафа Шоқай (1890-1941) — қоғам қайраткері, тарихшы, журналист, публицист. Мұстафа Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласында дүниеге келген. Ташкентте гимназияны «өте жақсы» деген бағамен, Петербург университетінің заң факультетін бітірді. «Қазақ» газетінде Әлихан Бөкейхановпен бірге жазған. «Сырдария қазағының съезі» деген мақаласы, этнограф, фольклоршы Ә.Диваевтың қазақтың мақал-мәтел, ертегі, мысалдарын жинаудағы орасан зор еңбегі дәріптелген «Әбубәкір Диваев» деген мақаласы жарияланған. Қуғын-сүргін құрбаны.
________________________________________________________________________
«Алаш» айдарында жарияланған ұқсас мақалалар:
Есенғали Қасаболатов: «Қазақ жастарына»
Ахмет Байтұрсынов: «Аз уақытта көп білу жолының басы»
Уалиолла Халели: «Тіл сақтаушылық»
Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»
Мағжан Жұмабаев: «Дала. Қала.»
Әлихан Бөкейханов: «Ұят-ай»!
«Айқап» журналында әйел теңсіздігі мәселесі
«Айқап»: «Қазаққа алалық қайдан келді»?