Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Бүгін театр күні

$
0
0

«Екпін» журналы Халықаралық театр күніне орай Алматы мен Астана қалаларының мәдени репертуарымен бөлісуді жөн көрді. Отандық театр өмірімен бірге таныс болайық.

М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры:

«Гамлет», трагедия, У.Шекспир, ауд. Хамит Ерғалиев

Гамлет — ақылды, тез тұтанғыш және жақсылығы қатар жүретін жас жігіт. Бітімі мен қимылы неткен дара? Оның ойы неткен ізгі, қабілеті неткен шексіз? Әкесінің оқыс өлімі, шешесінің асығыстықпен екінші рет тұрмысқа шығуы секілді бірінен кейін бірі жалғасқан оқиғалар оны одан сайын ширықтырады. «Дүниенің көркі, күллі тіршіліктің мұрағаты ғой, адам,» — дейтін Гамлет үшін өмір неге соншалықты құнсызданды? Болу ма, жоқ бордай тозу ма? Оның осы қанатты сөзінің мағынасы бүгінге де қатысты. Жалпы адамзатқа ортақ уайым.

28 наурыз, сағат 18:30
Ұзақтығы: 2 сағат


«Үйлену», комедия, Н.В.Гоголь, ауд. О.Қыйқымов

«Үйлену» — өздерінің байлыққа бас ұрған есепшілдігінен, өзімшіл таяздығынан өздері зардап шегіп жүрген, бірақ, онысын өздері сезбейтін адамдардың аянышты тағдырлары, мақтаны көп, мақсаты жоқ қоғам туралы әрі күлкілі, әрі мұңды комедия.

29 наурыз, сағат 18:30
Ұзақтығы: 2:30 сағат

«Империядағы кеш», драма, С. Асылбекұлы

«Империя» мейрамханасы. Мейрамхана иесі, кәсіпкер Айдардың туған күн кеші. Бұрынғы ғалым әріптестерінің туған күн иесіне ақжарма тілектері, ағынан жарылған көңілдер, мол дастархан. Бәрі керемет. Алайда... бір-біріне тілектес, әріптес, дос-жарандай көрінетін жандардың шын бет-бейнесі бірте-бірте сұлбалана бастайды да, бұл кеш Шекспирдің атақты «Өмір- театр, адамдар оның актері» деген қанатты сөзі мағыналана, ашыла түсетін кеш болып шығады...

30 наурыз, сағат 18:30
Ұзақтығы: 2 сағат


«Жүрейік жүрек ауыртпай», драма, Б.Жәкиев, ауд. Ә.Сығай

Әке, бала, келін, немере. Әрқайсысы өзінше бір әлем. Ұрпақ жалғастығы, жарасым, яғни үлкенге құрмет, кішіге ізет, имандылық, қанағат болса, бақ бақыт қонуы тиіс-ақ отбасы еді. Олай болмады...

Спектакль кейіпкерлері─ жаны жабырқаған қария, бәрін өзінің шолақ ойымен кесіп-пішіп жүрген бейапар келін, ез ұл, өз үйінен, туған анасынан жылу таппай жүрген бойжеткен. Қария «ата-бабадан қалған ескі қонысты сату деген не сұмдық?» деп қапаланып жүргенде ұлы мен келіні тағы бір өнер шығарып, қарияны қарттар үйіне жібереді...

31 наурыз, сағат 18:30
Ұзақтығы: 2 сағат


«Бес бойдаққа бір той», комедия, Т.Нұрмағанбетов

Ауылда өскен әрбір қазақ ауылды аңсайды, сағынады. Ауылға деген сағыныштың аптығын басып ауыл өміріндегі күлкілі жайды көз алдыңа келтіретін «Бес бойдаққа бір той» спектакліндегі оқыс оқиғаларда зіл жоқ, жеңіл әзіл, әдемі қалжыңға толы. Бес бойдақ — Қырманбай шал және оның ұлдары. Әлімсақтан келе жатқан әкелер мен балалар мәселесін бүгінгі күн, ұлттық дүниетаным тұрғысынан көтеретін комедияға әрбір кейіпкердің қимыл-қарекеті, мінез-құлқы күлкі шақырады. Күлкінің астарында не бар?

2 сәуір, сағат 18:30
Ұзақтығы: 2 сағат

«Сыған серенадасы», мюзикл, И. Сапарбай

Әйгілі Шәмшінің жүрек шымырлатар, сезім серпілтер құдіретті әндері әрбір қазақтың аузында. Сол сұлу әндер өмірге қалай келді? Жалпы Шәмшінің өз тағдыры, өз махаббаты туралы не білесіз? Еріксіз биге жетелеп махаббатпен тебірентер Сыған серенадасы. Осы бір әнді оятқан Сыған қызы Изольда жайлы естігеніңіз бар ма? Ән махаббаты Шәмші тағдырын тоқайластырған Исраил Сапарбайдың Сыған серенадасы атты поэтикалық драмасы сахнада осы тұрғыда сыр шертіседі. Әуенге толы драма әсерге де толы.

3 сәуір, сағат 18:30
Ұзақтығы: 2 сағат

«Ұлы мен Ұры», драма, Т. Әбдіков

Спектакль оқиғасы қарт ғалымның үйіне ұры түсуден басталады. Үй иесі полиция шақырудың орнына ұры жігітті аяп, екеуара әңгіме мүлдем басқа қалып алады. Таң қалған ұрыға «...Ұрлық тек үй тонаудан тұра ма екен?!» деп жауап береді тележурналистерді күтіп отырған ардагер қарт. Сұхбат алуға келген тележурналистің жеңіл-желпі, «әйтеуір жазып алсам болды, әйтеуір нанымды жеп жүрсем болды» дегендей сырғыма сұрақтары, ардагердің «жынына тиеді». Осы тұста үйге ардагердің журналист ұлы келеді де, телесұхбат әке мен бала арасында ар шындығы, қоғам шындығы туралы ащы пікірталас, айтысқа ұласып, бірте-бірте ақиқат шеті көріне бастайды...

4 сәуір, сағат 18:30
Ұзақтығы: 2 сағат

«Шырақ жанған түн», лирикалық драма, Нұрлан Оразалин

Сағын мен Нұргүл жарасымды, елге үлгі, «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» отбасы. Үйлеріндегі кезекті бір қонақ қабылдауда кездейсоқ телефон Сағынның көңіліне сызат түсіріп, олардың өзара ренжісуіне себеп болады. Нұргүл түн ішінде үйден кетіп қалады. Осы түн кейіпкерлер үшін тазару, арылу түніне айналады...

5 сәуір, сағат 18:30
Ұзақтығы: 1 сағат 30 минут


«Күзгі романс», драма, С.Асылбекұлы

Бүгінгі нарықтық заманында қайтсек біз ұлттық рухымызды сақтап қаламыз деп жүрген өнер адамы Сайлаудың отбасының берекесі неге қаша бастады? Сайлау мен Сюзананың арасындағы байланыс бір-біріне түсіністік іздеген жандардың шер тарқатар сыйластығы ма? Әлде біздер ақша қуамыз, - деп асылдарымыздан айырылып бара жатқан жоқпыз ба? Серік Асылбекұлының «Күзгі романс» қойылымы осы сұрақтарға жауап іздейді.

6 сәуір, сағат 18:30
Ұзақтығы: 2 сағат


«Отыз ұлың болғанша...», мұңды комедия, Ф.Буляков, ауд. Т.Әлімбекұлы

Жиырмасыншы ғасырдың жаңалығының бірі-қарттар үйі. Жүдеген көңіл мен жүнжіген тіршіліктің осы бір ұясында асыл арман мен алдамшы үміт өмір сүреді. Осындай оқиғаны қара шаңырақтың хас шеберлерінің орындауында бірге тамашалағыңыз келсе, театрға келіңіз!

7 сәуір, сағат 18:30
Ұзақтығы: 1 сағат 30 минут

«Күйеуіңізді сатыңызшы», комедия, М.Задорнов, ауд. О.Кенебаев, Т.Әлімбекұлы

Әйелге еркек таласса жарасады. Ал еркекке екі әйел таласқаны қызық-ақ. Айтқандай оның бірі -өз әйелі, екіншісі-жиырмадағы бойжеткен. Ыстықкөлдің ыстық ықыласын бірге көріп қайтқан бойжеткен ол үшін ештеңесін аямайды.Қарыз алып қауғаланып жүрегі жылаған, құлаған еркекті өз әйелінен сатып алуға әзір. Екі әйел — бір еркек, әңгімелері мың ертек. Ол ертектің бәрін айтып шығу мүмкін емес. Тек көру керек.

9 сәуір, сағат 18:30
Ұзақтығы: 1 сағат 40 минут

«Апалы-сіңілілі үшеу», драма, А.Чехов, ауд. Ә.Бөпежанова. Премьера!



12-13 сәуір, сағат 18:30


«Қазақтар», тарихи драма, Қ.Ысқақ, Шахимарден

Қазақ тарихы жайында танымдық тың деректер табылып та танылып жатыр. Бұл қойылым қазақ халқының өз алдына мемлекет болып қалыптасу кезеңін қамтыса, идеясы — түбі де тегі бір түркі дүниесінің қайта тұтастана бірігу мақсатын алға тартады...

14 сәуір, сағат 18:30
Ұзақтығы: 2 сағат 30 минут

  • Мекен жайы: Абай даңғылы, 103
  • Kасса: 378-53-85

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар және жасөспірімдер театры:

«Фатима», қасіретнама, И.Ғайып

Қазақ халқының болашағы үшін аянбай еңбек еткен ірі тұлғалары: Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров және Мұхтар Әуезовтерге Фатима-Ананың рухани сүйеу болғаны белгілі. Ұлтымыздың үш бірдей ұлына сүйеу болған, педагог — Фатима-ананың өмір жолы туралы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ақын, драматург Иран Ғайыптың «ФАТИМА» қасіретнамасы атты қойылымынан тамашалай аласыздар.

28 наурыз, сағат 18:30


«Карменсита», «Кармен» повесіне фантазия, авторы Т.Теменов

Карменсита — махаббат пен ғашықтық, сұлулық пен іңкәрлік сезімдер жайында сыр шертер, сүйгеніне жету жолында күресу, өшпенділік пен озбырлық жайында сөз етер, тартысқа толы туынды. Кармен шығармасының бас кейіпкері — испандық жас сыған қызы. Кармен өзінің сымбатты келбеті, бойдағы жалын атқан жастық қуаты, жасампаз сұлулығы және тартымды тәкаппарлығы арқылы, елдің бәрін өзіне ынтық етеді. Шығарманың басты кейіпкерінің өне-бойы — ай жарықта жымындаған жұлдыздар сынды жарық, ашық аспан астындағы айдын көлдің тұнығындай мөлдір де, айнала біткен табиғаттың көркем келбетіндей жарқын. Кармен — туынды желісінде асқан сұлулығымен қатар, тағылымсыз, екіұдай жасампаз қылықтарымен де бейнеленеді. Әйтсе де, оның ерекше болмысы — айналасына махаббат сыйлаған ару кейпінде көрініс табады.

29 наурыз, сағат 18:30

«Шындық детекторы», трагикомедия, Б. Мұқай

Алды үміт, арты өкініш-алдамшы өмір демей ме, дана Абай. Адам баласы өмір кемесінің үстінде іспетті. Өмір-күрес, өмір-бәйге. Озған адамды күндеуге болмайды. Бәлкім, күні ертең сіздің де атыңыз бәйгеден келер. Біз қашанда шыбын жанымыз шығып кеткенше жанталаса күресе білуіміз керек. Үлкеннің қадірін тектілер ғана біледі. Біз үлкен кісілердің алдын кесіп өтпеуші едік, иіліп сәлем беретінбіз. Кек қайтару ақылсыз, тек бүгіндік уайыммен өмір сүретін пенделердің ісі. Өзіңді-өзің қорғаудың ең дұрыс жолы күрес.

Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөзді болмай, көппен бірге жаңа қойылымды көріп, Шындық детекторымен жүздесейік!

30 наурыз, сағат 18:30

«Көгілдір такси», мелодрама, С.Сматаев, Т.Теменов

Ащысы мен тұщысы қатар өріліп жататын өмірде адам басынан не өтпейді дейсіз? Бұл — Мәриям атты келіншектің тағдырынан сыр шертетін сахналық қойылым. Мәрияммен махаббаттың тұнығын лайлап, байлықтың құрсауында кеткен Қайыржанның ұлы Костя, шын аты Нұрбақыт тағдырдың тәлкегімен көп жыл көрмеген әке алдына келеді. Жай ғана емес, есірткі тасымалдаушы ретінде. Бұл кезде Қайыржан да толық өзгерген. Кезінде Марияммен бірге армандап, қиын сәттерді бірге қарсы алған Қайыржан ұлының алдында полиция бастығы болып отырады. Алғашында әке мен бала қарсы отырғанын әсте сезбейді...

4 сәуір, сағат 18:30

  • Мекен -жайы: Абылай хана, 38
  • Касса: 271-42-37

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры


«Юнона» мен «Авось», екі бөлімді рок-балет, А.Рыбников

Граф Резанов Америка жағалауларына «Юнона» және «Авось» корабльдерімен алғашқы экспедиция ұйымдастыруға рұқсат сұрайды. Оның ойынша бұл екі ел арасындағы сауда және саяси қатынастарды жақсартып, Россияның гүлденуіне көмектесуі қажет.

Тосыннан Америкаға экспедиция жіберу туралы рұқсат келеді, Резанов моряктар командасын жинап, сапарға аттанады. Сайқымазақ та аттанады, ол графты ауыр сапардың қиындығынан қорғап, қиын сәттерде көмектеседі. Арып-ашыған топ Калифорния жағалауына жетеді.

29 наурыз, сағат 18:30

«Фауст», төрт бөлімді опера, Ш. Гуно

Түн. Тұңғиық ойға шомып кеткен Фауст дәрігер өмірдің мәнін түсіну үшін, өз-өзін у ішіп өлтірмекші. Сол уақытта оның құлағына келер күнді қарсы алып жүрген қала тұрғындарының дауыстары, ән мен күй естіледі. Сол кезде Фауст өлгісі келмейтінтіндігін түсінеді. Сонда ол оған жастық шағын, махаббатын, үмітін қайтарып бере алмайтын ғылымды, Құдайды қарғыс атсын деп Ібілісті шақырады...

30 наурыз, сағат 18:30

«Қызыл Жизель», 2 актілі балет, Борис Эйфман

Спектакль 21 ғасырдың қиын да аянышты тағдырлы атақты балеринасы Ольга Специвцеваға арналады.

Петроград. Бұрынғы император театрының балет класында классикалық би сабағы өтіп жатыр. Шәкірттеріне талабы күшті ұстаз бишілердің арасынан өзінің әдемілік туралы ұғымына сәйкес келетін әдемі әрі тамаша биші қызды айрықша бағалайды.
Биші қыздың өнері көрермендердің көңілінен шығады. Биші өнеріне тәнті жандардың арасында жаңа үкімет өкілі чекист те бар. Оған бишінің тамаша өнері ғана ұнап қоймай, сымбаты да қатты әсер қалдырады...

31 наурыз, сағат 17:00

«Кармен — сюита», бір актілі балет, Ж. Бизе- Р. Щедрин

Кармен қызба, батыл, әрі барлығын басқарғанға үйреніп қалған адам. Алайда сотқар Хозе оның құштарлығын оятады. Өзінің сыйқырлы сұлулығымен Хозені өзіне қаратып алған Кармен ендігі жолда жаңа сезімдерге берілгісі келеді. Сол кезде ол Торероны кездестіреді. Бірақ Хозе Карменнің оған махаббаты сөніп қалғандығына сенгісі келмейді.

Кармен болса олардың қарым-қатынасының мәңгілікке үзілгендігін оған түсіндіргенімен, ол түсінер емес...

12 сәуір, сағат 18:30

«Севильский цирюльник», комедиялық опера, Джоаккино Россини

Түн ауғанда Севилья көшелерінің бірінде граф Альмавив өзің кедей бозбала Линдормын деп, өзінің сүйіктісі ару Розинаға серенада ойнап келе жатады. Серенаданы ұйып тыңдап отырғанымен қыз жігітпен кездесуге шыға алмайды. Өйткені өзінің кішкентай тәрбиешісіне көз салып жүрген Розинаның қамқоршысы қарт дәрігер Бартоло одан бір сәтке көзін ала емес. Сол кезде графқа көмекке күлдіргі және суаит Фигаро көмекке келеді. Сөйтіп ол Альмавивке қу жоспар ұйымдастыра бастайды...

13 наурыз, сағат 17:00

«Аққулы көл», екі бөлімді балет, Петр Ильич Чайковский

Патшайым ұлы Зигфридке ертеңгі болатын кешке шақырылған қыздардың арасыннан өзіне қалыңдық таңдауы қажет екендігін айтады. Бірақ анасының бұл сөздері оның жүрегін дір еткізбейді. Себебі ол өзі танымайтын, сүймейтін қызды қалыңдыққа алғысы келмейді. Кеш басталарда Зигфридқа өзінің арманындағы қыздың бейнесі елестейді. Бірақ ол қыз қайда? Ханзаданың жанына тұрған достарының әңгімелері оны қызықтырмайды. Тек аспанда ұшып бара жатқан бір топ аққу ғана оның назарын өздеріне аударып. Зигфрид солардың артынан еріп кетеді...

14 наурыз, сағат 17:00

  • Мекен-жайы: Қабанбай батыр, 110
  • Касса: 272 −79 — 34

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры:




«Кеш», драма, А.Дударев

Панасыз ауыл, дәрменсіз қарттар. Әр таңын аңсаумен атырып, әр күнін жол тосумен батыратын жарым көңіл қариялар. Ал олар үшін осынау құлазыған әлемді жылытатын бір ғана үміт оты бар. Ол үміт тек перзенттері қайтып оралған сәтте жанбақ. Барлық ата-ана үшін перзенттік парыздың қаншалықты маңызды екенін қойылым барысында сезінесіз.

28 наурыз, сағат 18:30

«Ақан сері — Ақтоты», трагедия, Ғ. Мүсірепов

Жасынан халықтың ән-күйінен сусындап, өзіне дейінгі әншілік дәстүрді толық меңгерген Ақан бертін келе, жігіт шағында серілік құрып, өзі де ән шығарады. Көкшенің сұлу табиғатына көз тігіп, оны албырт сезімді, әсерлі музыка үніне бөлейді. Ол қазақтың ұлттық өнерін профессионалдық биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасады. Қазақ көрерменіне Ақандай ұлы тұлғаның өмір тарихын, сахна өнері арқылы дәріптеу қойылымның басты мақсаты болып табылады.

29 наурыз, сағат 18:30

«Қымбатты Памелла», комедия, Дж. Патрик

Өмірдің сансыз қияметін маңдайға жазылған тағдырым деп қабылдаған жасамыс әйел Памелланың тұрмысы қаншалық кедей болса, жан дүниесі соншалық бай. Өзі секілді қалдықтарды қанағат тұтқан өрімдей жастарды көрген кейуана, бақыт тек байлықта ғана еместігін тәубешіл ұстанымымен ұқтырады. Ессіздікпен екі жүзділікті елең қылмаған әйел шексіз мейірбандылығымен адасқан жандарды ақ жолға салады.

30 наурыз, сағат 18:30


«Ақ кеме», драма, Ш.Айтматов

Ақ кеме — зерделі баланың қиялынан туған аяулы арман. Адамдар арасындағы қатыгездікті санасына сыйдыра алмаған сәби жүрек сан рет қуанып, сан рет мұңаяды. Ересек туыстың ерсі қылықтары тірліктерінің сәнін де, мәнін де кетіре бастағанын көрген бала шарасыз қадамға барып, күтпеген жерден тас жүрек туыстың кеудесіне мейірім ұялатады. Осылай ақ кеме арман, желкенін жаяды.

2 сәуір, сағат 18:30


«Махаббат мелодрамасы», мелодрама, Қ.Жүнісов

«Махаббат мелодрамасы» — XXI ғасырдың жастары адал махаббат, сезімге сызат түсірмеу, баянды ғұмыр кешудің маңыздылығын қалай түсінеді, олар үшін махаббат сезімі деген не? Спектакль сырлы сезімнің ғажайып сырын суреттейді.

3 сәуір, сағат 18:30

«Бір кем дүние», драма, Ш.Мұртаза

Тіршілік иелерінің ең саналысы да, ең қатыгезі де адамзат баласы. Қарыштап дамыған өркениет табиғат анаға қаншалықты қауіп төндіруде? Қойылым барысында табиғи тепе-теңдікті саналы түрде бұзушы адамдар мен тіршілік үшін арпалысқан жануарлардың өзара ұқсастығын әрі айырмашылығын тамашалай аласыз.

4 сәуір, сағат 18:30


«Қыздар-ай», музыкалық комедия, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов

Жалынды жастық. Айдай сұлу Айсұлудың ажарына ынтық жігіттер аруды іздеп қала сыртындағы фермаға келеді. Арманында тек Айсұлуды аңсаған «серілер» қайнаған еңбекке қалай араласып кеткендерін білмей де қалады. Көп ұзамай әрқайсысы арманындағы арудың жүрегіне жол табады. Бірақ ол арулар мүлде бұлар іздеген Айсұлу емес. Сонда қалай? Жауабын білгіңіз келсе спектакльді тамашалаңыз. Шым-шытырық қызықты оқиғаларға толы қойылым әсерлі әндерге ұласып, махаббат хикаясынан сыр шертеді.

5 сәуір, сағат 18:30

«Антивирус», комедия, Е.Жуасбек

Жаһандану ғасыры. Еліміз дамушы елдердің қатарында. Бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу мақсатта көптеген жұмыстар тыңдырылып жатыр. Заман қарбаласының қағажау сәттерін дәл тани білетін келімсек-гастербайтерлер де қарап қалмай, біздің қаражатқа еліміздің қара жұмысын істеуде.

6 сәуір, сағат 18:30

«Көшкін», психологиялық драма, Т.Джюдженоглу

Үрей билеген қауым. Табиғаттың тылсым күші көшкін апатынан үрейленген адамдар сыбырлап қана сөйлесуге мәжбүр және осы қаһарлы мінезге өмір бойы тәуелді. Аңызды арқау етіп көркем шығармаға айналдырған автор үрей арқылы қарапайым халықтың билік пен тәртіп алдындағы дәрменсіздігін көрсетеді. Әрі үрейге бой алдырмау керектігін меңзейді.

9 сәуір, сағат 18:30


«Кенесары — Күнімжан», дарам, Д.Рамазан

Тарих қойнауында тәуелсіздікті аңсап ту ұстаған дара тұлғалардың бірі — Кенесары хан. Туған халқының намысын қорғап қан майданда қапы кеткен хас батыр, биік парасат иесі жігітшілік дәуреннің де қызықты қырларын бастан кешкен. Кенесары омірінен Күнімжан арудың орын алуы баһадүр батыр бейнесінің беймәлім сырларын ашады.

10 сәуір, сағат 18:30

«Ізгілік формуласы», комедия, Ж.М.Шевре

Шығарманың негізгі ойы — бір қалада өз бақыттарын іздеп жүрген әртүрлі ұлт өкілдерінің хикаяға толы бастан кешкен оқиғаларын суреттейді. Сүйіспеншілік пен мейірімділік, адам жанына ізгілікті іздеген комедия өз көрермендеріне тың ойды көксейді.

12 сәуір, сағат 18:30

  • Мекен-жайы: Астана қаласы, Ж.Омаров көшесі, 47 Б
  • Касса: 8 (717 2) 32-36-24

Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles