Ақбота Жеңісқызы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіндегі химия факультетінің бакалавр және магистр дәрежесін меңгерген. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетінің химия кафедрасы доценті, химия ғылымдарының кандидаты. ЮНЕСКО грантымен 2011 жылдың қазан айынан 2012 жылдың қазан айы аралығында Италияның Л’Акуила қаласындағы Л’Акуила университетінің химиялық инженерия факультетінде ғылыми тәжірибеден өтіп келген.
— Сәламатсыз ба, Ақбота. Алдымен өзіңіздің мамандығыңыз жайында біраз айтып берсеңіз...
— Мен оқушылардың көпшілігі ұната бермейтін химия саласының маманымын. Менің химик болуыма сонау шалғайдағы Семей өңіріндегі бұрынғы Ақсуат ауданына қарасты Кіндікті ауылындағы Ғ.Мұратбаев мектебіндегі химия пәнінен сабақ берген сүйікті ұстазым Мырзаханова Тыныштық Мырзаханқызының тікелей ықпалы болды десе де болады. Ол кісіге алғысым шексіз. Киелі қара шаңырақ ҚазҰУ-дің химия факультетінде 1996-2000 жылдар аралығында бакалавр, 2000-2002 жылдар аралығында магистр дәрежесін меңгердім. Өз мамандығымды сүйіп барған адаммын. Атақты ғалым Қ.Сәтбаев айтқандай «қайда қарасақ та, көз тіксек те көретініміз — химияның ғажайыптары, химия адамзат ісіне құлашын кең жаяды» дегеніндей, әлі де химияның сан-қырлы қызықтарына зерттеу жүргізе беремін деп ойлаймын.
— Оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу қиын болмады ма?
— 2002 жылы ҚазҰУ-дың магистратурасын бітірген соң, сол жылдың күзінде Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің аспирантурасына құжаттарымды тапсырып көріп едім, бағым жанып күндізгі бөлімнің аспиранты болып шыға келдім. Аспирантураға қабылданған сәттен бастап, ғылыми жетекшім сенім артып, оқытушылық қызметті де қатар ұсынды, ең алғаш еңбек жолымды сол сәттен бастадым. Жұмысты бірден ұсынғандықтан резюме жазып, жұмыс іздеу қиыншылығы туындамады.
— Шетелге стажировкаға қалай жіберілдіңіз?
— Шетелдік стажировкаға ғаламторда ғылым кандидаттарына арналған бағдарламаға құжаттарымды тапсырдым. Сол бағдарлама құжаттарымнан менің кандидатурамды лайық деп тауып, сол арқылы шетелге стажировкаға жіберілдім. ЮНЕСКО қолдау көрсететін Италияның Триесте қаласында орналасқан ICTP (International Centre for Theoretical Physics) орталығының ғылым кандидаттарына арналған бір жылдық грантын жеңіп алдым. Италияның Абруццо аймағының орталығы Л’Акуила қаласында Л’Акуила университетінің химиялық инженерия факультетінде 2011 жылдың қазан айынан 2012 жылдың қазан айына дейін стажировкадан өтіп келдім.
— Стажировкаға қабылдану үшін қандай талаптар қойылды?
— Стажировкаға қойылатын талаптарға келсек, ағылшын тілін меңгеру керек, ғылым кандидаты болу керек және жұмыс істеп жүрген мекемеден грантты ұтып алған жағдайда жұмыстан жіберілетінін растайтын құжат сұрады. Сонымен қатар, ғылыми мақалалардың болуы міндеттелді.
— Есіңізде болса, қандай құжаттар жинағаныңызды айтып өтсеңіз.
— Барлық бағдарламалардағыдай ең маңызды құжат — анкета болып саналады. Анкетада бұл бағдарлама аясында қандай жоспарларыңыз бар, ғылыми бағыттағы жоспарларыңыз, айналыспақшы болып отырған ғылым саласын жетік меңгергеніңізді айқындап беретін сауалдарға толығырақ жауап беру сұралады. Анкетада ең бастысы, бұл бағдарламаның сізге нендей пайда беретінін дәлелдей көрсеткеніңіз қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар, тiлдi жетiк меңгергенiңiздi дәлелдейтiн сертификат және ғылыми журналда жарияланған ғылыми мақалаңыздың біреуін бар болса, ағылшын тілінде, болмаса ағылшын тіліне аударылған көшірмесін қоса жіберуімді талап етті.
— Барған елдің халқы мен жұмыс орныңыздың қызметкерлері сізді қалай қарсы алды?
— Мен барған ел Италияндықтардың қазақтарға ұқсайтын қонақжайлылықтарына, қонаққа деген ілтипаттарына риза болып қайттым. Жұмыс істеген ғылыми топ қызметкерлерінің, ғылыми жетекшім болған, факультет деканынан бастап, барлығының үйлерінен дәм татқанымның өзі ол халықтың қонағына деген құрметін көрсетеді ғой. Ағылшын тілін көп сөйлей бермесе де, көшеде, қоғамдық көліктерде мүмкіндігінше көмегін ұсынған адамдар болды. Алғашқы барған кезде басқа автобусқа мініп кетіп, баратын жерімді таппай тұрғанда көлігімен үйге дейін жеткізіп тастаған адамдар да болды.
— Италияда стажировка өту барысында қандай қиындықтар болды?
— Алғашында тілден сәл жүрексінгеніммен, италияндықтардың ағылшыны да біздің ағылшынымыздай екенін көрген соң, тіл аса қиындық туындатпады. Канаданың Торонто қаласында болған WHEC-2012 халықаралық деңгейдегі маңызы зор конференцияға ғылыми жұмысымның өткеніне қарамастан, Римдегі Канада елшілігінен, сұраған барлық құжаттарын апарсам да, Канадаға бар-жоғы 5 күнге виза ала алмай, елшілік табалдырығын тоздырғанда қиналғаным болмаса (бұл жайында толығырақ мына мақаладан оқуларыңызға болады: Канада: Қазақстан неге қара тізімде тұр?), стажировка барысында олардың тарапынан ешқандай қиындық тудыратындай сәттер болмады.
— Шетелде старижовка өтудің кемшіліктері мен артықшылықтары жайында айтып берсеңіз.
— Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші — білім деңгейімен өлшенеді ғой. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе екенін мойындамайтын адам жоқ шығар. Шетелде стажировка өтудің артықшылығы осында деп ойлаймын.
— Осы стажировка сізге не берді?
— Бұл стажировка өзіме берілген үлкен бір мүмкіндік деп қабылдаймын. Стажировка барысында Италияның Флоренция және Монтесильвано қалаларында болған екі бірдей ғылыми конференцияға қатысып, жасаған ғылыми эксперименттер нәтижесінен баяндама жасау мүмкіндігіне ие болдым. Монтесильванода болған халықаралық конференцияда 200 баяндаманың ішінен 6 баяндаманы негізгі баяндама (keynote lecturer) ретінде таңдау жасағанда, сол негізгі баяндамашының (keynote speaker) біреуі болып, жұмысымның таңдалғаны өзімді де қуантты.
Алғашында Еуропа ғалымдарының арасында 40 минут ағылшын тілінде баяндама жасауға жүрексінгенім рас. Негізгі баяндамашыларға берілетін 40 минут уақытты тиімді пайдаланып, ғылыми жұмыспен қатар, Қазақстан туралы және өзім қызмет ететін Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ жайында конференцияға қатысушыларды қысқаша болса да таныстырып өттім. Бұл Қазақстанды сол аудитория адамдарына таныстырып кетсем деген мақсатымның орындалған сәті деп ойлаймын. Бір жыл ішінде жасалған жұмыстың нәтжесі бойынша, 4 халықаралық конференция материалдары мен импакт факторы жоғары ғылыми журналда мақала жариялап келуіме жақсы мүмкіндік болды. Сонымен қатар, ғылымы әлдеқайда озып кеткен елдің ғалымдарымен иық тіресе бірге қызмет етіп, жаңа заманғы химиялық құрылғыларда жұмыс істеуді меңгергенім де өзім үшін үлкен жетістік дер едім.
— Химия мектеп уақытында қаншалықты сүйікті пәніңіз болғанымен, оңай мамандық емес екендігі айқын. Осы мамандықты не үшін таңдадым екен дейтін кездеріңіз болады ма?
— Химик болуды бала кезімнен армандап түскендіктен ба, ғылыммен айналысып, қызығын көріп жүргендіктен болар, не үшін таңдадым деген кездерім болмаған сияқты. Ал, оқытушылық жағынан қағазбастылықтан шаршағанда, не үшін таңдадым деген ойлар да келеді, бірақ шәкірттеріңнен нәтиже көргенде ол ойымнан бірден қайтамын.
— Осы мамандықты таңдағысы келетін жас мамандарға қандай кеңес бересіз?
— Қытай философының «Маған жай айтсаң — ұмытамын, көрсетсең есімде сақтаймын, ал өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң, үйренемін» деген даналығы бар. Жастардың білімге ықыласын арттыруда қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, ізденіс жүргізуді, оны тәжірбиеде жүзеге асырудың маңызды екендігін көрсетеді. Химия ғылымының сан қырлы қызығы, зерттелетін саласы әлі де алда, сонысымен де қызық. Сондықтан да химияны ұнатып, қызығып, күнделікті жаңалығына еріп отыруды өзімнен де үнемі талап етемін.
Сонымен қатар, кез келген мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы — білім. Сол үшін дамудың ең жоғарғысынан көрінгісі келген кез келген мемлекет ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат ету керек. Нанотехнология, биотехнология, ғарыштық технология, көмірсутек және кен металлургиясы өнеркәсіптеріне арналған технология салаларында болашақта елдің жастары да мұнай-газ, электр қуатын, тамақ өнімдерін өндіру жағынан өзгелермен иық тірестіріп тұруы керек. Ал, бұл жұмыстың атқарылуында химия пәні мен химия ғылымының алар орны ерекше болғандықтан, химия мамандығын таңдауда еш өкінбейсіздер дегім келеді. Шынына келсек, химия ғылымының өміршеңдігін өмірдің өзі-ақ көрсетіп отыр. Отанымыздың төрт құбыласы түгел шикізатқа бай. Ал оны сұранысқа сай игеру, халықтың игілігіне жаратып, әл-ауқатын арттыруға жұмсау химия ғылымынсыз жүзеге асуы неғайбыл.
Сұхбаттасқан: Айнұр Ракишева