Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Сатирик Мартбек Тоқмырзаны еске алу

$
0
0

1 сәуір — күлкі күні. Бұл күн еліміздің талантты журналисі, сатиригі Мартбек Тоқмырза үшін ерекше күн болатын. Өмірінің соңғы жылдарында Мартбек Тоқмырза шәкірт тәрбиелеп, шеберлік сабақтарында бар тәжірибесімен бөлісетін. Бүгінгі материалда Мартбек аға шәкірттерінің естеліктерін жариялауды жөн көріп отырмыз.

Айым Сәдуақасова:

Мартбек ағаймен ең алғаш танысқан күніміз әлі есімізде. ҚарМУ-дің журналистика бөлімінің 1 курс студенттері. Студенттер үзіліс кезінде у-шу боп аудиторияда алысып жүрген едік. Аудиторияда жаңадан орнатылған жап-жасыл тақта ілініп тұрған. Бір кезде қалай болғанын аңғармай да қалыппыз, ілулі тұрған тақта қабырғадан түсіп қалды. Айналамыз бұрқыраған әппақ шаң. Енді не істейміз дегенше үзіліс те аяқталды. Сөйттік те әрқайсымыз өз орнымызға жайғастық. Аудиториядағы шаң басылар емес. Шаңы бұрқыраған аудиторияға жаңа мұғалім кіріп келді. Барлығымыз басымызды төмен түсіріп, ештеңе айтуға батпаймыз. «Әй, қазір таяқ жеп, деканаттан бірақ шығатын болдық қой» деген ой әрқайсымызда.

Сөйтсек, қателескен екенбіз. Терезені ашып таза ауа кіргізді де, шүберекпен столын сүртіп жіберіп, журналын ашқан оқытушы, бізге қабағын шытпастан бірден танысуды бастап кетті. Сол сәттен бастап әзіл-қалжыңмен барлығымызды баурап алды.
Зымырап өтіп бара жатқан өмір деген осы екен. Ұстазымыз намысшыл, рухы биік азамат еді. Студенттеріне ұстаз ғана емес, сырлас дос, қамқор аға болатын. «Адам деген кешегісін сағынатын, ертеңгісін армандайтын, бүгінгі күніне көңілі толмайтын пенде» деп жиі айтып отыратын. Шынында да Мартбек ағайдың берген сабағын, айтқан сөздерін сағынып қана еске аламыз.

Базар Жырау: «Әр заманның өзіне лайық сөзі бар», — деп айтқан еді. Мартбек Мекентайұлының алған бағыты — тәуелсіздік уақытының шындығы аясында өткір тілді сатирамен өрнектелген. Сонысымен сықақшылар көп жағдайда жақпай қалады. Әрине, кез келген мәселені қоғамға ортақ түсінікпен жеткізе білу оңай емес. Осындайда Мәкеңнің «Живот знает, язык не хватает» деген жеңіл әзілінің өзі нені меңзейтінін байқатады. Бұл қадірлі ағаның адамгершілік тазалығын, рухани биіктігін көрсетеді.

Ботабек Тілегенов:

Ұстазымыз Мартбек ағай жайдарлы жүзді, жарқын мінезді айтары бар алаштың азамат еді. Жанына жақын тартып, сырын шертісіп ой бөлісуші едік. Өмірден көрген түйгенін айтып, журналистиканың қыр сырын үйретуден еш талмайтын еді. Амал нешік, енді ағамызды тек қана еске алып, саф алтын ойларымен айтқан ағалық ақылдарын санамызда жаңғыртамыз. Сіз біздің жадымыздасыз мәңгілік. Жәннатта болып жаныңыз, тасысын бейіште нұрыңыз.

Жаннұр Аманбаева:

Мартбек ағай, тобымыздағы әрқайсымызға мейірбандылықпен қарайтын. Ол тек ұстаз болған жоқ, қамқоршы аға да, ақылшы дос та, сырлас замандас та болды. Мейлі қыз болсын, мейлі ұл болсын, бәріміз сырымызды айтып, еркін сөйлесетінбіз.

Ата-ананың әлдиінен әлі есеймеген, жаңа өмірге енді ғана қадам басып келе жатқан біздерге бағыт бағдар беріп отыратын. «Менің сары ауыз балапандарым», — деп еркелетуші еді біздерді. Осылайша 4 жылды еркелікпен өткіздік. Ағайымыз өнерді қатты құрметтейтін, содан болар 1 курстан бастап бәрімізді өнерге баулыды. Демалыстарда тобымызды жинап театрға апаратын. Шыққан соң болған қойылымды
талқыға салатынбыз. Елімізде алғаш рет «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» махаббат күнін де Мартбек ағайдың бастамасымен атап өткен едік. Әрқашан бізге: «Ұлдарым, қыздарым әр күндеріңді бағалаңдар» деп айтып отыратын, сол сөздерімен бізді өнерді де, өмірді де сүюге үйретті. Алайда, ол туралы өткен шақта сөйлеудің өзі қиын. Өмірімізде өшпес із қалдырған Мартбек ағайдың күлімдеген бейнесі, мейірімге толы көзі мен саңқылдаған күлкісі мәңгі есімізде қалды.

Әлия Сембай:

Мартбек Тоқмырза — журналистика бөлімінде оқитын барша студенттің ағасы еді. Мамандығымызға байланысты дәрістермен қатар біздерге рухани дәріс те беретін. Ұстазымыздың шеберлік сабақтары да, өмірлік сабақтары да жадымызда мәңгілікке қалады. Мартбек аға бізге: «Нағыз журналист болу үшін аянбай еңбек ету, білімге ұмтылу, талмай іздену керек», — деп үнемі айтатын. Уақыт өте келе бұл сөзінің дәлдігіне, шыншылдығына көзіміз жетті.

Мартбек ағамыз қазақ жастарына қашан да болса үміт артатын. Бізге деген сенімі мол ағамыз кемшілігімізді жасырып, жақсы жақтарымызды үнемі асырып жүретін. Шәкірттерін болашақта әлі талай белестерді бағындырып, отанымыздың адал азаматтары болатындай етіп тәрбиеледі. Бүгінде асыл ұстазымыздың шәкірті болуды жазған әр студент оның сенімін ақтаса ғой деймін...

Алдаберген Кемпірбаев:

Мәрт мінезді Мартбек ағамыз расында «тұлға» деп сипаттауға тұратын ардақты жан, студенттің жүрегіне жол таба білетін білікті ұстаз еді. Алла жақсы адамдарды ерте алады деуші ме еді... Амал нешік, аяқ астынан айырылып қалдық. Ауыр сырқатынан айыға алмады. Бірақ, бір таңғалдыратыны, сол дерттен езіліп, егілмей, қайсарлық танытатын. Жұмсақ күлкісімен жанының қиналғанын білдіртпейтін еді.

Бәріміз маңына үйірсектеп, қызықты әңгіме, тәлімді сұхбат күтетінбіз. Жүзі жайдары, еңсесі тік қалпында қол-аяғы балғадай, дені сау, алайда тұрмыстың күйбеңінен шаршап-шалдыққан замандастарына тамаша көңіл-күй сыйлап, жігерін жанитын.
ҚЖ-ылдақтарға, яғни бізге (Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 2004-2008 жылдар аралығында журналистика бөлімінде оқыған студенттері) саналуан мазмұнды ұсыныстар тастап, қосымша ой, қолдау күтетіні жадыда жаңғырады. Ондай бастамаларды лезде қағып алып, жүзеге асыруға тырысатынбыз. 13-ші дәрісханада біздің топ ұйымдастырған кешке жиналған жұрттың залды лық толтырғаны есімде. Шіркін, сол бір жастық шақтың ұмытылмас сәттері. Балдай тәтті болып, тіліме дәмі сезілетіндей. Арасында Мәкеңнің аяулы бейнесі сағымдай елестейді... Рухы пейіште шалқысын, абзал ағаның!

Әйгерім Қызданова:

Мартбек Тоқмырза — адамгершілік пен қарапайымдылықты өміріне серік еткен абзал азамат еді. Біздің талабымызды ұштап, жөн сілтеген ардақты ұстаз, абзал ағамыздың өмірден өткені қабырғамызды қайыстырып жіберді. Ол кісінің орнықты қарапайымдылығы ішкі мәдениеттен, кісілік парасаттан туындайтын асқан кішіпейілділігі жан-жақты қалыптасқан азамат-тын. Емтихан қабылдаған кезде де студенттің өресін, білім деңгейін бағалап, кең пейілмен бетіне күле қарап шығарып салатын еді. Ұстазымызбен университет бітіргеннен кейін де Қарағандыда бас қосып, кездесіп тұратынбыз. Қашан көрсең, өзгермейді. Сол баяғы жылы қабақ, жайлы мінез, түсі инабатты қалпынан айнымайды. Әрдайым асқан бауырмалдылықпен өмірдегі аяқ алысынды байқағысы келеді. Жақын тартар жайдары жүзімен амандасып, не істеп, не тыңдырып жүргеніңді сұрайды.

Ағамыз қолына қалам алғалы бері қазақтың мұнын мұндап, жоғын жоқтайтын жан еді. Қызмет еткен жерінде ұлттық рух пен қазақ журналистикасының жаңа лебі есті. Азаттықты аңсаған қазақ жастарының арман-мүдделері айқын көрініп жатты. Ағамыздың көрер жарығы аяқ астынан өшіп қалмағанда әлі талай қазақ жастарының тұлға болып қалыптасуына себепкер болар еді... Амал нешік? Қиялыңдағыны ұмыту оңай, бірақ қимайсың деген сөз де осыдан. Асыл бейне санамыздан еш алыстамақ емес.

Руслан Нұрланұлы:

Кешелі-бері келіп жатқан жыл құстарын көргенімде көңілім кілт бұзылды, Мартбек ағайымның ақжарқын кейпі көз алдымда көлбеңдеп... Ол да дәл осылай, қанатына көктемді қондырған жыл құстарындай сағындыра жеткенде, журналистика кафедрасына ерек құбылыс енгендей еді-ау. Мартбек ағайдан дәріс алған жылдарды өмірімнің ең бір жарқын кезеңдері деп айтар едім. Қызығы мен шыжығы астасқан журналистика әлеміне қаз-қаз басқанда ол бізді қолтығымыздан демеп қана қойған жоқ, өз құқығымыз үшін, әділеттілік үшін күресе білуге үйретті. Ұстаздық қылған қысқа ғана уақыттың ішінде елшіл, ұлтшыл жастардың қуатты толқынын тәрбиелеп шығуы — ағайымыздың бұл көп қырларының бірі болатын. Ұстазымыздың бізді таңғалдырған тағы бір қасиеті — өмірге деген шексіз құштарлығы мен қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсарлығы, табандылығы еді. Соншама жыл жанын жеген дертпен алыса жүріп, өзінің әуелгі ұстанымынан бір сәтке де айнымаған, өмірінің соңғы сәтіне дейін шындық үшін, әділдік үшін, тазалық, шынайылық үшін күресін тоқтатпаған Мартбек Тоқмырза әлемін біз тіршілігінде толық тани алмағанымызды енді түсініп отырмын.

Көктем... Биылғы көктем неге сонша ұзақ күттірді?! Өзі дүниеге келген көрікті көктемге дейін жетсе.., ағайымыз сергіп, еңсесін басқан зіл батпан дертті сілкіп тастап, ақжарқын қалпында қайтадан ортамызға оралар ма еді... Ағайымыз ерекше жақсы көретін, кейіннен біз де (Мартбек ағайдың шәкірттерінің барлығы) жақсы көріп кеткен 1 сәуір күні дәл осылай естелік жазып отырмаған болар едік-ау. Алланың жазуына пендесі қарсы тұра алған ба?! Жаныңа орын жәннаттан болғай жан аға! Сіз көре алмай кеткен қызықтарды Алла соңыңызда қалған қос құлыныңызға, асыл жарыңызға бұйыртқай. Ақиық ақын Абзал Бөкеннің мына бір шумағы дәл сізге арналып жазылғандай екен:

Өмірде алынбаған еншің бар-ды,
Бетке алып жөнеп кеттің өр шыңдарды.
Сұмдықтың бір дауысы артып Сен кеткен соң,
Шындықтың бір дауысы кемшін қалды.

Ардақ Зұлқажапқызы:

Бәрін де қойшы...
Бәрі де өтер тоқтаусыз,
Өмір ме өмір?
Өңбей де өспей, жоқ-барсыз?
Кезегім келіп,
Кеткенде келмес сапарға,
Хабарсыз, ізсіз қалмасам екен жоқтаусыз... — деп, Мұқағали ақын жырлағандай, Мартбек ағам ешқашан ұмытылмайды. Оның ұмытылуына жол жоқ. Артында шаңырағының түтінін түтетер ұрпағы бар болса, адамдық тұлғасын жалғастырар шәкірттері, атың жаңғыртып отыратын халқы бар. Оған да шүкір делік. Өмірден артына қалдырған ізі жоқ, не ауызға алып айтар ісі жоқ талай жандар, мәңгілік сапарға аттанды емес пе?!

Мартбек ағаның адам сүйер, сүйсінер, одан үлгі алар, үйренер талай «бәрекелді» дегізер, игілікке толы ісі болғанын, қазір тізбелеп айтып жатсам, ағаны жақсы білетін көпшілік қауымнан ұят болар. Оның тектілігін, ұлтжандылығын, мәрттігін, азаматтығын бір күн таныс болғандардың өзі жақсы біледі. Біздің өмірден орнымызды тауып, журналистика саласында қалам тербеп жүргенімізге, өлшеусіз еңбек сіңіргендердің бірі де Мартбек аға. Ағалық ақылы мен ұстаздық ұлағаты мәңгі жадымызда жатталмақ. Мартбек ағаның өз қолтаңбасы қалыптасқан сүрлеу жолын үзбеу, оны одан әрі жалғастырып, қазақтың мүддесіне жұмыс істеу бізге парыз. Бұл Мартбек Тоқмырзаның мұраты еді.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles