Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

«Қазақ» газеті: «Соғыс һәм қымыз мәселесі»

$
0
0

Соғыс һәм қымыз мәселесі

Соғысқа қазақ үйі қолайлы болған соң, киіз үй алынды. Соғысқа қазақ аты төзімді болған соң, қазақы аттар алынды. Соғысқа қазақтың қымызы да керек болатын көрінеді. Соғысқа қымыздың не керегі барлығын «Р.Б.» газетасында М.К. деген біреу былай жазады:

Біздің Россияда көкірек аурулылар қай кезде де болса көп еді, енді соғыс уақытында, соғыстан кейінгі кезде де көкірек аурулылар бұрынғысынан көбейеді. Соғыстан қайтқан әскерлердің арасында көкірек аурулылар көп болатыны шүбәсіз. Көкірек ауруға қарсы қам қылу үшін соңғы кезде бүкіл Россиялық көкірек ауруымен алысатын қауым деген ашылды. Бірақ ол қауым ісіне қалалар, земстволар кіріспесе, халық арасына тамыр жайып тарала қоятын емес. Халыққа тарап тамыр жайған соң онан пайда аз болып тұр. Жайшылықта бұл іске көңіл қойып істеушілер кем болса да, енді соғысқа барып қайтқан әскерлердің қамы үшін бұ жағына ілтипат назар саларға тиіс. Бұл жұмысқа көп расход, көп күш керек, бірақ денсаулығы кеміп қайтқан аурудан айығып қатын-баласын асырарлық болғаны ол ем жұмысына шығатын расходтан жүз есе артық. Соғыстан көкірек ауру болып, яки басқа түрмен денсаулығынан айырылып қайтқан әскерлердің оңалуына керек зат қымыз һәм дала ауасы. Бұлар нағыз емнің барып тұрғаны екендігі даусыз. Соғыс бітіп, әскерлер жеріне қайтқанда оның ішінде қатын-баласын асырау түгіл, үй-ішіне масыл болып, аурулы қайтатындары болатынында шүбә жоқ. Олардың алдына еміміз даяр тұрғаны абзал болар. Олай ету үшін қалалар, земстволар күш қосып, көмектесіп, бірігіп іс қылулары тиіс.

Бұл қымызбен емдеу жұмысын қай жерде қалай реттеу жағына келсек, қай жерде туралы екі пікір болмаса керек. Қымызбен емдеу далада, көделі жайылым бар жерде боларға керек. Ол жерде сауатын биесі жеткілікті боларға тиіс. Аурулылар баруына, азық-түлік, керек-жарақ алдырып тұруға жолы қолайлы боларға керек. Нақ осы шарттардың бәріне тура келетін жер осы күнде даяр тұр. Әскерге әлгідей керегі болса, ол жердің ондай жұмысқа берілуі даусыз.

Бұл қалайша даяр тұрған жер деушілер болар. 1911 жылы Оренбургта көкірек ауруға қарсы қауымның председателі болып тұрғанымда сол қауымның билігіне қазыналық жерден жер беру туралы ізденген едім. Министерство тарапынан ол пікірімді бек ұнатып, 5 мың дестяина жер беретін болды. Ол жер бұл күнде участка болып кесіліп қауым билігіне алынды, бірақ қауым оны іске асырып әлі күнге шейін пайдалана алмай тұр. 5 мың десятина жер күні бүгінге шейін қарап тұр. Бұл участка Ташкент темір жолының бойында, Моғжар тауының ішінде, Оренбургқа жақын. Егерде сол участканы қымыз санаториясы үшін алуға керек қылса, Оренбургтағы көкірек аурумен алысатын қауым берер еді. Сөйтіп, қай жерде қымыз санаториясын ашамыз деп, дағдарарлық емес.

Қалай реттеу жағына келсек, менің ойымша, ол жағы да онша қиын болмасқа керек. Қазірінде сайлап, нағыз жайлы санатория салуға уақыт тар. Солай болған соң қолайлысы мынау: Көкірек аурулыларға қазақ үйлерін тігу, жылы шатырлар құру. Жай денсаулығынан айырылған, жүдеген адамдар үшін жұқа тақтай үйлер салу. Осылайша еткенде көкірек аурулылардың бір жерде жиылып жатпасына да жақсы болады дейді.

Бұл айтылған 5 мың десятина жер «Қазақты» оқушыларға мәлім, баяғы Бершүгір стансасындағы жер. Бұл жерді қазақ пайдасынан алғанда жолдан аттаңқырап алған. Оны қазақтар даулаймыз деп, ақырында ынтымағы бірікпей қойған. Сонымен бұл күнде ол жер көкірек аурумен алысатын қауымның иемденуінде. Ол жерді қазақ пайдасынан алғанмен қауымның күші жетпей, санатория салдырған жоқ. Соғысты жамылшылап, бұл жерді пайдаға асырып қалайық деген пікір сияқты көрінеді. Земство қолға алып, көмекші болса, бұл мақсұттарына жетуі де ықтимал.

Елден

1915 жыл, «Қазақ» газеті

________________________________________________________________________

«Алаш» айдарында жарияланған ұқсас мақалалар:

Есенғали Қасаболатов: «Қазақ жастарына»

Ахмет Байтұрсынов: «Аз уақытта көп білу жолының басы»

Уалиолла Халели: «Тіл сақтаушылық»

Ғұмар Қараш: «Тіл — әдебиет»

Мағжан Жұмабаев: «Дала. Қала.»

Әлихан Бөкейхан: «Ұят-ай»!

«Айқап» журналында әйел теңсіздігі мәселесі

«Айқап»: «Қазаққа алалық қайдан келді»?

Мұстафа Шоқайдың Әбубәкір Диваев туралы мақаласы

Л.Толстойдан: «Жұмыртқадай бидай»

Әлихан Бөкейхан: Дін таласы

«Қазақ» газетінде Наурыз мейрамы туралы материалдар

«Қазақ» газетінде Наурыз мейрамы тақырыбында


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles