Бүгінгі «Алматы көшелеріне саяхат» айдарында танымал актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі Серке Қожамқұловтың құрметіне аты берілген көшеге саяхаттаймыз.
Қожамқұлов көшесі Мұратбаев пен Мұқанов көшелерінің аралығында
орналасқан. 1981 жылға дейін Қастек көшесі деп аталынған көше Райымбек даңғылынан басталып Құрманғазы көшесіне дейін созылып жатыр. Мақатаев, Гоголь, Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би, Бөгенбай батыр, Қарасай батыр, Қабанбай батыр, Жамбыл, Шевченко көшелерін қиып өтеді.
Серке Қожамқұлов 1896 жылдың мамыр айының 5-жұлдызында Қостанай облысының Қарабалық ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі Серәлі. Әкесінен ерте айырылған Серкенің өнерге деген құштарлығын жақындары: жездесі Жүсіп Темірбеков пен жазушы Бейімбет Майлин оятқан.
Серке 1913-1916 жылдар аралығында Троицкінің «Уазифа» медресесінде білім алған. 1919 жылы Азамат соғысы кезінде Әліби Жангелдин басқарған қызыл әскер тобында жауынгер болған.
1920 жылдары «Қызыл керуен» труппасының құрамында жүргенде Серке өнерге деген қабілеті барын көпшілікке байқайтты. Сол жылы Орынбор қаласындағы Татар халық ағарту институтына түседі. Орынборда жүргенінде де өнерге құштар Серке сахнаны ұмытпайды. 1922 жылы оқуын бітіргенге дейін сол жақтағы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүреді.
Оқу жылдары қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және сахна саңлағы Қапан Бадыровпен танысып, олармен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болады. 1922 жылы болашақ әртіс Серке Ғабит Мүсіреповпен бірге Мұхтар Әуезовтың «Еңілік-Кебек» трагедиясының сахналануына қатысып, қойылымда Еспембет рөлін ойнап шығады.
Серке 1923 жылы сот тергеушісі болып жұмысқа орналасады. Алайда оның сахнаға деген қызуғышылығын байқаған басшылық 1925 жылы Қызылордада құрылған тұңғыш қазақ театрының бірінші режиссері етіп тағайындайды. Сол жылдары ол Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Әміре Қашаубаев, Қалыбек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Жұмат Шанин сынды сахна саңылақтарымен қызметтес болған.
1928 жылы Қазақ драма театрының құрамымен Алматы қаласына келеді. 1926-1932 жылдар аралығында Мұхтар Әуезовтің «Бәйбіше — тоқал», Бейімбет Майлиннің «Шаншар молда», «Ел мектебі», «Қалпе», Өмірбек Оспановтың «Зарлық», «Сеңсең бөрік», Н.В. Гогольдің «Үйлену» пьесаларын қойған.
Серке Қожамқұлов театрда тек режиссер ғана болып қоймай сахнада Майлиннің "Талтаңбайдың тәртібі" мен «Майданында» Талтаңбай, Көдебай, Гогольдің "Үйленуі" мен "Ревизорында» Яичница, Земляника, Мүсіреповтің "Амангелдісінде", "Қозы Көрпеш -Баян сұлуы" мен "Ақан сері - Ақтоқтысында" Тымақбай, Қарабай, Қоңқай, Әлжаппар Әбішевтің "Достықпен махаббатында" шахтер Тайман, Әуезовтің "Еңлік - Кебегі", "Қара қыпшақ Қобыландысы" мен «Абайында» Еспембет, Көбікті хан, Майбасар, Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астындасында» Бекен, Шекспирдің «Асауға тұсауында» Слай, Педант, А.Я.Каплердің «Ленин 1918 жылында» Коробов сынды образдарды сомдаған.
Ал 1930 жылдан бастап киноға араласа бастайды. Сол жылы «Дала әні» фильмінде Батырақтың, 1938 жылы «Амангелді» фильмінде Бекет ұстаның, 1942 жылы «Ақ гүлде» қарт Жастардың, 1945 жылы «Абай әнінде» Баймағамбеттің, 1948 жылы «Алтын мүйізде» шопан Әділбектің, 1964 жылы «Алдар көседе» бидің, «Қанатты сыйлықта» Жапардың рөлінде ойнаған және «Біздің сүйікті дәрігер» музыкалық комедиясына түскен.
Қазақ үшін, қазақ өнері, мәдениеті үшін ұшан-теңіз еңбегін сіңірген тұлғалардың бірі әрі бірегейі Серке Қожамқұлов 1979 жылдың 25 желтоқсанында «Ана – Жер – Ана» спектаклінде ақырғы рет Ақсақал рөлін сомдап, алты күннен кейін дүниеден озады.
Серке Қожамқұлов есімімен бүгінгі күні Жезқазған музыкалық-драма театры мен Алматы қаласындағы көше аталынады. Алматы қаласында тұрған үйінде (Фурманов көшесі, 117 үй) мемориалдық тақта орнатылған.
Мәтін: Айнұр Ракишева
Фото: Айжан Кәрібаева
Бұл айдарда жарияланған материалдардың толық тізімі:
Малбағар Меңдіқұлов көшесі
Ораз Жандосов көшесі
Өмірбек Жолдасбеков көшесі
Абдолла Розыбакиев көшесі
Тайыр Жароков көшесі
Жұмағали Сайын көшесі
Нұрмақов Нығмет көшесі
Ғани Мұратбаев көшесі
Зейін Шашкин көшесі