Мәскеу мемлекеттік тіл университетінің қабырғасында үш жылдан бері Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясында магистранттардың тәжірибе жинақтау курсы ұйымдастырылып жүр. Міне, сол жолдама биыл маған да бұйырып, Мәскеудің тынысын іштей бақылауға мүмкіндік туды.
Бір топта үш қазақ, үш қырғыздың қарадомалағы оқыдық. Барлығымыз да егемендіктің еркін ауасымен тыныстап өскен өрімдей жастар екенбіз. Кеңестік үкіметтің құлар шағында дүние есігін ашқанымыз болмаса, ешқайсысымыздың мұрнымызға Кеңес идеологиясының исі де бармайды.
Мәскеу... Өткен ғасыр оның дүркіреп тұрған бал дәурені еді. Ет сататын дүкенде кешегі етті менсінбей, жаңа түскен етке кезекке тұрып, әбден дайын асқа тік қасық салып үйреніп алған шақтарын ара-тұра еске алып, күрсініп қояды мәскеуліктер. Қанша дегенмен, орталық болды ғой. Не ішем, не кием демейтін. Сол күндерді аңсауы заңдылық шығар. Хош делік.
Мәскеу ғалымдарынан дәріс алу барысында орыс халқының кешегі Кеңес үкіметі туралы көзқарасын біліп, байқап, бағамдамаққа бел будым. Бұл ретте ресейлік ғалымдардың пікірі екіге жарылды.
Ресей ғалымдарының КСРО туралы ойы біржақты емес екені әр сабақ сайын айқындала түсті. Мәселен, «Аймақтық қақтығыстар, қауіпсіздік» пәнінен дәріс берген оқытушымыз КСРО-ның құлауын «Большая трагедия, катастрофа для России» деп бағалайды. Әрине, алып мемлекет үшін ол ауыр соққы болды. Бір сәтте барынан айырылу оңайға түспегені анық. Ресей Кеңес Үкіметінің жүрегі, өзіне қолайлы шешім қабылдайтын орталық болатын. Әлемдік сахнада биполярлық жүйені ұстап тұрған алпауыт мемлекеттің бірі еді.
Ал, енді бір ғалымдар КСРО-ның саяси сахнадан кетуін қалыпты құбылыс деп бағалайды. Кез-келген алып империяның өмірден озатын шағы болады. Ештеңе мәңгілік емес. Байқап қарасаңыз, әлем тарихында болған Нидерланд (1618-1672), Британ (1792-1896) империялары өз жеңілістерін бірқалыпты қабылдап, психологиялық тұрғыда мойынсұнғанымен қоймай, бойларына қайта қуат жинап, еңсесін тіктеп алды. Кеңес үкіметінің дүниежүзінің саяси картасынан кеткеніне 20 жылдан астам уақыт өтті. Ал кейбіреулер әлі де өткен күндердің елесімен өмір сүріп жатыр.
Бүгінгі Ресей менің көз алдыма қалжыраған қарияны елестетті. Демі құрып, жүрек соғысы баяулап, әрең тыныстап жатқандай. Тығырыққа тіреліп отыр деп айтуға әбден болады. Жемқорлық жайлаған билік, дінсіз қоғам. Білімі мен байлығы тасығандар шетел асып кеткелі қашан. Қысқасы, Ресейдің өз әңгімесі өзінде. Әзірге батыс пен шығыс арасында дел-сал күй кешуде. Путин бастаған ел тізгіншілері орыс елінің болашағын қай бетке бұратынын уақыт көрсетеді. Олардың Еуразиялық Одақтан қайыр күтері сөзсіз. Ал, Қазақ басшысының ешқандай да саяси одаққа бармайтындығымыз туралы айтқан сөзі бұл ұйымның болашағы бұлыңғыр болатынын ескерткендей.
Міне, Мәскеу сапары мені осындай ойға қалдырды.