Уинстон Черчилльдің көзқарастары бір түннің ішінде өзгерді десе болады. 1911 жылдың жазына дейін сол кездегі ішкі істер министрі «экономистер» басшыларының бірі болатын. Әскери саладағы бәсекелестік екі мемлекет арасында туындаған антагонизмді одан әрі ушықтырды. Бірақ Черчилль Германиямен соғыс болмай қоймайды деген пікірлерге сенбеді. Ол қаражат әскери кемелерге емес, ішкі әлеуметтік қажеттіліктерге бөлінгенін қалады.
Бірақ 1911 жылдың 1 шілдесінде кайзер Вильгельм Марокконың атлант жағалауындағы Агадир портына «Пантера» әскери кемесін жіберді. Осы рейдтің мақсаты француздардың Африкаға басып кіруі жайлы ақпарат жинап, Германияға қолайлы тетік табу болды. «Пантера» тек канонерлік қеме болып, Агадир – онша маңызы жоқ порт болғанымен, әскери кеменің келуі үлкен халықаралық дағдарыс тудырды. Неміс әскери қуатының өсуі оның Еуропадағы көршілерінің уайымын тудырта бастады; Германия Франция мен Британияның әлемдік билігіне тосқауыл етпекші болғандай көрінді. Бірнеше апта бойы Еуропаға үлкен соғыстың басталу қаупі төніп тұрды. Алайда шілденің соңына қарай шиеленіс басылды. Бірақ дағдарыс Черчилльдің болашаққа деген көзқарасын өзгертті. Германияның мақсаттарына қатысты бұрынғы көзқарастарын қайта қарап, енді оның үстемдікке талпынып, осы мақсатына жетуі үшін күш қолдануға дейін баратынына көзі жетті.