Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Шетелде білім алу: İstanbul Üniversitesi

$
0
0

Бүгін «Шетелде білім алу» айдарымыздың кейіпкері Түркияның Ыстамбул университетінде «Бұқарамен байланыс» мамандығы бойынша докторонтурада білім алып жатқан қарағандылық Ержан Қалымбайұлы.

— Ержан, алдымен өзіңіз жайлы, журналистикаға қалай келгендігіңіз туралы айтып берсеңіз.

— Қарағанды облысы Нұра ауданы, Құланөтпес ауылының орта мектебін бітіргенмін. Мектепті бітіргеннен кейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түстім. Мектеп бітірген соң негізі «Спорт және дене шынықтыру» факультетінде оқығым келген. Мұның алдында 9 сыныптан соң әскери оқуға түсеміз деп те біраз сыныптастар Қарағандыға барып, жолымыз болмай қайтқанбыз. Оның үстіне спорт мамандығы туралы әңгіме қозғалғанда әке-шешем спортқа барғанымды қаламады. Ауылда онсыз да төбелестің «төресі» болып жүрген соң бұл ұсыныс ол кісілердің көкейлеріне қона қоймады. «Онда журналист болам» дедім. «Бастықтар» келісті.

Оның да өз сыры бар. Шамасы 9 сынып оқимын. Үйге «Орталық Қазақстан» газеті үзілмей келіп тұратын. Бір күні Самарқан деген студенттің мақаласы жарық көріпті. Әкеммен жақсы аралас-құралас кісінің баласы. Сол кездері ҚарМУ-дың төртінші курс студенті. Аталған газетте тәжірибеден өтіп жүрсе керек. Әкем Самарқанды жатып кеп мақтады, «үлкен, мықты азамат болыпты» деді. Студент не жаза қоюшы еді. Таныс болған соң солай боп тұр да. Көршілерге де айтты. Біраз уақыт аузынан тастамады. Енді газет келсе Самарқан бірдеңе жазды ма деп іздейтін болды. Менің де журналист болып, мақала жазғым келіп кетті.

«Мен кімнен кеммін?» дедім де қолыма қалам алдым. Бір апта ойланып-толғанып ауылдың сол кездегі проблемасын жазған болдым. «Мәдениет үйі қирап жатса, қалайша мәдениетті болмақпыз, мектеп жылынбайды, сыныпта қыста киіммен отырамыз» деген сарында. Әкем бір қарап өтіп, аудандық «Нұра» газетіне жөнелттік. Апта сайын газет күтемін. Хабар жоқ. «Мен журналист бола алмайды екем» деп сол кездері үміт үзген болатынмын. Бір қызығы бірінші курсқа түсіп, ауылға қысқы демалысқа келсем жаңағы мақалам күзеліп-түзеліп, шағын хабар болып газетке шығыпты. Мен бір үлкен ерлік жасағандай, кездесе қалғандар мақаламды айтады. Шағын хабар қолдан-қолға өтіп біраз оқылған сыңайлы. Ауылдың халқы да қызық қой. Бұл да шабыт бергендей болды маған.

Бірінші курстан бастап жазып-сызып тұрдық. Кейін Қарағандының «Орталық Қазақстан» газетінде, «Қазақстан — Қарағанды» телеарнасында жұмыс істедім. Одан соң елордаға ауысып «Айқын» газетінде, «Хабар» және «Қазақстан» ұлттық арналарының жаңалықтар қызметінде азды-көпті еңбек еттік

— Түркияға оқуға түсемін деген ой қашан пайда болды?

— Бүгін білімнің заманы. Тал бесіктен, жер бесікке дейін іздену әрбір саналы адамның ұстанған жолы болса керек. Шетелде оқу, білім жетілдіру, тіл үйрену көп армандарымның бірі болатын. 2009 жылы іссапармен Иран Ислам республикасына бара жатып, жолай Ыстамбул қаласында бір күн аялдағанымыз бар. Төрт теңізбен көмкерілген, Азия мен Еуропаны жалғап жатқан, өркениеттердің бесігіне айналған тарихи қалаға «ғашық болдық» та қалдық. Екі жылдан кейін Алла нәсіп етіп, оқу үшін Ыстамбулға бағыт алдым. 21 жасында Ыстамбулды алған Фатих Сұлтан Мехметтен: «Неге бұл қаланы жаулап алдыңыз?» деген сұраққа «Өйткені, Ыстамбул менің жүрегімді жаулап алды» деп жауап қатқан көрінеді.


— Неге дәл осы университетті таңдадыңыз?

— Ыстамбул университеті бес жарым ғасырдан астам тарихы (1453 ж.) бар Түркияның ең ескі университеті. 2006 жылдан бері әлемнің ең мықты 500 университеті тізімінде. Түркияның билігінде жүргендер, мемлекеттік қызметі мен ғылым адамдарының басым көбі осы университеттің түлектері. Басқаларын айтпағанда Түркия қазіргі президенті Абдолла Гүл де осы университеттің түлегі. Біздің көп жастар батысқа ынтық. Менің Түркияны құп көру себебім, біріншіден, түрік халқы бізбен тарихы тамырлас, түбі бір туысқан ел.

— Бұл университетке түсу үшін қандай құжаттар тапсыру қажет болды?

— Шетелдегі түркілер және туыстас елдер министрілгі жылда шетелдік студенттеге арнап грант бөледі. Әсіресе, түркітілдес елдерге басымдық беріледі. Магистратура мен докторантураға түскісі келгендер алдымен Шетелдегі түркілер және туыстас елдер министрілгінің сайтына кіріп, электронды түрде құжаттарын тапсырады. Одан кейін Қазақстанға Түркиядан арнайы комиссия барып, құжаттарын тапсырған үміткерлермен сұхбат жүргізеді. Ұзамай қорытындысын шығарып, не өткеніңіз, не өтпегеніңіз туралы поштаңызға хат жазады. Мен грантта оқимын. Былтырдан бастап Ыстамбул университетінде ақылы негізде оқитындардың барлығын грантқа ауыстырды. Ақылы оқитындар жоқ. Былтыр шетелден келіп, өз қаражаттарына бакалавр оқып жатқандармен тілдескем. Олар жылына біздің ақшамен 20-30 мың ғана төлейтін. Қазір баға біраз өсті. Біздің университетте оқитын шетелдіктер жылына шамамен жүз мыңдай теңге төлейді. Бірақ, бұл елде жоғары оқу орындарына түсу өте қиын. Ал басқа меншік университеттерде баға әр түрлі. Жалпы, түрік елінде 180-дей университет бар. Мысалы, жылына 60-70 мың доллар төлеп оқитын қымбат университеттер де бар.

— Түркияның оқу жүйесі жайында айтып берсеңіз.

— Түркияның білім беру жүйесі еуропалық талаптарға негізделген деуге болады. Болон үдерісіне мүше. Маған ұнағаны еңбегіңе қарай бағалайды. Дұрыс оқымасаң келесі жылға қалдырады. Әр тоқсанда белгілі бір дәрістер аласың, яғни кредиттер. Арасында аралық бақылаулары бар. Егер белгілі бір деңгейде балл жинай алмай қалсаң, келесі жылы ол пәнді қайта аласың. Мысалы, біздің ғалымдар әлі күнге дейін ғылыми еңбек жазса, орыс тілінде шыққан еңбектерге сілтеме жасайды. Түркияда батыс кітаптары, француз, неміс, ағылшын т.б тілдердегі сүбелі еңбектер дереу аударылып отырады. Білімге ерекше мән береді. Таныстық, жемқорлық деген әңгіме мүлде жоқ.


— Ал біздің студенттер мен шетелдік студенттерде қандай айырмашылықтар бар? Жалпы Түркияның жастары, студенттері қандай екен?

— Қай жерде болсын студенттерден студенттердің айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Жатпай тұрмай көз майын тауысып оқитындар да, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретіндер қай елден де табылады. Меніңше, тек білім беру жүйелерінде өзгешеліктер бар. Біздің университетте тек біліміңді бағалайды. Әділ. Сондықтан студенттер көп еңбектенеді, көп оқиды. Одан соң жастар саяси сауатты. Саясатқа қамшы салдырмайды. Әрқайсысының өз ұстанымы, өз көзқарасы, өз партиясы бар. Солшылдар, оңшылдар, діншілдер т.б бөлініп жүреді. Кейде тіпті қақтығысып қалып жатады. Одан соң еркін.

Мысалы, біздің университет корпустарынан президент, премьер-министрден бастап ректорға дейін қандай да бір қабылдаған шешімі, әрекеті, сөзі ұнамай қалса, қарсы шығып, карикатураларын сызып, корпустарға іліп қояды. Онда ешкімнің шаруасы жоқ. Екі күннің бірінде университет алдында әр түрлі бейбіт шерулер өткізіп жатады. Былтыр түскі асқа біздің ақшамен он теңге қосылды деп бірнеше күн ереуілдеді. Асханаға ешкім бармай қойды. Бір қызық айтайын, жуырда бір жиналыста жастар ісі және спорт министрі Суат Қылышқа бір студент аяқ киімін лақтырды. Министр шыққан соң жаңағы студентпен оңаша әңгімелесіп, келісіп тарқасты.


— Сондағы ұстаздарыңыз жайында айтып берсеңіз.

— Оқытушылардың дәріс беруі еркін. Сабаққа барлығының белсенді қатысып отырғанын қалайды. Кейде пікірталас сияқты болып кетеді. Оқытушылардың көбі шай алдырады. Барлығымыз түріктің қызыл күрең шайын ішіп отырып, дәріс тыңдаймыз. Кейде түскі асқа шақырады. Қалаған оқытушыға кез келген мәселе бойынша барып, еркін сөйлесе бересің. Арада «дуал» жоқ.

Вейсел Батмаз деген профессорымыз бар. Кезінде Американың белгілі зерттеу институттарында жұмыс істеген, көп дүние біледі. Қазір да маңайына студенттерді жиып алып, үнемі әлеуметтік зерттеулер жасайды. Еңбекқор әрі әділ. Ол кісіге қатысты бір қызық айтайын. Қысқы сессия емтиханында «Әрқайсың өткен тақырыптарды негізге ала отырып, өздеріңе үш сұрақ қойып, соған жауап беріңдер. Сұрақтарың докторонтура студенттеріңе лайық болсын» деді. Емтихан қағаздарын жинап алып, бір аптадан кейін өзімізге әкеліп тапсырды. Сосын «жазған жұмыстарыңды өздерің бағалаңдар, он бес минут уақыт берем» деді. Өмірде өз-өзіңді бағалаудан қиын нәрсе жоқ қой...

— Зерттеп жатқан тақырыбыңыз, ғылыми жұмысыңыз туралы толығырақ айтып берсеңіз?

— Биыл бірінші курс болғандықтан кредиттерді бітіруім керек. Тақырып әлі бекітілмеді. Амандық болса, саяси PR-ды зерттесем деген ой бар.

— Түркияда болғаныңызға бір жарым жылдан асты. Қазақ халқы бұл елден үлгі етіп алатын дүниелер деп нені айта алар едіңіз?

— Әлемде экономикасы қазірден 16-шы орынға шыққан түрік бауырлардан үйренер көп. Менің байқағандарым: алдымен еңбекқорлық. Өте еңбекқор. Сосын сенім. Мысалы, кейде дүкендерге барғанда ақшаң жетпей қалса «ертең әкеліп берерсің» деп затты қолыңа ұстата салады. Он жеті миллион халқы бар қалада танымайтын адамға бұлайша сеніммен қарау таңқаларлық дүние. Қайырымдылық. Әсіресе, студенттерге жанашырлықпен қарайды. Көп жерде жеңілдік жасайды. Содан кейін мәдениет. Қоғамдық көліктерде «Рұқсат болса, өтіп кетейін» деп сызылып тұрады.


— Түркияға барғанда ол жақтағылар алғашында қалай қарсы алды? Қандай қиындықтар болды?

— Жалпы, мұнда келгелі көп қиындық көрген жоқпыз. Қазақтар ең көп келетін ел. Екі күннің бірінде Қазақстаннан адамдар ағылып жатады. Тек тамақ жағынан жалығасың. Тауық етін көп жейді. Басында дөнерге біраз әуес едік, бір жыл болды қойдық. Көлік жағынан ешқандай қиындық жоқ. Трамвай, метробус, метро сынды көліктермен қалаған жеріңе жылдам бара аласың. Ауа райы тамаша. Арқаның қысынан кейін Ыстамбулдың қысы қыс болмай қалады.

— Ал тұрғын үй мәселесі қалай болды?

— Мен жатақханада тұрамын. Тура іргемізді бес минуттық жерде Мәрмар теңізі бар. Бөлмемде алты елден келген алты адам тұрамыз. Мемлекеттік грант болған соң жатақхана тегін. Үй жалдап тұратындар да бар. Орталық жақтан екі-үш бөлмелі пәтерде шамамен біздің теңгемен елу-алпыс мыңға жалдауға болады. Ал шет жақтар тіпті арзан. Ыстамбул Түркияның ең қымбат қаласы болып саналғанмен пәтер жалдау Астана мен Алматыдан әлдеқайда арзан.

— Ол жақта студенттерге қандай жеңілдіктер бар екен?

— Жалпы, Түркияда студенттерге деген көзқарас өте жақсы. Сол үшін студенттерге жеңілдік өте көп. «Студентпін» десеңіз асханалар, кафелер, сауда үйлері жеңілдік жасауға тырысады. Сондай-ақ студенттер үшін кино, концерттерде жеңілдік қарастырылған. Көліктері екі есе арзанға жүре алады.

Мысалы, жатақханада бір студенттің күніне біздің ақшамен бес жүз теңгеге тегін тамақ ішуіне хақы бар. Сонымен қатар, университетте бір күнде шамамен бес жүз теңгеге үш мезгіл ыстық тамақ іше аласыз. Ал әр алуан ұйымдар мен қорлар, әкімдіктер студенттерге арнап жыл сайын бір жылдық шәкіртақылар беріп тұрады. Қалтасы қалын азаматтар да солай. Тіпті ректор, профессорлар да өз қалталарынан ең жақсы оқитын бір-екі студентке шәкіртақы тағайындайды, түскі ас алып береді. Біздің елге де осындай игі істер үлгі болуы тиіс.

— Бір айға шамамен қанша қаражат кетеді?
— Таза өз қаражатымен келген адамға оқу біраз қымбатқа түсуі мүмкін. Ыстамбул Түркияның ең қымбат қаласы екенін қайталап айтамын. Жалпы, университеттің оқу ақысын санамағанда бір жыл өмір суруге орташа есеппен 4-5 мың доллар жетіп қалады.

— Түркияда көп те болмаса бір жарым жылдай уақыт тұрып жатырсыз, ол жақта оқу, тұру сізге қалай әсер етіп жатыр?

— Түркияда оқу да өмір сүру де өзіме ұнады. Ауа-райы өте қолайлы. Оқуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Менің таң қалатыным, біздің көп жастар бір жылдың ішінде ойлау, сөйлеу мәнерінің түрікше бола бастайтыны. Бакалавр оқуға келгендері тіпті. Әрине, орта бәрібір ықпал етеді. Жалпы, біз қай елге барсақ, сол елге жұтылып кетуге дайын тұратын секілдіміз. Иммунитетіміз әлсіз бе деп ойлаймын. Әрине, өзге бір тілде білім алу оңай емес. Бірақ, бір жағынан басқа мәдениет, басқа адамдар, өзге дәстүр. Салыстырып көресің. Жақсысын алуға тырысасың. Түрік бауырлардан үйренетін дүние көп. Тарихынан тамыр үзбеген ел ғой. Батысты білмеймін, мұнда келген көп жастар нағыз тарихын зерделей алатын, патриот болып қайтады деуге негіз бар. Тіпті, қазақша бір ауыз білмей келген орыс тілді қазақтардың қазақша үйреніп қайтқаны көп. Жалпы, осында жүріп түйген ой: әр адам өз тілінде білім алу керек.



— Түркияда «Сана» интеллектуалды клубының жетекшісісіз. Бұл клубтың мақсаты қандай?

— «Сана» деген интеллектуалды клубы былтыр құрылды. Қазақ жастарының басын екі аптада бір қосып, Қазақстанның болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылап тұруды, жалпы, бірлігімізді күшейтуде мақсат еттік. Клубымызға Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Дархан Қыдырәлі, белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев, тарихшы профессор Әбдуақап Қара, профессор Қайрат Сақ, саясаттанушы Айдос Сарым, депутат Камал Бұрханов т.б белгілі кісілер қонақ болды, студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Тәуелсіздік күні, наурыз сынды көптеген шаралар да өткізіп тұрамыз. Әр түрлі ұйымдар мен университеттерде Қазақстанда таныту бағытында жұмыстар да жасаймыз. Жалпы, «Мой мир» мен «Facebook» әлеуметтік желілерінде өзіміздің жеке парақшаларымыз бар. «Сана» клубының мақсат-міндеттері мен атқарған шаралары туралы қалаған адам осы топтарға кіріп толық біле алады. Клубтың Әлихан Бөкейхан және Мұстафа Шоқай атындағы екі шәкіртақысы бар. Шәкіртақыларды Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Дархан Қыдырәлі мырзаның беріп отырғанын да айта кеткен абзал.


— Жалпы, Түркияда білім алып жатқан студенттерді бақылап отыратын консулдық өкілдері бар ма? Себебі, Бостондағы оқиғаға байланысты екі қазақ студентінің басы шырғаланға түсті...

— Бүгінгі күні Ыстамбул қаласында білім алып жатқан төрт жүзден астам студент бар екен. Біразы, өз қаржысымен, біразы Түркия грантымен оқып жатыр. Өкінішке қарай, мен Ыстамбулға келгелі студенттердің басын қосып, амандығын біліп, қал-жағдайын сұраған ешкімді көрмедім. Бірақ, жауапты консул бар. Былтыр Елші Жансейіт Түймебаев мырзаға бір шара барысында «Ыстамбулдағы студенттермен бір кездесу өткізсеңіз» деп едім, «уақытым жоқ, онсыз да студенттермен жиі кездесіп жүрмін ғой» деді. Шетелдегі студенттер де Қазақстан жастар саясатынан құр қалмау керек деп былтыр Астанада Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Нұрлан Өтешевке барып едім, «Болашаққа» сілтеді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті Нұрбек Саясат болса, «Болашақ» студенттеріне ғана жауапты екенін ашық айтты. Нұрбек Саясат «Шетелдерде шамамен алпыс мыңдай студент оқып жатыр» дейді. Бұл үлкен күш. Оларға кім жауапты? Қайда тұрып жатқаны, кімдермен жүргенін бақылап отыратын кім бар? Көбі өз қаржыларымен оқиды. Елде «жемқорлық, бюрократия, жұмыс табылмайды» деп қайтуды ойлағысы келмейтіндер де бар. Сондықтан шетеле білім алып жатқан жастарға ерекше назар аударылу керек.

Елбасы өз сөзінде: «Мен жас ұрпақтың ел болашағы үшін маңызын әрқашан да атап көрсетіп келдім және атап көрсете беремін. Мемлекет әрбір жас адамның өз еліне міндетті түрде қажет болуы үшін бәрін де жасайды» деген жоқ па еді? Әйтпесе, шетелде білім алып келген қазаққа Бораттың көзімен қарайтын қазақ жастары солардың арасынан шықпасына кім кепіл. Онан соң шетелге жастарды бакалавр емес, магистратура мен докторонтура оқуға ғана жіберген жөн. Алды артын білмейтін жастарды жіберетін боласақ әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ арандап қалуы мүмкін. Не болмаса, ата-анасы және мемлекет мұқият қадағалап отыру керек.

— Түркияға тұрмысқа шығып жатқан қыздарымыз баршылық. Олар туралы алып қашпа әңгімелер де көп. Жалпы, сол жаққа тұрмысқа шыққан қазақ қыздары туралы білеріңіз бар ма?

— Астанада бір танысым Юнус Эмре тіл орталығына барып түрік тілін үйреніп жүр. Өткенде «тіл үйреніп жүрген қыздардың көбі түрік азаматына тұрмысқа шығуды ойлайды» екен дегені бар. Түрік бауырларымыздан қыз алып, қыз беруде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ, «сол қыздардың бәрі бақытты ма?» деген сұрақ көлденеңдейді. Өткенде бас консул да сұхбатында айтты: «Түрік сериалын көріп алып, алды артын ойламай келген қыздардың проблемасы көп» деп. Баласын ала алмай жүрген қазақ қыздары, паспортын жыртып тастаған, таяқ жеп консулдықты сағалап жүргендер, алданып екінші әйел болып келгендер дегендей.

Жалпы, түрік бауырлар көлденең көк аттыға қыз бермейді. Қыздарында да махаббат деп бірінен кейін бір жігітпен жүру деген жоқ. Нақты болашақ жар болатын жігітпен ғана қол ұстасады. Ата-ана да алдымен «күйеу баланың тегі жақсы ма, әскерге барған ба, оқу бітірген бе, қызымды асырай ала ма?» деген мәселелерді таразыға түсіреді. Сондықтан қыздар біздің сериалдағы ертегіге алданбасын. Түркия онсыз да әйелге зорлық-зомбылық көрсету мен өлтіру қылмысын азайту үшін күресіп жатыр. Мәселен, екі күнде бір әйел өлтіріледі. Өткенде осы мәселеге қатысты бір зерттеу оқыдым, әйелдердің тең жартысына жуығы күйеулерінен таяқ жейді. Сондықтан қыздар көрсеқызарлықтан гөрі ақылдарына көбірек сенсін.

— Бүгінгі қазақ жастары қандай болуы керек деп ойлайсыз?

— «Әлемді өзгерткісі келген алдымен өзін өзгертсін» деген Сократтың сөзі бар. Қазақтың әрбір жасы білімді, өнерлі, өзін жетілдіру үшін өзіне оң реформалар жасай алатын болуы керек.

— Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

— Алла қаласа, барынша «қоржынымызды» білімге толтырып елге оралып, Алашқа қызмет ету. Арман көп, жоспар мол. Оның бәрі алдағы күннің еншісінде.

Сұхбаттасқан: Айнұр Ракишева


«Шетелде білім алу» айдарында жарияланған басқа материалдар:

Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

University of Windsor

Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті

Université de Basse Normandie

Carl von Ossietzky Universität Oldenburg

Universität Greifswald

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: University of L'Aquila

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: Humboldt-Universität zu Berlin



Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles