Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Семей театры сергелдең халде

$
0
0

Түп тарихы терең, өткені абыройлы Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры бұл күнде сергелдең халде. Ерке Ертістің жағасындағы серке Семей театры серкелігін тастап, еркелікке бой алдырған сияқты. Неге десеңіз, арнайы актерлік диплом иеленбеген, бірақ актерлік қызметте жүрген өзге мамандық иелері аталмыш театрда баршылық. Іздейтіндері той-думан, қиқу тамаша. Жаңаша жастар баламасымен айтсақ, «тойдың тақырыбы», актерлердің өзіндік терминдері бойынша «халтура». Бәлкім той қуып кеттіңдер деп, әр жолы оларды да кінәлай беру әділдік емес шығар. Себебі, актерлердің алатын айлықтары шайлықтарынан аспайды. Міне, мәселенің төркіні осында.

Астана, Алматы қаласының актерлері тойсыз да күндерін көрер. Киноларға түсіп, көгілдір экран арқылы берілетін әр түрлі бағдарламаларды жүргізіп дегендей. Ал облыстық театрлардың актерлері қайтпек? Оларға мұндай бақыттың ауылы алыста болғандықтан, амалсыздан той-томалақ қуады. Бұны да ескергеніміз абзал болар. Қалай десек те, актерлердің орны тойхана емес, театр сахнасы.

Театрға қатысты сөз қозғасақ, әлбетте режиссура мәселесі жайлы айтпай кету мүмкін болмай тұр. Өйткені, бүкіл театр артистерінің басын қосып, небір көркем қойылымдарды дүниеге әкелуші, сахналаушы, театрды  өрге сүйрейтін де режиссер емес пе? Иә, еліміздің талай театрлары режиссерлерге тапшы екені хақ. Осы мәселе жайлы белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Еліміздің 7 театры режиссерсіз отыр» - дегені бар. Соның бірі Семей театрына қатысты болатын. Аталмыш театрда халқымыздың мықты деген режиссерлері кезінде қызмет атқарғаны рас. Мысалы, ҚР халық артистері, марқұм Бәйтен Омаров, Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, һәм көркемдік жетекшісі болған, жуырда ғана бұл қызметтен босатылған Есмұқан Обаев, Чапай Зұлқашев, Ерсайын Тәпенов, марқұм Шопан Кәрібаевтар... Бірақ өнер майталмандары өзге театрларға арнайы жұмыс атқаруға ауысқаннан кейін Семей театры бірнеше жыл режиссерсіз, жетімнің күйін кешкен еді. Шүкір дейік, әйтеуір бағымызға қарай режиссер келді. Жаңадан келген режиссер Ербол Жуасбек, ел сенімін ақтай ала ма? Ол алдағы уақыттың еншісінде...

Семейдің Абай атындағы мемлекеттік музыкалық драма театрының өткеніне үңілсек, алдыңғы саптағы үздік театрлар қатарында болғанын аңғарамыз. Ал бүгінде халықаралықты қойып, тіптен ел ішіндегі театр фестивальдеріне қатысудан да мақұрым қалды. Демек, қазіргі дәрежесі халық театрлар санатында. Әрине, қажетті қаражат бөлінбесе, оның үстіне актерлік құрам әлсіз болса, құлдырамай қайтсін?
Біз өз тарапымыздан төл театрымыздың қайтадан серкелік құрғанын қалар едік. Ол үшін Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында, Елордамыздағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жатқан болашақ актерлерді облыс театрларына қызметке шақыру керек деп ойлаймыз. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Себебі жас актерлердің көбі облыстық театрларға баруға аса бір құлшыныс таныта бермейді. Үкімет тарапынан баспана берілсе, шыңдалып келе жатқан таланттарға тиісті қолдаулар көрсетіліп, облыстық театр актерлерінің еңбек ақыларын көтерсе, бұл тығырықтан шығармыз. Бәлкім сонда ғана жас мамандар қызметке тартылар. Бойымызды билеген біздегі бар тілек: мәдениеттің қайнар көзі театрдың жағдайы жасалса екен.

Әйгілі Әміре Қашаубаевтың, теңдесіз талантты Әмина Өмірзақованың, күміс көмей бұлбұл әнші Бибігүл Төлегеновалардың кіндік қаны тамған жерінің театры мұндай сергелдең халде тұруы өкінішті-ақ...


Қуат Ежембеков
Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің

2-курс студенті

Фото: Arnapress.kz


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles