Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Журналист — жанкешпе мамандық

$
0
0

Соңғы қоңырау соғылып, ұлттық тестілеу аяқталғаннан соң түлектер мамандық таңдау мәселесіне келіп тіреледі. Кейбір жастар болашақ мамандығын кішкентайынан анықтап қойса, кейбіреулері құжат тапсыруға соңғы күн қалғанға дейін ойланып-толғанады. Мүмкін екі мамандықтың қайсысын таңдаймын деп жүргендер бар шығар? Таңдау алдында тұрған түлектерге "Екпіннің" бүгінгі материалы пайдалы боларына сенімдіміз. Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультеті, баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жидегүл Әбдіжәділқызы соңғы кездері сәнге айналған журналистика мамандығының ішкі өмірін сараптап берді.

Аяғын үзеңгіге салып, арғымақты жалынан ұстап өмір жолындағы өз соқпағын таңдауға тәуекел еткен, айналайын талапкерлер, егер сендер журналистика әлемінің табалдырығынан аттап, есігінен енеміз десеңдер, бұл кәсіптің түбіне дейін терең бойлап, орта жолдан кері қайырылмайтындай арғы-бергісін таразыға тартқандай салмақпен ойлап барып шешім қабылдағандарың дұрыс.

Рас, алғашында журналистика адамды магнит тәрізді өзіне тартып алады. Газет-журналдарда жарық көрген мақала соңындағы аты-жөнің, радио эфиріндегі сөйлеген сөзің, яғни, әдеттен тыс ерекше естілген үнің, көгілдір экрандағы көрерменмен бетпе-бет келетін болмыс-бітімің – бәрі де талапкер үшін таңғажайып тартымды құбылыстар. Тіпті, арманыңа жол ашатын табыс кілті десе де болғандай. Бірақ, журналистика тек осынау жүрек тебірентер жағымды өмірлік құбылыстардан ғана тұрмайтынын, оның одан да өзге егжей–тегжейі мен қыр-сыры, күнгейі мен теріскейі, жотасы мен белесі, асуы мен асқары бар екенін ескерген абзал. Ал тек қана жігерлендіретін, қайратыңа қайрат қосып, қиялыңа қанат бітіретін кілең жағымды құбылыстар журналистиканың төл табиғатын, бар болмысын түгел қамти алмайды.

Себебі, журналистің бармайтын жері, баспайтын тауы, ашпайтын есігі, кірмейтін тесігі қалмайды. Журналист өмірдің ғажабын да, азабын да, қоғамның жақсылығын да, жамандығын да жазады. Қажет болса (егер кейіпкері түрмеде болса түрмеге, жындыханада болса жындыханаға, т.с.с) өртке де араласады, сотқа да кіріседі, ұрыс-шатаққа, қылмыстық оқиғаларға да, саяси шараларға да, өлім-жітімге де араласады (тіпті, өз шындығын қорғау үшін соттасуы да мүмкін, репортаж жүргізу үшін соғысқа баруы да ықтимал, керек болса өлімге де бас тігеді). Өйткені журналист бал арасына ұқсап, өзіне қажет ақпаратты жер-көкті кезіп, шартарапты шарлап, тірнектеп, теріп жүріп жинайды. Сол ізденістің барысында небір керемет ләззат алатын таңғажайып тамаша сәттерді, сонымен қатар, адам айтса сенгісіз сұмдық оқиғаларды, қилы-қилы күрделі процесстерді бастан кешіреді. Қызмет бабындағы кәсіби бәсеке – өз алдына бөлек дүние. Өздерің білесіңдер, басқа сала өкілдерін былай қойғанда экранда да эфирде де «жұлдыздардың» микрофонға жармасып, жүргізушілікке таласатыны – факт. Сонымен, БАҚ мінберіне барар жолдағы белестер жайлы кеңестер:

1. Тек қана шындықты айт; 2. Алған бетіңнен қайтпа, түбіне жетпей тынба, қысқасы – «қадалған жеріңен қан ал»; 3. Әдептілік әлемді бағындырады, әрдайым әдепті бол; 4. Батыл бол, қорықпа! (Аққа құдай жақ); 5. Мақтау естісең де, сынға ұшырасаң да кітапқа жүгін (ең сенімді дос сол); 6. Кез келген ақпаратты жария етпес бұрын тексеріп ал («Басқа бәле-тілден»); 7. «Ой қайталама, сөз қайталама» (Профессор Омашевтың теориясынан), т.с.с. толып жатқан толғамдар бар, қалғандарымен оқуға түскен соң дәріс кезінде танысасыңдар.

Сонымен, «Ата алмасам, маған-серт, атылмасаң саған-серт» деп аңшының мылтығымен серттескеніндей қазақ журналистика қарашаңырағының табалдырығынан аттамас бұрын бұл киелі кәсіпті басы бүтін таңдап, біржолата және түбегейлі шешім қабылдағаннан кейін есіктен ене бер. Ал «нар тәуекел» деп басынан сөз асырмаған бабалар жолын таңдап, босағадан аттаған екенсіңдер, демек, ұлттық журналистиканың қамын күйттейтін, шындық үшін шырқырайтын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ақпарат үшін ішкен асын жерге қоятын алған бетінен қайтпайтын, шындықтан басқаны айтпайтын радио мен телевизияның эфиріндегі қайтпас қарагер, басылымдар мен интернет сайттарындағы мәселені тарқатса түйінін шешіп айтатын, керек жерін дөп басып, кесіп айтатын көсем, шешен журналист болатындарыңа сене бер!

Өйткені, сендердің алдарыңда айтар ойын сандық мәліметтермен көмкеріп, өткір ойлармен өрнектеп көсемсөздің сындарлы сипатын салып берген көсемсөзші Камал Смайылов, ақиқатты аңызбен астастырып, ұлтымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының сыр-шежіресін шерткен Әзілхан Нұршайықов, журналистика теориясын жүйелеп, түркі тарихын шолған, факультетіміздің басына бақ болып қонған профессор Барманқұлов, «Таңдау жасар сәт туды» деп «абайламай айтарын айтып өткен» адам ретінде өзі, кәсіби маман ретінде сөзі де дерек пен дәйекке айналған Алтынбек Сәрсенбаев сынды тұлғалардың рухтары – өшпес өнеге.

Ал журналистиканы жазушылыққа жалғап, шындықты паш етуге драматургияны арнап, шежіреге айналған Шерхан Мұртазаның шеберлігі, ұлттық  журналистиканың тарихы мен теориясын ұлықтап, өзінің соңынан ерген журналистиканы шын жүрегімен сүйетін шәкірттерімен кәсіби ұрпақ сабастастығын қалыптастырған Намазалы Омашевтың тәрбиелік тәлімі мен оралымды ой-толғамдары, ешқашан «мен» деп бірінші жақта бір рет те ауыз ашпастан, қазақ журналистикасының қаттысын қайырып, жұмсағын жұмырып, ұжымының кәсіби деңгейі үшін көз майын тауысып жүрген Срайыл Смайылдың тапқырлығы мен табандылығы - сендерді адастырмай алып жүретін компас. Ендеше, журналистиканы таңдаған жас талапкер, шешім қабылдадың ба, белді бекем буып, бір секунд аялдамастан алға қадам жаса. БАҚ бастарыңа бақ болып қонсын, іске сәт, болашақ әріптестер!

Сендерге сәттілік тілеген Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті

Жидегүл Әбдіжәділқызы


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles