Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Салтанат Қартжанова: «Менің бір ғана мақсатым бар — барлық мақсаттарыма қол жеткізу»

$
0
0

Салтанат Қартжанова жас болса да, қазірдің өзінде біраз қызықты жобалар мен туындылар шығарып үлгерді. Ерекше талғамы мен таланты бар жас дизайнер жайлы болашақта әлі де көп еститінімзге сенімдіміз. Ал қазірше Салтанатпен жақынырақ танысып, дипломдық жұмысының үлгілерін тамашалайық.

— Салтанат, өзің жайлы бір екі ауыз сөз айтып, не себепті дизайнер болғың келгені жайлы айтып берсең?

— Мен 1994 жылы Ақтөбе қаласында туылдым. Сонда тоғызыншы сыныпқа дейін оқығанмын. Кішкентайымда өте пысық болатынмын. Әрдайым бір нәрсемен шұғылданып жүремін. Қуыршақтарға көйлек жасап, кесте тігіп, жаңа нәрсе шығарып жүруді ұнататынмын. Сол себепті мамандық таңдауға келгенде, бірден таңдауым киім жасаушы дизайнеріне түсті.

— Тоғызыншы сыныптан кейін сонда қайда оқуға түстің?

— Мектепте оқып жүргенімде он бірінші сынып бітіремін деп ойлап жүрдім. Барлық қыздар сияқты мектеппен қоштасу кеші мен әдемі көйлекті аңсадым. Бірақ тоғызыншы сыныпта Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы жайлы естіп, сол жақтағы оқуға қызығып кеттім. Солай академияның колледжіне түстім. Алғашында Алматыдағы өмірге, колледж өміріне үйренісе алмай жүрдім. Үлкен қалада жалғыз өмір сүруге, әрине, қиындау екен. Алайда уақыт өте келе, бұл арнаға да кіріп кетіп, өз үйімдей жүретін болдым.

Екіншіден, Ақтөбеде өнер лицейінде оқып келгендіктен, колледждегі оқу біршама жеңілдеу болды. Тігін машинасында тігу сияқты алғашқы қадамдар да жеңіл тиді. Өйткені мектепте еңбек сабағында оның барлығын оп-оңай жасайтынмын.

— Дипломдық жұмысың жайлы айтып берсең?

— Дипломдық жұмыс басталмай жатып-ақ бізге «Қазақ ұлттық костюмі» деген тақырып беріп қойды. Маған да, басқа да студенттерге бұл тақырып ұнамады, тақырыпты ауқымдырақ алып, басқа жаңа нәрсе ойлап тапқымыз келген. Бірақ жұмысқа кірісіп кеткен соң барлығымыз өзіміздің алғашқы мини коллекциямызға сүйсіне бастадық. Жалпы жұмыста қазақтардың бастапқы, байырғы киім үлгілеріне сүйендім. Оларға жаңа леп, өзімнің ойлап тапқандарымды қосуға тырыстым. Дипломдық жұмысты тапсыру күнінің алдында ұйқысыз өткен ең қызықты әрі әсерлі түндердің бірі болды.



— Күнделікті өмірде саған не шабыт сыйлайды?

— Әдетте мені көрікті тұлғалар, әдемі адамдар мен образдар шабыттандырады. Кейде, мысалы, әдемі туфли немесе сөмке де шабыт сыйлайды.

— Бес жылдан соң өзіңді қалай елестетесің?

— Нақты айта алмаймын. Бірақ бір білерім, әлбетте өз орнын тапқан, белгілі бір дәрежеге жеткен тұлға ретінде көремін. Менің бір ғана мақсатым бар — барлық мақсаттарыма қол жеткізу.

illustrations_by_kartjanova

Салтанаттың үстінде өзі жасап шығаратын

принтті футболка

— Бос уақытыңда немен айналысасың?

— Бос уақытым көп бола бермейді. Болып қалса, құрбыларыммен кездесіп кофе ішуді, жеке блогыма фото жасауды немесе түрлі иллюстрациялар салуды жақсы көремін.

— Кітап оқуды жақсы көресің бе? Ең сүйікті кітабың қандай?

— Жақында маған электронды кітапша сыйлады, соның арқасында бірінен соң бірі жаңа кітаптарды жұтып жатырмын десем болады. Бір жақсы жері оны барлық жерде: оқуға барар жолда, аялдамада, көлік ішінде, колледжде оқып жүре аласың. Тек үйде ғана оқымайтыным таң қалдырады (күліп). Барлық оқыған кітаптардың арасынан ең үлкен әсер еткені — «Код да Винчи» романы.

— Ал сүйікті дизайнерлерің бар ма?

— Таңданатын дизайнерлердің ішінен GiambattistaValli, Moschino, Valentino сән үйлерін және де, әрине, өз ісінің шебері Dolce and Gabbanaны атауға болады.

Сұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева

Фото: Салтанаттың жеке мұрағатынан


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles