Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Баскетболшы Балғын мен Әйгерімнің арманы мен мақсаты не?

$
0
0

Елімізде Сенда Беренсон, Джеки Стилс, Ребекка Лобо сынды атағы жер жарған, даңқты  қыз баскетболшылар жоқ екені рас. Дегенмен, ондай таланттар  бізде де туарына кәміл сенімдіміз.


Биылғы жылдың 24-наурызында Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен 4 қазақстандық баскетболшы Колорадо штатының Денвер қаласына ұшты. Мақсат - әйелдер арасындағы дүниежүзілік баскетбол біріншілігіне (WNBA) қатысып, тәжірибе жинау. Сапарға биылғы мектеп түлектері Балғын Сәрсек (Астана), Әйгерім Ақпан (Қызылорда), Ксения Медведева (Шымкент) сынды жас баскетболшыларымыз және «Тараз» баскетбол клубының  бапкері Татьяна Гончарова аттанды. Сапардан соң Балғын Сәрсек және Әйгерім Ақпанмен сұхбаттасудың сәті түсті. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


-  Қыздар, қай жақта  туып, қай жерде білім алудасыздар?

Балғын:

- Шымкент қаласында дүниеге келдім. Мектептің бастапқы жылдарын туылған жерімде оқып, баскетболмен айналыстым. Кейін Астанадағы спорт мектебіне шақырды. Үш жылдан бері сол жақта оқимын. Биыл 11-сыныпты бітіремін.

Әйгерім:

- Қызылордада өмірге келдім. Қазір №2 Мұрагер мектебінде білім алудамын. Биыл ҰБТ тапсырып, университетке түспекшімін.

- АҚШқа қалай жолдарыңыз түсті?

Балғын:

- АҚШ елшілігі әйелдердің спортқа құлшынысын арттыру үшін арнайы бағдарлама ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға 4 адам қабылдайтындықтарын жариялады. Екі басты талап қойылды. Біріншісі - ағылшын тілін жетік меңгеру, екіншісі - баскетболдағы үлгерімдерімдеріміз бен жетістіктеріміз ескерілді. Кейін өтініштер тапсырылып, қатаң іріктеу өттті. Біраз жүгіріп, ағылшын тілін тереңдетіп оқи бастадық. Ақыры барлығымыз жан-жақтан жиналып, төрт адам болдық.

Әйгерім:

- Биылғы әлем біріншілігіне шет жақтан 6 мемлекет қатысқан екен. Қазақстан, Зимбабве, Тунис, Тайланд, Украина, Никарагуадан келген бағдарламаға қатысушылармен танысып, жақсы дос болып кеттік. Біз баскетбол тілінде сөйлестік деуге болады. Америкаға баратынымды әлі білмей жүріп, жаттығуда жүрген болатынмын. Жаттықтырушым: «Америкаға барасың!» - дегенде, қатты қуандым. Балғын және Ксениямен бұрын жарыстарда бір-бірімізді көрсек те, таныс емес едік. Қазір жақсы араласамыз. Дегенмен, шекара асып, ел көріп қайттық қой.

Ксения, Әйгерім, Балғын

- Ағылыш тілін қалай үйреніп жүрсіңдер? Қысқаша баяндасаңыздар.

Балғын:

- Барлығын мектеп қабырғасында үйрендім деп айта аламын. Ал Астанаға көшпестен бұрын ағылшын пәнінен беретін Сәуле апайыммен дайындалатынмын. Елордада Гүлнұр Жылқыбайқызынан сабақ алдым. Оларға алғысым шексіз. Жүз пайыз сөйлемесем де, әңгімелесе алатын дәрежем бар (күліп).

Әйгерім:

- Мен оқитын мектеп тілдер жағын тереңдетіп оқытатындықтан, ағылшын тіліне баса назар аударады. Америкаға баратынымды білген соң ағылшын тіліне көбірек уақыт бөлетін болдым. Қазір жақсы сөйлей аламын. Шетелде бізді жылы қарсы алып, жақсы шығарып салғандары қатты ұнады. Мұхиттың арғы жағындағы халық қарапайым келеді. Кейбір сөздерді түсінбей жатқанда, биязы түрде қайталайтын.

- Сендер бұл сапарда қазіргі АҚШтың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен кездесіпсіңдер. Бұл қалай болды? Қандай әсер қалдырды?

Әйгерім:

- 10 күннің ішінде Америкада саяхаттап жүрдік. Вашингтонда - 5 күн, Денверде - 5 күн болдық. Әр түрлі мұражайларға, университеттерге бардық. Университеттер арасындағы жарысқа қатыстық. Сонда баскетболдың жоғары деңгейін бағалай алдық. Хиллари Клинтон секілді тұлғамен кездесу кез келген адамның есінде ерекше қалады деп ойлаймын. Ол WNBA әйелдер біріншілігіне арнайы келіп, сөз сөйледі. 6 елден келген 24імізді орындыққа отырғызып қойып, алдымызға келіп: «Жас кезімде мен де баскетболмен айналысқанмын. Қазіргі әйелдер үшін спортпен айналысу өте маңызды. Біріншіден, денсаулық жақсарады, екіншіден, спортқа деген қызығушылық арта түседі», - деді.

- Қазақстандағы баскетбол мен АҚШтағы баскетболдың айырмашылығы неде деп ойлайсыздар?

Балғын:

- Баскетболдың отанын өзімізбен, әрине, салыстыруға болмайды. Ол жақтағы халықтың басым бөлігі баскетболмен шұғылданады. Ал бізде бұл спорт түрінде ғана қалыптасқан. Қазақстанда, әсіресе әйелдер арасында, бұл спорт түрінің дамуы баяу десек, артық айтпаспыз. Ал АҚШ спортшыларының бәрі дерлік баскетболды тең дәрежеде ойнайды, әрі жан-жақты болып келеді. Ол жақта баскетболдан басқа тағы бір спорт түрін меңгеруің қажет. Музыкадан, мәдениеттен де хабарың болуы тиіс. Содан болар, американдықтар емін-еркін, қысылмай сөйлесе береді, көп нәрсеге түсіністікпен қарайды. АҚШты «Еркіндік пен бостандықтың Отаны» - деп тектен-тек айтпайтын тәрізді. Басқа елдерден үйренетініміз өте көп екенін байқадық. Доптың артынан жүгіре бермей, тактика мен  әдістер арқылы ойнай білу - баскетболдың қадірін арттыра түседі. Мысалы, допты алып жүгіріп бара жатқаныңда логикалық тұрғыдан миыңды қатты жұмыс істету керек. Допты топтасыңа лақтыру немесе қарсыласыңды мықтап шатастыру - ойдың жүйріктігін талап етеді. Басқа да әдіс-тәсілдерді үйреніп қайттық.

- Жалпы қандай жарыстарға қатысып жүрсіңдер?

Әйгерім:

- Бізде арнайы орталық бар. Мектеп жасындағы балаларға арналған клуб ретінде жұмыс істейді. Жарыстары республикалық деңгейде өткізіледі. Облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып жүрмін. Жақында Қазақстанның құрама командасына шақырту алдым.

Балғын:

- Мен де мемлекет ішіндегі жарыстарға қатысып, үнемі өнер көрсетуге тырысамын. Осыдан біраз уақыт бұрын Болгарияға халықаралық турнирге барып, чемпион болып қайттық.

- Болашақта баскетболды мықты меңгеріп, басқа мемлекет атынан шығуға ұсыныс түссе, қайтесіңдер?

Балғын:

- Қазақстан NBA дәрежесінде жоқ. Осы дәрежеге жеткізіп, елімізді қатарға енгізу үшін барымды саламын. Жеке өз басым баскетболға қызығушылығым жоғары болғандықтан, басқа құрамалар немесе елдер атынан шыға аламын. Себебі, бұл саладағы түрлі құбылыстар мені қызықтырады. Шетелден тәжірибе жинап, Қазақстанға келіп, біздің спортшылармен бөлісемін. Сондықтан қарсылығым болмайды. Ойын шебері болғаннан кейін, әрине (күліп).

Әйгерім:

- Қазақстан менің кіндік қаным тамған жер болғандықтан, ешқандай елдің атынан ойнамаймын. Туып өскен жердің абыройы мен үшін маңызды. Бұл сұрақ, шыны керек, уақыт еншісінде.

- Болашақта баскетбол саласына қатысты нендей жоспарларыңыз бар?

Әйгерім:

- 30-сәуір мен 4-мамыр аралығында Щучинск қаласында баскетболдан мастер-класс өткізбекпіз. Америкадан жинақтап келген тәжірибемізді спортшы қыздармен бөлісіп, білгенімізді үйретеміз. Бізде қаржыландыру мәселесіне келгенде көп проблемалар туындайды. Демеушілерді тарту әдістерін де айтамыз. Жалпы бағдарламамыз қызықты болмақ. Сондықтан, барлығыңызды шақырамыз! Ал негізгі мақсаттарымызға келер болсақ, ҰБТдан жоғары балл жинап, грантқа түсіп, еліміздің белді азаматшасы болу.

Балғын:

- Әйелдер баскетболын кәсіби түрде дамытып, болашақта оқитын университетімнің баскетбол құрамасына үлкен жетістіктер сыйлау. Алдағы уақытта тағы бір жарыс күтіп тұр. Соған дайындалып жатырмын.

- Қандай мамандық иесі болғыларың келеді?

Балғын:

- Ағылшын тілін бесінші пән ретінде таңдай отырып, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне Халықаралық қатынастар мамандығын таңдаймын деген ойдамын.

Әйгерім:

- Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне Экономика және менеджмент факультетіне түскім келеді. ҰБТны сәтті тапсырып, студент атанған қандай жақсы.

- Ендеше, сәттілік тілейміз! Мақсаттарыңа жетіңдер!


Сұхбаттасқан: Рысгүл Рамазанова


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles