Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Мадрид. II бөлім.

$
0
0

Келесі күні, яғни 31 желтоқсан күні музейлерге арналды. Мадридте болып, Прадо мұражайын көрмей кету - күнә жасаумен тең дейді испандықтар. Сондықтан алдымен әлем туындыларының үздік үлгілері мен Испания классикалық сурет өнерінің тамаша коллекциялары сақталған Прадо мұражайына тарттық. Мұражайға жыл сайын 2 жарым миллионнан астам әлемнің түкпір-түкпірінен өнер бағалаушылар ағылып келіп жатады. Әрине мұнда дүние жүзіне атағы жайылған Веласкес, Гойя, Босха, Рубенс, Эль-Греко және т.б. суретшілердің 8600-дей туындыларын түпнұсқасында көруге болады. Ол эмоцияларды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Айтпақшы, мұражайға бізді тегін кіргізді. Студенттік ISIC картасын ғана көрсеткенбіз, не үшін тегін кіргізгенін өзіміз де түсінбей қалдық. Адам көп, ішінде суретке түсіруге әрине болмайды. Бірақ, сонда да:

Атақты Веласкестің суреттерін түсірмей кете алмадық:

Караваджо:

Франциядағы Лувр, Ресейдегі Кремль, Египеттегі пирамидалар сияқты Прадо мұражайы Испанияның толыққанды символына айналған.

Мұражай алдындағы Гойя:

Мұражайдың жалпы көрінісі:

Прадоның оң жағында XVI ғ. салынған әулие Иеронимнің Патшалар шіркеуі тұр. Бұл жерде патшалар таққа отырғызылып, неке қиылған.

1991 жылы Хулио Лопес Эрнандес жасаған қарапайым суретшінің мүсіні ұлы суретшілердің қатарына еніп, суреттерін мұражайға қоюын армандап тұрған тәрізді :

1785 ж. испан королі ІІІ Карлдың бұйрығымен салынған мұражай ғимараты әлі күнге дейін сол заманғы Еуропа рухын сезіндіреді.

Ғимараттың сол жағындағы Веласкес ескерткіші:

Прадоға қарама-қарсы Мадридтің екінші үлкен мұражайы болып саналатын Тиссен-Борнемисстің мұражайы орналасқан. 1920-1980 ж.ж. барон Ганс Генрих Тиссен-Борнемисстің жинаған коллекциясы 1992 жылы мұражайға айналған. Көбінде өзге тарихи эпоханың: Италияның ерте кезеңінің кескіндеме өнері, XVII ғ. голланд шеберлерінің жұмысы, неміс экспрессионизмі, поп-арт пен геометриялық абстракциядан тұратын Прадо мұражайына қарағанда, мұнда XIII ғ. италиялық суретшілердің готикасынан бастап XX ғ. Америка суретшілеріне тән поп-артқа дейінгі 800-ден астам туындылар бар.

Мұнда Ван-Гог, Гоген, Караваджо, Пикассо, т.б. ұлы суретшілердің туындыларын көруге болады.

Мұражайдан шыққаннан кейін әрі қарай жан-жақты жаяу аралап жүрдік. Көше ортасындағы Нептун фонтаны:

Мадридтің бір ұнағаны - көзге ұрына бермейтін, бірақ іліп алар кішкентай нәрселерді аса сүйкімді қылып жасауы:

Мынау севильялық мектептің негізін қалаушы, атақты испан кескіндеушісі Бартоломе Эстебан Мурильонің ескерткіші:

Ал мынау тағы да сол ІІІ Карлдың бұйрығымен 1781 ж. салынған Патшалардың ботаникалық бағы. Оның архитекторлары: Гомес Ортега мен Хуан де Вильянуэва (сондай-ақ Прадо мұражайының архитекторы).

Қыдырып жүргенде кешке қарай көше бойында жүгіріп жүрген адамдарды көрдік:

Біраздан соң олар көбейе бастады:

Жүгірушілер легінің көптігі соншалық, ұзын көше бойымен түгелдей бір Алматы жүгіріп өткендей болды:

Қалалық флешмоб па, жаңа жыл қарсаңындағы дәстүр ме, түсінбедім. Арнайы аспаптар асынған музыканттар көшеде көп:

Либералдық идеологияны өзгерткен испан саясаткері Клаудио Мояна атындағы бульвар:

Испанияның ауылшаруашылық министрлігі:

Мұражайлар алтын үшбұрышының үшінші мұражайы - София патшайымының мұражайы. Жергілікті тұрғындар оны "Рейна" (Патшайым) дейді.

Бұл мұражайда Испанияның қазіргі таңдағы өнері мен көркем авангард туындылары қойылады. 1992 ж. Касон дель Буэн Ретиромен әкелінген Пикассоның атақты "Герника" туындысы бұл жерде Дали, Миро, Хуан Грис, Пабло Гарганьо, т.б. атақты шығармаларымен бәсекелеседі. Мұражайдың сыртқы келбеті өңделуде: архитектор Жан Нувельдің жұмысы.

Мәдени байып алған соң, біз асығып үйімізге қарай жүгірдік. Өйткені жаңа жыл да жақындап қалды. Естеріңізде болса, үйіміз Пуэрто дель Сольдің ортасында. Мадридтіктер жаңа жылды қарсы алу үшін дәл осы алаңға жиналады. Сол себепті біз барғанша дейін алаңды полицейлер қоршап алыпты, үйімізге әрең кірдік. Жолдан жүзім сатып алуды да ұмытпадық.

Не үшін десеңіздер, испандықтардың дәстүрі бойынша, сағат он екі соққанда олар жүзімді бір-бірден жеп, тілек айтады екен. Испанияда жүргеннен кейін, біз де одан қалыс қалмадық. Алаңның қасында тұрсақ та, үйден шығамыз дегенше, адам лық толып кетіпті. Әйтеуір қапылыста, жүзімімізді жеп, тілек айтып, жаңа жылды да қарсы алдық. Ары қарай қыдыру, көңіл көтеру...

Көше бойы қызық күтіп, шуласып жүрген адамдардың аяғының астынан мына жазуды көріп, жадырап сала бердім:

Дон Кихотсыз Испания Испания болар ма? :)

Көңілді жаңа жылдан кейін, келесі күні қаланың басты сәулеттерімен танысуды жалғастырдық. Palacio de Comunicaciones - Мадридтің ең танымал, 5 жұлдызды қонақүйі.

Тағы да бір мұражай - әскери-теңіз мұражайы.

Мына ғимарат 1831 ж. құрылған Испаниядағы ең үлкен фондтық биржа ғимараты. 2007 ж. есеп бойынша ондағы акция нарығының капитализациясы 1 276 трлн еуроны құрады.

Мынау Тәуелсіздік алаңы:

Оларда да "вечный огонь" бар екен:

Тәуелсіздік алаңының артымен жүре берсеңіз, қалалық Буэн-Ретиро паркіне тап боласыз. Оның ауданы 120 га. алады. Парктің алдында испан драматургі, 1922 ж. әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері Хасинто Бенавентеге арналған ескерткіш тұр:

Парк алғашында патшалар үшін салынып, 1632 ж. патшалардың ойын-сауық құратын жері болған. Тек кейіннен 1869 ж. жалпы халыққа ашылған.

Мадридтің ең атақты паркіне айналған Ретиро кезінде Габсбургтердің резиденциясы болған. Мұнда IV Филипп пен оның жақындары оқшауланып, дем алғанды жақсы көрген екен. Буэн Ретиро деген атау да содан шыққан: (исп."Buen Retiro") - игілікті оқшаулану дегенді білдіреді.

Неше күннен бері тыныш таппай қала аралаған денеміз паркке келіп, джаздың жағымды дауысын естіп, релакс тапты.

Өз-өзімізге "демалыс" жариялап, "Испания күнінің" астында біраз жатып дем алып алдық. Парк расында игілікті оқшаулану екен. Атмосферасы жайбарақат.

Мұнда үлкен көлдің жағасында XII Альфонстың құрметіне жасалған ескерткішті жағалай доғал колоннада салынған.

1907 ж. қойылған Арсенио Мартинес Кампостың ескерткіші. Куба колониясын бағындырған, Солтүстік Африкадағы Рифаның көтерілісшілерін басып, жеңген.

Парктің таза ауасы қарнымызды аштырып, түскі асты Веласкес Сарайының жанындағы кафеден іштік. Испандықтардың дәстүрлі асы - паэлья. Ол маған көптеген теңіз өнімдері қосылған, өзгеше қуырылған палауды есіме түсірді.

Өте дәмді. Сондай-ақ испандықтардың атақты тапасы. Яғни балық, ет, көкөністерден де жасалына беретін кішігірім жеңіл тамақтары.

Ретиро паркінің сөзсіз мақтанышы - атақты Рикардо Боско Веласкестің екі архитектуралық ғимараты. Бірі - Веласкес Сарайы.

Оны ағаш сарай деп те атайды. Бұл ғимаратты 1884 ж. тау-кен ісі мен металлургияға арналған көрмені қою үшін салған.

Ал екіншісі - тек қана әйнек пен темірден салынған Әйнек сарайы.

О баста ол испандық колониялары болып табылатын аралдардағы флора мен фаунаны көрсету үшін оранжерея ретінде тұрғызылған.

Парктен шыққанымызда, алдымыздан неоклассицизм стиліндегі монумент - Алькала қақпасы шықты.

Кешке қарай аралауымызды Мадридтегі ең атақты алаң Плаза де Майорда жалғастырдық. Мадридтік барокко стилінде жасалған алаңды архитектор Хуан Гомес де Мора салған.

Плаза Майордан батысқа қарай жүрсең, неоготика стиліндегі Альмуден Соборы бой көрсетеді.

Шіркеудің іші өте әдемі:

Және де ең соңғы сәулет өнері, монархтардың ресми резиденциясы - Патша сарайы.

Осымен біздің Мадридтегі тынымсыз 3,5 күніміз өтіп кетті. Түнгі автобусымызға асығып, Барселонаға жол тартып кеттік...


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles