Quantcast
Channel: Блог-платформа Your Vision
Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

«Би — менің кәсібім, наным, өмірім»

$
0
0

29 сәуір — Халықаралық Би Күні


Бұл дата француздық балетмейстер, теоретик пен балет өнерінің үлкен реформаторы Жан-Жорж Новеррдің туған күні құрметіне дүниеге келді. 1727-1810 ж.ж. өмір сүрген Новеррдің есімі тарихта «заманауи балеттің әкесі» ретінде қалған. Түрлі жанрлардағы бишілердің кәсіби мерекесінде біз әрине қазақ бишілерін сырт айналып кете алмадық. Алдарыңызға Мемлекеттік академиялық би театрының әртісі, биші әрі соңғы кезде музыкант ретінде танылып жүрген 21 жасар Ильзат Аухадиевтен алған сұхбатымызды ұсынамыз.


— Сәлем, Ильзат! Кәсіби мерекең құтты болсын! Биге қанша жасыңнан бастап әуестене бастадың?

— 8 жасымнан. Алдымен, анам мені мектебімнің жанындағы би үйірмесіне берді. Маған ол жер өте ұнап, 9 жасымда өз қалауыммен А.В. Селезнев атындағы хореографиялық училищеге сұрандым.

— Оқудағы ең қиыны не болды?

— Балет өнерін алсақ, басты қиындық — біздің менталитетімізде. Өйткені әрбір әке ұлының балет әртісі болуын қалай бермейді. Ал жалпы хореография жағынан қарастырсақ, онда физикалық қиындықтарға тап келеміз. Училищеде оқитын жастар үшін, негізгі сабақпен қоса, би сабақтарына да үлгеруге тура келеді. Әдетте онда сабақ таңғы 8-ден классикалық биден басталады. Түске дейін жалпыбілімдік пәндер оқып, түстен кешкі 8 не кейде 9-ға дейін қайтадан хореография сабақтарын аласың. Солай аптасына 5 күн өтеді, ал демалыс күндері мен онымен қоса Абай атындағы опера және балет театрында стажер ретінде жұмыс істедім. Оқуымның соңғы екі жылы демалыссыз өткіздім десем болады.

— Оқытуда қыздар мен жігіттер арасында айырмашылық бола ма?

— Жалпы балет өнері о бастан әйелдерге арналған. Ер адамдар болса, тек балериналардың партнері болды. Ешқандай соло, вариациялар билемеді. Алайда бәрі де В. Нижинский, В. Чабукиани, Р. Нуреев секілді бишілер пайда болғаннан бастап өзгерді. Ең басты айырмашылық — әрине қыздардың пуанты киетінінде. Сондай-ақ олар салмақтарына көп көңіл бөлуі керек.

— Би дегеніміз сен үшін не?

— Би — менің кәсібім, наным, өмірім. Мен 21-демін, оның 12 жылын мен балет өнеріне арнадым. Әрине ол мен үшін өте маңызды.

— Ал сен заманауи биге қалай қарайсың?

— Заманауи би билемеймін, алайда ұнатпаймын деп те айта алмаймын. Кез келген би өз-өзіңді көрсету ғой. Ал өз-өзіңді көрсету үшін батылдық керек. Бала кезімде жұрт алдында билеуге ұялған кездерім есімде, сол себепті өнердің кез келген түрі сый-құрметке ие деп ойлаймын.

— Ең алғаш рет сахнаға шыққаның есіңде ме?

— Әрине. Ол училищеде 3-жыл оқып жүрген кезімде опера балет театрында өтті. «Щелкунчик» қойылымында қалайы сарбаздарының рөлін сомдап, тышқан патшасының әскерімен соғысқанбыз. Естен кетпес әсер алдым.

— Қазірде қандай қойылымдарда өнер көрсетесің?

— Кордебалеттегі бүкіл қойылымдарда билеймін. Соло партияларым көп емес: «Жизель»-дегі граф Альбер партиясы, «Спящая Красавица»-дағы Көк құс пен Флорина ханшайымның па де десі, Париж Алауы балетінен па де де, сондай-ақ «Коппелия», «Щелкунчик», «Лебединое Озеро» қойылымдарындағы түрлі вариациялар.

— Соңғы кезде сен музыкамен айналыса бастадың, оған да балет әсер еткен шығар?

— Әрине, Айжан. Балет дегеніміз ең алдымен музыкалық өнер емес пе. Училищедегі болашақ әртістер 7 жыл бойы муызкалық сауаттарын ашады. Музыкалық есту қабілеттерін шындап, фортепианода ойнауды үйренеді. Сондай-ақ, мен — меломанмын. Ол мүмкін әкемнен дарыған шығар. Өйткені анамның айтуы бойынша, әкем жас кезінде музыка тыңдағанды жақсы көріп, сирек музыкалық композицияларды арнайы винилды пластинкаларда жинайды екен.

— Ал болашақта немен айналысқың келеді?

— Ол жағын уақыт көрсетер. Алайда екеуімен де айналысатын шығармын. Бірақ дәл қазір музыка мен үшін хобби. Олардан өзге кітап оқығанды, театрға баруды ұнатамын, фотография мен кинематографияға қызығамын. Жұмысымның тағы бір үлкен артықшылығы гастрольдерге көп шығатынымыздығында. Болашақта саяхатты да жұмысымнан бөлек хоббиге айналдырсам ба деймін.

— Кітап оқуды ұнатамын дедің, сүйікті кітаптарың және тыңдайтын музыкаңмен бөліссең?

— Көбінесе классика: М.Ф. Достоевский: «Қылмыс пен Жаза», " Идиот«, Н. А. Островский «Как закалялась сталь», М.Ю. Лермонтов «Демон», Н. В. Гоголь «Өлі жандар», А.С. Пушкин: «Евгений Онегин», «Пиковая Дама», Ш. Айтматов: «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Шыңғысханның ақ бұлты» , «Жанпида», т.б. Музыка жағы әр түрлі: 70-жылдардағы фанк, соул, ритм энд блюзден бастап, заманауи электронды, хип-хоп, джаз, классикаға дейін.

— Әр мамандықтың өз қиындықтары болады, балет әртісі болудың көрерменге көріне бермейтін қандай қиын тұстары бар?

— Меніңше, біздің мамандық қауіпті болып саналады. Өйткені қойылым не репетиция кезінде түрлі жарақатқа кезігуің мүмкін. Екіншіден, біздің елде мәдениет саласында қызмет ететін адамдар еңбегін бағалауда, ақысын төлеуде қиындықтар бар. Көптеген елдерде балет әртісінің зейнетке шығу жасы 38-40 деп көрсетілген, ал бізде ол жалпы 63-65 болып қала береді.

— Еліміздегі балетмейстерлерден кімді бөліп айтар едің?

— Қазірде бірге жұмыс істеу бақыты бұйырған Болат Ғазизұлы Аюхановты айтар едім. Ол бүкіл өмірін балет өнеріне арнап, көпшілік көрермен арасында оның танымалдылығын арттырып жүрген бірден-бір отандық балетмейстер.

— Және де соңғы сұрақ: қыздармен танысу кезінде сенің балет әртісі екеніңді білгенде олардың реакциялары әдетте қандай болады?

— Қазақстанда сирек кездесетін құбылыс болғанымыздан, әдетте олар маған басқа планетадан келгенімдей қарайды (күліп).

Cұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева


Viewing all articles
Browse latest Browse all 18101

Trending Articles