Өзіміздің кең-байтақ жерімізде о дүниеге аттанған адамды жерлейтін бір уыс топырақ қалмағаны ма? Ата-бабадан ғасырлар бойы келе жатқан салт-сананың лайлануына кімдер кінәлі, мәңгүрттіктің індетіне шалынған ұрпақтың ертеңгі өмірі не болмақ?
Әр кез бұл спектакльді көрген соң осындай сұрақтарға жауап іздеп, бей-маза күйге түсемін. Сөз етіп отырғаным Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық драма театрының репертуарынан орын алған Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасы. Қоюшы режиссері — КСРО Халық артисі, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, марқұм Әзірбайжан Мәмбетов. Аталмыш театрда премьерасы 2003 жылы өтті, содан бері сахнадан түспей келе жатқан туынды (алғаш рет Е.Вахтангов атындағы Мәскеу театрында сахналанды, Едігені — М.Ульянов, Сәбитжанды — А.Семаков кескіндеді).
Айтар ойы мардымды, тәлім-тәрбиелік мәні зор. Еліне, жеріне деген сүйіспеншілік, адамгершілік, ұлттық болмысты сақтап қалу, түп-тамырымызды, әдет-ғұрпымызды келешекке насихаттау сынды маңызды мәселелерді қозғайды. Режиссер бұл спектакльге өзіндік ерекшелік енгізгенін айта кеткен жөн. Ол уақытты үш шақта қарастырған. Басты кейіпкер — өмір теңізінде көрген-білгенінің барлығын бізге баяндау арқылы көрермендермен байланыс ұстап тұрушы. Найман-Ана образы өткен күннің елесі, Кеңестік кезең ортаңғы мезетті, ал Едігенің мұң шағуы болашақты меңзейтіндей.
Дінсіз, ділсіз ұрпақ бар байлығынан, көнелерден келе жатқан мирасынан айырылып бара жатыр. Олардың осыншалық қатыгез, намыссыз, жігерсіз болуының себебін көрсетілім барысында іздемек боламыз. Бірде жуан-жуандарды кінәлап, енді бірде қылышынан қан тамған Сталинге кінә артамыз. Орыс езгісінің әсері бүгінгі тәуелсіз жастардан неге әлі де көрініс табады екен? Туған тілінде сөйлеуге арланатын «мәңгүрттік орта» қашанға дейін сайран салмағы белгісіз.
Спектакль бұрынғы майдангер, қазір қарапайым теміржолшы Едігенің өмірде көрген-білгендерін баяндаудан тұрады. 44 жыл бойы теміржолда аянбай еңбек еткен, қартайғанда балаларының қамқорлығынсыз қалып, жалғыздықта көз жұмған досы Қазанғапты жерлемек. Досына берген аманатты орындау кезінде Едіге талай дүниені ой елегінен өткізеді. Осы сапарға біз де бірге барамыз. Шымылдық ашыла салысымен сахна суретшісі — Дәулет Доспаевтың еңбегі назарымызды бұрады. Поезд, темір жол, бағдаршам көрінісі көрерменнің қойылымға енуіне өз септігін тигізетіні анық. Техникалық топ жарық берумен, будақтатып түтін шығарумен, музыкамен сүйемелдеуде жақсы жұмыс жасағаны байқалады.
Актерлердің ойын ерекшілігіне тоқтап өтетін болсам, Едігені кейіптеуші Болат Ыбыраев өзіме ұнады. Актердің образға енгені, кейіпкерін зерттегені, ізденісі ойын барысында көрініп-ақ тұрды. Шынымен жақсылықтан күдерін, жастардан үмітін үзгені сезілді. Болып жатқан келеңсіздіктер, досын жерлемек болғанда жолында кезіккен кедергілер оның жанын жегідей жейді. Ызаланып, тулап көпшілікке мұңын шағады. Өмірдің таяғы, тағдырдың талқысы көп болса-дағы адамгершілігінен арылмаған азамат екенін, антына беріктігін дәлелдейді.
Қоршаған адамдарының арасындағы қатыгездікке налып, монолог оқитын жері өте әсерлі әрі шынайы. «Тіпті Құдайдың өзі болып жатқан сұмдықты көріп, адамдардан алшақтады, енді бізде құдай жоқ» — деп жан ұшыра айқайлап, балаша еңкілдеп жылағаны Болат Ыбыраевтың шеберлігін, шынайылығын аңғартса керек. Өкінішке қарай, барлық актер өз образын танып-білмеген. Айзаданы бейнелеген Гүлбаршын Қылышбай жасандылыққа жол берді, Найман-Ананы ойнаған Айман Аймағамбет те сол қателікке ұрынды деген әсерде қалдым. Зардың, егілудің орнына бос айқай басым болғаны байқалды.
Көрерменді елітіп, ұсқынсыз болып, шынайы ойынымен тәнті еткен Сәбитжанды бейнелеген Жанқалдыбек Төленбаев. Спектакльде ол нағыз мәңгүрттіктің символы. Жалғыз әкесінің қазасы да оның тас боп қатып қалған жүрегін жібіте алмады. Мейірім-шапағаттан кенде бейшара өзінің болмысын жоғалтқан. Өзінің кім екенін де түсіне білмейді. Қарын үшін барын беретін, ардан жұрдай — мәңгүрт.
«Ғасырдан да ұзақ күн» деп аталатын бұл спектакль есті адамға әсер етері сөзсіз. Алайда бүгінгі күні де арамызда ондай жастар лек-легімен жүргені жасырын емес. Оған дәлел менің жаныма жайғасқан қайсібір қазақтың жас жеткіншектерінің: «түк те түсінбедік, қойылым өзі не туралы» — деп спектакльге дұрыс баға бермеуі. Ал, шынына келсек, «Мәңгүрттік» туралы туындыны тек мәңгүрттер ғана түсіне алмас деп білемін...
Ләмбек Гүлназ
Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің
2 курс студенті,
Астана қ.