Өткен аптада интернет кеңістігін дүр сілкіндірген жырау, Бекболат Тілеухан ағамыздың шырайлы Шымкент жұртшылығы жайында сан мыңдаған өсек-аяңның, орынсыз әзіл-қалжыңның астарында қандай саяси ойындардың жатқаны жайлы баяндаған 8 минуттық болса да 16 миллион халықпен бірге, әлем қазақтарының пайдасына жарайтын бейнежолдауы жарық көрді. «Жерге деген жиіркеніштен, тарихыңа деген жиіркеніш туғызасың» деген мазмұнда басталған насихат әңгіме талай қазақ баласының жүрегін де, санасын да баурап алып үлгерді.
Ақпараттық соғыстан біз секілді әлсіз мемлекет аз соққы жеген жоқ. Әлі де болса әлсізбіз, әрі есепсіз шабуылдар күнделікті жасалып жатыр. Маска бүркеніп, жүзін жасырған топтар қазақтың намысын қорлағысы келіп, тұтастығы мен ынтымағынан айыру үшін біресе Қарағанды өлкесін гейлер мен лесбиандардың ошағы ретінде көрсетті. Одан бұрынғы оқиғаларға тоқталатын болсақ, «Маңғыстау жұртшылығы бөлек мемлекет құрғалы жатыр» деп тағы да ылаң тастағандары бар. Қазір еліміздегі орыс тілді ақпараттық порталдар қаймағы бұзылмай келген Семей өңірі жайлы жайсыз жаңалықтарды жан-жақтан жазып, Абайдай алыптар туған елдің берекесін кетірді. Әйтпесе олар Құнанбайдай кемеңгер ақсақалымыздың ауылын бекерден бекер нысанаға алсын ба?.. Одан келіп «Чимкентский» феномені туралы шикі шуткаларға көшті. Мен осындай тірліктердің барлығы нендей мақсатпен, кімдердің тарапынан жасалып жатқаны қайсыбір қазақ азаматының болса да санасына белгісіздік сұрағын әкелмейді деп білемін.
Айтары жоқ, айналып келгенде бәріміз туысқан бауыр - бір атадан өрбіген ұрпақтар, туыстас, бауырлас адамбыз. Ақтөбенің, Атыраудың қазағы да бір туғаным. Семейдің қазағы да жан бауырым. Теміртау, Талдықорғанның жұртшылығы да туысқаным. Демек, Алаш жұртының бір-бірінен ажырамас қасиеті риясыз махаббаттан келіп шығады екен.
Бекболат ағамыздың бұл бейнежолдауы бөтендерге қуаты күшті қару, тентектерге таяқ, пендешілік жасап жүрген көпшілікке салиқалы сабақ болды.
Қорытынды сөз.
Бұрын жеке блог жүргізуі себепті тұщымды ой жаза білетін қазақ блогерлерінің қатарынан көрінген жырау ағамыздың оқырмандары да көп болатын. Ендігі кезекте ресми сайты ашылды. Ол шығармашылық дүние болсын, басқа болсын, Қазақия халқы зиялы қауым өкілдерінен әлі де болса Қазақияға пайдалы дүниелер күтеді деп ойлаймын.